ӘдебиетМәдениетРуханият

БАҚТЫГҮЛ АУДАНОВА: ТАҒДЫРДЫҢ ӨЗІ ТӘРБИЕШІ

  1. Бақтыгүл Ауданова — проза саласына қосылып келе жатқан талантты қаламгердің бірі. Әрқашан ізденіс үстінде жүретін оның бұл күнде «Пейіштің самалы», «Ай толғатып жатқанда» атты әңгімелер жинағы шығып, оқырмандарының ыстық ықыласына бөленді. Қай әңгімесін оқысаңыз да бірден өзіне тартып әкетеді. Өмір иірімдерін шебер көрсете білетін Бақтыгүлдің әңгімелері осынысымен де оқырманын өзіне баурайды.
    Бүгін жас жазушыдан алған сұхбатымыз бен «Бөтен» атты әңгімесін ұсынып отырмыз.

 

1. Мен кіммін және қайда барамын деп ойланып көрдің бе?

Мен кіммін? Айтылуы жеңіл болғанымен, жауабы ауыр, салмағы тіпті зіл батпан сұрақ екен.
Құдайдың алдында жәй ғана бір пендемін. Ғаламның алдында тозаңмын. Табиғатқа биологиялық материал ғанамын. Өзімді қоршаған әлеуметке бәлкім жақсымын, бәлкім жаманмын. Балаларыма «бүкіл әлем» екенімді ойласам, өзімді жер шары тәрізді сезінемін.
Шығыстан туып, батысқа еңкейетін күн тәрізді адам да тал бесіктен шығып, жер бесікке қарай аяңдайды. Осы бесіктен бейітке дейінгі аралықтағы ғұмырың сенің кім екеніңнің айқын жауабы.
Уақыттың жылдамдығын әлденене үлгермей жатқанда ғана сезінеміз, қадірін қартайғанда білерміз. Жас кезде өмір өтпейтіндей болып көрінетін.Бейне алда әлі ұзақ жол жатқан секілді еді. Қазір ондай сезімдерден адамыз. «Қайда барамын?» деген ой келеді. Алланың бермегенін тартып алатын пиғыл да, қабілет те жоқ екен менде. Сол себепті де «осы мен қайда бара жатырмын?» деп қатты қиналмаймын. «Менің өмірім — Алланың әмірі» деп білемін.

2. Шығармашылықпен айналысуыңа не әсер етті?

“Құдайсыз қурай да сынбайды» дегенге сенетін қазақпыз ғой. Бұл құдайдың маңдайға жазған тағдыры болар. Ал, егер бүгінгілердей «адам өз тағдырын өзі жасайды» дегенге салсақ, онда бала кездегі оқыған кітаптарымның әсер еткені. Тоғыз-он жасымда Асхад Мұхтордың «Әлем балалары» деген жұқа бір кітабы қолыма тиді. Бас алмай, қызыға оқып шықтым және жадымда жатталып қалған да, бала көңіліме ұнаған да, алғаш ойлантып-толғантқан да осы кітап болды. Әдебиетке келуіме осы кітаптың да үлесі болған шығар. Адамды әдебиет тәрбиелейтінін осы кітаптан ұқтым. 

3. Өзіңе қай шығармаң ерекше ұнайды? Неліктен?

Виктор Гюгодан » Ең мықты шығармаңыз қайсы? » деп сұрағанда Ұлы жазушы: «Ең мықты шығармам — әлі жазылмаған шығармам» деп жауап берген екен. Мен Гюго емеспін. Адамның «болдым» деуі ақылсыздығы, ақынның «толдым» деуі — тоқырауы. Шығармашылық та өмір секілді белестер мен күрестерден тұрады. Әлі өз сөзімді толық жаза алған жоқпын деп ойлаймын. 

4. Ұстазың бар ма? Кімді үлгі тұтасың?

Тағдырдың өзі тәрбиеші, өмірдің өзі ұстаз. Жазғандарым — көргендерім мен түйгендерім. Әрине, ақылын айтып, жөн сілтеп, жол көрсетіп жүрген аға-әпкелерім мол.
Алдымен Аллаға, сонан соң:
«Өзіңе сен өзіңді алып шығар
Ақылың мен еңбегің екі жақтап»- деген Абайдың екі ауыз сөзіне иек артып келемін.
5. Алға қойған мақсатың орындалып келе ме?  

Мақсат — ойға серпін, бойға жігер дарытушы күш. Шынайы мақсатсыз адам баласы қол созған арманға да, жаны қалаған жетістікке де жете алмасы анық. Мақсатқа жету жолы алдымен ізгі ниетті, қатаң талапты, тынымсыз еңбекті қажет етеді. Бірақ, солай екен деп жан қинап, жұртпен жарысуға жаным қас. Өмірдегі басты мақсатым — адам боп қалу. Жәнібек Кәрменовтың» Адам боп келдім өмірге,
Адам боп кету — арманым» деп жырлағанындай адамда адам болудан басқа қандай мақсаттың болмағы керек.
6. Бақыт деп нені түсінесің? Бақыт дегеннің әлдебір теңеуі мен таразысы, формуласы мен ережесі болатын болса, әлемнің талай сырын ашқан адам баласы ендігі оны да жіліктей жүйелеп, жолы мен жөнін жазып-ақ тастар еді. «Қанағат — ең жақсы қасиет» деп бағалайтын халқымыздың танымына сүйенсек, адамның өмірге келуінің өзі бақыт. Ал, қалғанын ниетіңе байланысты Құдай берер. Ақыл-есіңді дұрыс, он екі мүшеңді сау қып жаратқан Жаратқаннан одан артығын сұрау — күпірлік. 

«Біздің жеке басымыз — бақ, ал ерік-жігеріміз оның бағбаны» дейді В.Шекспир. Расында, есік алдындағы бақты өсіру үшін де жақсы бағбан болуыңыз керек. Бақытты болу үшін өз өміріңіздің мықты бағбаны болуға тиіссіз.

7. Өзіңнен кейінгі жастарға көңілің тола ма?
Адамды өмір сүруге жетелейтін бір ғана нәрсе бар. Ол — сенім! Жастарға сену дегеніміз — ертеңгі күнге сену. Менің ертеңіміздің бұдан да жарқын болатынына сенгім келеді!

8.Баланы жақсылыққа тәрбиелеудің негізгі тетігі неде деп ойлайсың?

 «Жақсылыққа үлгі көрсетіп жетпесе, уағыз айтып жету қиын» дейді Сенека. Үйде ата-ана, ортада қоғам жас буынға үлгі болу керек. Бала үшін ең мықты мектеп — ол отбасы. Отбасында алған тәрбиені ешбір мектеп бере алмайды. Адамды тәрбиелеудің негізгі тетігі ұлттық құндылықтар. Өресі ұлттық құндылықтармен кодталған бала ешқашан қағынан жеріп кетпейді. 

9. Күнделікті  жоспармен жүрген дұрыс па әлде өмір ағынына ілескен жөн бе?  

 «Үйдегі нарықты базардағы баға бұзады» демекші, кейде сенің жоспарыңды өмір айдынының адуын толқыны күл парша етеді. Әйтпесе, қай қайсысымыз да өз қағидамызбен өмір сүргіміз келері анық. Оған өмір болдыра ма?..
Соған қарамай, ағысқа қарсы жүзу тек мықтылардың ғана үлесі. Қатып қалған қағидаға мойынсұнумен өмір өткізу — жәй ғана тіршілік кешу. Күшсіз адамның ағынға қарсы жүзе алмайтыны сияқты, жоспарсыз адам да өмірмен күресе алмайды. Жоспарлы әр қадам — жетіктікке жеткізетін бір саты.

Сұхбатты жүргізген Базаркүл ҚАЛБЫР.

***     ***     ***     ***     ***

                   БӨТЕН

                  (Әңгіме)

Нәзігүл! Әй, Нәзігүл! Саңырау болып қалғанба, немене?! Осы-ақ омалып үйден шықпайды. Нәзігүл!

Темірге жетпеген ашуын әйелінен алардай Қәбдешөршелене айғайлады. Үй жақ тым-тырыс. Мұның даусына шулап ойнап жатқан балалары ғана қайырылып қарады.

– Шақыр шешелеріңді! Өліп қалған ба?

Жүгіре үйге кірген қызының арғы жағынан әйелі көрінді. Халатының етегі желп-желп етіп сүріне-қабына жетті.

– Немене естімейсің бе? Көтер мынаны!

– Ойбай-ау, қалай көтеремін? Ауыр ғой…

– Өлмейсің!

Әйелінің тыраштана ышқынғаны бетер жынын қоздырды.

– Көршілерді шақырсайшы. Еркектер көтермесе, мен…

– Былшылдамай көтер!

«Өзі бір күн демалыста да осы үйде тыным жоқ. Бір жұмыс дайын тұрады» деп іштей кіжінген Қәбдеш үсті-басын қағып, үйге кіріп жатқаны сол әйелінің тағы жетіп келгені.

– Кішкене демалып алған соң ағаштардың төбесін қиып шықсаң дұрыс болар еді. Әйтпесе бойға кетіп, жеміс бермей қояды.

– Сен не бітіресің ә, үйде?! Мен саған қолбаламын ба? Үндемесем жұмсап, құтырайын депсің!

– Қолымнан келсе жалынбас ем ғой…

Алдында кібіртіктеген әйелі бөлмеден шығып кетуге ыңғайланды.

– Осы әйел деген айтқанын істесең төбеңе шығады. Ананы істе, мынаны істе деп жұмсауын қара мұның. – Қәбдеш көпке дейін кіжініп жатты.

Сол күні кешкі ас та көңілсіз ішілді. Әке-шешесінің көңіл-күйі болмаса бала қайдан жадырай қойсын? Қәбдештің қабағынан балалары да ығады. Оны білетін Қәбдеш жоқ. Балаларының тымпиып отқанын ежелден Нәзігүлден көреді. «Балаларға да мені жаман атты қып біткен осы қатын» деген ой санасына келуі сол екен, алдындағы табақты ысырып тастап сыртқа беттеді.

Қайта кіргенде Нәзігүл теріс қарап пысылдап ыдыс жуып тұр екен. «Желкесінен бір қойса ғой!»

Қәбдеш ызалы жұдырығын түйді. Мұның келгенін сезген әйелі көзінің шарасын білегімен сүртті.

– Неменеге пысылдап тұрсың?

– …

Тағы үнсіз. Жұрттың қатынына ұқсап бажылдаса ғой, «ә» дегенде «мә» деп сөз қайтарса ғой. Бір-екі жұдырықтап, айызын қандырып алатын. Бұл үндемей күйдіреді ғой. Зымиян. Сөйтіп, тағы Қәбдешті «үндемесе де ұрады» дегізіп, елге жаман атты қылады.

Қәбдештің кәлләсін шыр айналдырған алуан ой оны төсекке сүйреді. Төсегі салынып қойыпты. «Әй, бұл да қу. Ашулансам әр нәрседен ілік іздеп, тиісетінімді біліп, қарашы бәрін дайындап қойғанын»

Қәбдеш шынында да тиісуге қара таппады.Шаруасын бітіріп, жанына кеп жайғасқан әйелін ұйқысырап жатқандай аяғынан бір тепті. Білегінен шымшып, желкесінен қысты. Әйелінде үн жоқ.

Балалар сәл ес білген соң бұрыңғыдай сабай да алмайды екенсің. Жас күні болса әй, басқаша болар еді-ау…

Әй, сонда да осы Нәзігүл жұрттың қатынына ұқсап айқайлап, үй айналып қашқан емес. Үнсіз жылап, көзінің жасын көлдетіп қана қоятын. Мұны Қәбдеш өзінің мықтылығына балайтын. Әйелдің үнін шығармай ұстау әр еркектің қолына келе бермейді деп ойлайтын. Өзі де талай құрдасының әйелі кеткенде, татуластыру үшін екі ортада елшілікте жүрді. Сабап алып, жалынып кешірім сұрайтын құрдастарына іштей талай күлген де. Құдай оңдап өз басына ондай күн тумапты. Әйелі айқайламақ түгілі, қарсы ауыз сөз айтпайды. Өзін сыйлату деген міне осы! Мықтылық деген міне осы! Еркектің құдіреті деген міне осы! Бұл мықтылық қана емес – ақылдылық! Ақылмен басқару!Әйтпесе, әйел дегенде ақыл болушы ма еді. Әйелдеақыл болса, дана бабаларымыз «Әйелдің шашыұзын, ақылы қысқа» деп айтпас еді ғой.

Осы ойлар санасынан кешіп жатып ұйықтап кетіпті.

– Жұмысыңа бармайсың ба?

Нәзігүлдің түртпектегенінен оянды. Ашуының тарқамағанын білдіргісі келгендей көрпені сілкіп тастап, сыртқа беттеді. Үлкені бұзау сүйреп жүр екен. Әлде, бұзау оны сүйреп жүр ме?

– Ойбүй, ана бұзау ана балаға әл бермей жатыр.

– Әл бермесе, барсай, нағып тұрсың!?

Дүрсе қоя берді. Нәзігүл қабына жүгірді.

– Жөндеп байламайсыңдар ма? Істеріңнің бәрі шала! Бір бұзауға ие бола алмай.

Айқайлады. Оны естіп жатқан ешкім жоқ. Нәзігүл мен ұлы тыртық бұзауды тартып, тырбаңдап әуре. Таңертеңнен тағы ашуландырғандарына ызаланып кетуге асықты.

– Шәй ішпейсің бе?

Тіпті, үндемей кетуге мүмкіндік бермеген әйелінің дауысы ызасын келтірді. Өзі тұрмақ, сөйлеген сөзі де ұнамай қалған.

– Өзің іш-ш-ш, – деді тісінің арасымен сызданып. – Ішпеймін. Сенің шәйіңді ішкім де келмейді. Өзің іш те, омалып отыра бер. Былжырап… Кемпірқұсап…

Әйелінің иығынан ұстап сілкіп-сілкіп қалды. Нәзігүлдің жанарына тағы жас үйіріліп шыға келді. Одан да сөз шықса ғой, мына мылқау денеден.

– Үндемей құтыласың, әйтеуір. Менің сөзім бір тиын ба, саған?! Неменеге жылайсың?! Мен саған бірдеңе дедім ба? Айтсай, не? Не?!

– …

– Көз жасыңмен қорқытпа мені, естідің бе?! Сенің өзің де, көз жасың да мен үшін елу тиын!..

Бар ашуын қақпадан алғандай, есікті тарс еткізіп жапты. Қақпаның дауысы әлден уақытқа дейін ауада дыңылдап тұрды. «Темірден де дауыс шығады, ал одан…»

Жол бойы Қәбдеш әйелінің дауыс көтеріп, жауап бермейтіні үшін алдымен ызаланды. Әдейі, ерегесіп үндемейтінге балады. Кейіннен сабасына түсіп, тәубә етті. Осы әдетінен шығар үй болып отырғандары. Әйтпесе, не ажырасып кетер еді, не мына мінезімен Нәзігүлді әлдеқашан өлтіріп қойған болар еді. Мінезсіз еркек – еркек пе тәйірі?! Өзінің осы мінезіне өзі риза. Құрдастарын көріп жүр ғой, қатынынан аса алмай отқан.

Жұмысына демалып емес, жау шауып қайтқандайшалдығып келді.

– Өй, шаршаусың ғой, – деп қарсы алды әріптес ағасы.

– Е, сол үйдің тірлігі шаршатып.

– Өз шаңырағыңа сіңірген еңбек адамға рахат сыйлау керек қой. Мен де сол бір күн демалыста бау-бақшаны күзеп, шарбақты түзеп. Біздің үйдегі жеңгең де бір тынбай қалған адам ғой. Өзі де отырмайды, өзгеге де тыныштық бермейді. Содан жер аударып, ағаш әктеп, екеулеп гүл егіп...

– Тәйірі, қатынның жұмысын қабаттасып істегеніненесіне тасып отыр? – деп ойлады іштей Қәбдеш әріптесінің әңгімесін жақтырмай. Қатынынан шыға алмайды деген осы шығар. Бірге істедік деп қояды ғой. Осындай қатынжанды еркексымақтардың кесірінен ғой қоғамның бұзылып бара жатқаны. Еркек деген тек түзден тамақ тауып келетін қыран ғой. Үйдің шаруасын әйел бітірмесе несіне отыр үйде?

– Білесің бе Қәбдеш, әйел деген өте нәзік жаратылыс иесі. Денсаулығын сақта. Жеңгең деген денсаулығын өзі сақтай алмады ма, әлде біз сақтауға жағдай жасай алмадық па, осы күні өте аурушаң. Сәл нәрсеге қан қысымы көтеріліп кетеді. Ондайда өліп қала ма деп қорқамын. Қазақ «орта жолда атың өлмесін, орта жаста қатының өлмесін» деп бекер айтпаған. Орта жасқа келгенде жолдасыңды алмасын. Ол өте қиын. Басына түскен құрдастарымды көріп жүрмін ғой. Шәй-тамағыңды ғой келін-балаң алдыңа тосар. Бірақ, қасыңда қарайып отыратын қара кемпірің болғанға ештеңе жетпейді...

Қәбдеш алдындағы қағазына шұқшиып, әріптес ағасының әңгімесін шала тыңдап отқанда түс те ауып қалыпты. Кеше кешкісін тамақ жемеген, таңғысын тағы түк татпап еді. Қарны ашып, ішіндегі жыланы жалаңдай бастапты. Әріптесі екеуі төмендегі асханаға түсіп, екі самса мен екі бокал шәй ішіп жан шақырды.

Қолы босай сала телефонға үңілетін әдеті. Шиқылдап түсіп жатқан хабарламалардың ішінен әйелін іздеді. Әдетте мұндай кезде жұбайының «кешкіге қандай тамақ жасайын?» деген сұрағы келіп тұратын. Бұл сүйген асын салып жіберетін. Бұл жолы тым-тырыс. Ештеңе келмепті. «Қырсығып қалған ғой» деп бағалады мұны. «Ренжіп қалған ғой. Қайда барады, әлі кешке дейін бір-екі сағат уақыт бар, жазады ғой» деген сенім көңілін жәйландырды. Сонда да, әр хабарлама келген сайын «Нәзігүл ма екен?» деп қайта-қайтателефонға үңілді.

Еркек адамға екі самса не болсын, көңіл хош мантыны аңсады. Мұрнына бұрқырап әлдеқайдан ыстық мантының иісі келді. Жалма жан телефонын қолына алып, Нәзігүлге «кешкіге манты пісірші» деп жазды да, ойланып тұрып, өшіріп тастады. «Қу тамақ үшін жалынғандай болып не көрінді? Еркек емеспін бе?! Ашуымды басу үшін өзі де бір дәмді тамақ пісіретін әдеті ғой. Пісірмесінші, көріп алайын…»

Сонда да кешке дейін алаң көңілі әр хабарламадан Нәзігүлдің хатын іздеді. Мұндай әдеті жоқ еді. Тіпті, қанша жерден таяқ жесе де, әдетінен жаңылған емес еді, Нәзігүл. Сонда да мұның жағдайын жасап, айтқанын істейтін. Енді не болып қалды екен? Қол көтерген жоқ еді ғой. Әлде сілкіп қалғанына тырысып қалды ма? Әлде айқан сөздеріне өкпеледі ме екен?

Қәбдеш қанша жерден не болғанын білмекке үйіне асыққанымен бір қырсықтық оның аяғын аттатпады. Кеш қарауытқанша кабинетінен шыға алмай сан ойдың құшағында қалды. Ымырт үйірілгенде амалсыз үйге беттеді. Нәзігүл әдеттегідей ас үйде тымпыңдап жүр екен. «Е, содан басқа қолынан не келеді?» болды Қәбдештің алғашқы ойы. «Қырсығып жүргені ғой маған, ақымақ қатын».

Киімін ауыстырып, дастарқан басына жайғасқан. Нәзігүл үнсіз жүріп тамағын алып келді. Алдына келген кесені көріп-ақ көңілі қайта түсіп кетті. Көңілі хош иісті мантыны аңсап келгенде, мына сылдыр суы несі?

– Әкешім!

Қуана келіп мойнына асылған қызы бар ашуын ұмыттырып жіберді.

– Қуыршағым, қызым. Кел тамақ жейміз.

Көңіл күйі лезде көтерілген Қәбдеш қалайы қасықты қолына алды.

– Мен жемеймін. Қарным тоқ.

– Не жеп тойдың?

– Манты жедім.

– Манты?..

– Иә. Түсте анам манты пісірді. Қалғанын жаңа жедік.

Қалайы қасықтың даусы қатты шықты. Оған сорпаның шылп еткені қосылды.

Бедірейе Нәзігүлге қарады. «Бұл қалай?» деген сұрақты жанары Нәзігүлге қадалды. Алғашында үрке қараған Нәзігүлдің жанарынан бірте-бірте «бұл солай!» деген тегеурінді жазуды оқығандай болды. Ызбар шаша жанарын айырмаған Қәбдештің ішкі дүниесі енді әлсіреп бара жатты. Аузымен айтып жатпай-ақ, жарының жанарынан «менің құным елу тиын болса, бұдан былай сенің құның бір тиын» деген сөзді оқығандай болды. Оқыды да тұла бойының дірілін баса алмай сыртқа беттеді. Өзінің аяқасты әлсіздігіне күйінгендей есік аузында қос жұдырығын түйіп бір сәт тұрды.

«Бір ұрсам ба екен?!»

Көз алдына балалары келді.

Өзінің дәрменсіздігіне шыдамаған тамырлары бір ісініп, бір кеуіп аулаға беттеді. Жұмылған жұдырығының ақысын гүлдеп тұрған алманың діңінен алды.

Әлем азан-қазан болып кеткендей. Көз алдынан Нәзігүлдің ызалы жанары кетпей қойды. Мына жанар қашан пайда болған оған? Құдай-ау, сондай нәзік, сондай аялы жанар емес пе еді ол. Ол күлгенде бүкіл әлем құлпырып кетпейтін бе еді? Иә, айтпақшы соңғы рет қашан күліп еді Нәзігүл? Есіне түсіре алмады. Қашан қуанып еді? Қашан қуантып еді өзі? Құдай-ау, әр күні бұрқ-сарқ ашумен өтіп жатыр екен-ау. Боларға да, болмасқа да тиісетін өзі ма сонда? Нәзігүл ше? Оған не болған? Қасына жатқаны болмаса, соңғы рет қашан бір-біріне аптыққандарын, ынтыққандарын ұмытыпты. Тіпті, бірге отырып әңгіме де айтпайды екен-ау.

Қәбдеш күйіне үйге қарай көз тастады. Ұрысып тұрғандары бір бұл емес қой. Бұдан бетер жойқын ұрыстар да болған. Соның бәрінде сыртқа кеткен Қәбдештің ізінен келіп, түсінісуге тырысатын Нәзігүлдің бұл жолы үйден шықпай отырғаны тағы ойландырды. Қанша жерден таяқ жесе де мұның бауырына келіп тығылып жылайтын Нәзігүл қайда? «Өлсең өме қап» деп отыр ма? Неге? Соншалықты қадірінің қашқаны ма Қәбдештің? Сонда… Сонда еркек боп қадірімді арттырамын деп жүргенде құны «бір теңгелік» біреу болып қалғаны ма?

Нәзігүл қашаннан бері өзгерді? Мына үйдің тұрысын қарашы. Осының бәрін таптай қып, өзі сырлап, өзі майлап отыратын Нәзігүл қайда? Неге үйге қарамай қойған? Ердің ісі, әйелдің ісі демей-ақ бәрін жасаушы еді ғой. Үйді жөндемей жүргеніне де екі жылдай болыпты. Сықырлаған есік, сырланбаған терезе, әктелмеген қабырға айғыз-ыйғыз боп кейпі кетіпті. Пештің маңдайы түсіп, жаны жарылып, қысымен түтеп шыққанда да осы Нәзігүл бір сылаған жоқ. Неге? Бұрын аппақ жұмыртқадай қып қайта-қайта пеш әктей беретін әдеті қайда? Шөп басқан аула, шаң басқан үй…

Малдың да, бақшаның да, үйдің де үдесінен шығып отыратын еді ғой баяғыда Нәзігүл. Енді кеп сылбыр, болбыр бір қатын болып қалғаны несі? Ешкіммен араласпай қойғаны анау. Ертең өлетін адамдай жанарының оты өшіп жүргені мынау.

Бәрін алдына түсіп, мыңқ етпей істей беретінкөнбіс қатынның мына бүлінгені қай сасқаны? Әлде, әлдебір жерде әлсіздік қылды ма? Жо-жоқ. Әлсіздік көрсеткен тұсы жоқ. Қатесін қаттап айтып, кемшілігін көзіне шұқшитып, артық сөйлесе аяғын аспаннан келтіріп отырды ғой үнемі. Сөзден қалған жері жоқ. Нәзігүлдің бір сөзіне мұның он сөзі қарсы шыққанда, Нәзекең сөз таппай үнсіз қалатыны қайда? Содан кейін емес пе, бұл ашу шақырғанда тіл қатпайтыны?

Қолына ақша беріп құтыртқан жері тағы жоқ. Ақша шашпақ түгілі, шөлден өліп кетсе де көшеге шыққанда рұқсатсыз қара су алып ішпейтінін жақсы біледі. Сонда қателікті қай жерде жіберді?Аузымен айта алмағанды қатынының жаңа ғана жанарымен жетер жеріне жеткізіп тастағанын неге балауға болады?

Жоңышқаның үстіне жата кетті. Төңкерілген аспан тұп-тұнық. Самсаған жұлдыздар «осы саған не жетпейді?» дегендей қылмыңдайды. Балалар жататын бөлменің жарығы сөнді. Нәзігүлді «енді келер» деген үміті ұзаққа созылды. Бау ішіндегі маужыраған тыныштық ұйқы шақырды. Нәзігүл келмеді. «Қадірімнің кеткені ма?» деген ой Қәбдештің тұла бойын құлазытып жіберді. «Сонда асылып өлсем де оған бәрібір болғаны ғой. Бәрібір ме? Неге келіп «Қәбдеш-ау, ашуыңды басшы. Үйге жүр, жатып дем ал. Ертең жұмыс қой» деп айтпайды. Неге бұрыңғыдай келіп, «менен қате кеткен болса кешірші. Мүмкін шынында да мен кінәлі шығармын» демейді? Неге келіп бұрыңғыдай: «Балалар ұйықтады, жүр шәй ішейікші. Осы ұрысқанда бізге не пайды? Болмайтын нәрсеге ашуланып шығатын әдетің жаман осы сенің» деп зілсіз ашуланбайды?

«Ол келмейді» дегендей жұлдыздар жыпырлап жырбаңдайды. «Сонда бәрі біткені ме?» деген ой Қәбдештің санасын сызып өтті. Өзін отбасындағы бірінші орынға қоямын деп жүріп өз ошағына өзі бөтен болып қалғандай күй кешті. Қарашы, бәрі тып-тыныш ұйықтап қалды. Бейне бұл үйде бұл Қәбдеш өмір сүрмейтіндей. Бұл үйге бұл Қәбдеш ешкім еместей. Тіпті, балалары да «әке» деп келмеді-ау. Еркек болам деп жүргенде, ешкім болмай қалғанын енді ұғынғандай. Шымырлап бара жатқан басын мұздай суға салғысы келіп есік алдындағы судың құлағын бұрады. Істемейді. Иә, өткен қыста бұрағышы жарылып кеткен соң, Қәбдештің өзі бітеп тастаған. Асханаға беттеді. Үй салғанда кірген судың үй ішінен ақпай тұрғанына неше жыл. Жөндейтін Қәбдеш бар ма? «Бұзған өздеріңнен көріңдер» деп оны да бітеп тастаған. Қолына кесе алып, шелекке сұққан. Даңғыр еткен дыбыстан басқа ештеңеге ие болмады. «Бір жұтым су жоқ. Құрығанда су әкеп қоймаған, өңшең…»

Бұрқ еткен ашуды, ащы мысқыл басып тастады. «Су жоқ емес – бар, отбасың жоқ емес – бар, қадірің жоқ емес – бар! Бірақ, соның бәрін өз қолыңмен құрдымға кетіріп отқан өзің ғой» деген ащы бір мысқыл жүрегіп осып-осып жіберді. Шәйнек түбіндегі ащы шөгіндіні аузына құйды. Өзегін тіпті өртеді. Шелек көтеріп көрші үйге кетіп бара жатқан өзінің бейшара кейпін елестетті. Балалары да осылай бар суды пайдалана алмай бейшара болып, көрші үйден тасып жүр екен-ау, ә?!

«Еркегі пысық болмаған үйдің керегесі қисық болады» деген сөз қалай дәл айтылған. Қәбдеш өз төсегіне өзі беттей алмай біраз отырды. Мына үй де оны бөтенсіп қалғандай берекесіз бажыраяды...

Еркек болу деген отбасын алақанда ұстау емес, алақанда аялау екенін Қәбдеш енді түсінгендей. Бірақ, әйелінің бөтен жанарын қайта жылытуға тағы біраз жылдар кететінін әлі түсінген жоқ еді…

Бақтыгүл АУДАНОВА.

 

 

 

 

 

 

ТУРИСТЕР ҮШІН АТПЕН СЕРУЕНДЕУГЕ ҚОЛАЙЛЫ ЖАҒДАЙ ЖАСАЛҒАН

Алдыңғы

ШЫМКЕНТТЕ ЭПИДАХУАЛ ТҰРАҚТАЛА БАСТАДЫ

Келесі

Оқи отырыңыз

Comments

Leave a reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *