ҚоғамМәдениетРуханият

ШЫМКЕНТТЕГІ КІТАП КӨРМЕСІНЕН НЕНДЕЙ ОЙ ТҮЙДІК?

Өзіме-өзім әбден күлдім-ау…

«2021 жылдың 28-29 мамырында Шымкентте Әл-Фараби атындағы ғылыми-әмбебап кітапханасы мен «Серпіліс» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен  кітап көрмесі өтеді» дегенді әлеуметтік желіден күн сайын оқып жүргенмін. «Жақсыны көрмек үшін» деп алғашқы күні сағат он екілер шамасында Арбатқа келдім. Келсем, мен танитындардың дені осында жүр. «Ә» дегеннен осы іс-шараның басы-қасында жүрген Әл-Фараби атындағы кітапхана директоры Дәурен Болысты, «Қызмет» газетінің бас редакторы, «Серпіліс» қоғамдық қорының директоры Бейсенкүл Нарымбетова мен қаладағы «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесінің басшысы  Зәуре Оралбаеваны жолықтырдым. Үшеуі де келгендерді құшақ жая, күлімдей қарсы алуда. Балаларын ерткен ата-аналар кітап саудасын қыздыруда. «Менің өлеңдерім ең алғаш рет «Шұғыла» газетінде жарияланған» деп қазір елге белгілі ақын Дәурен Айманбет шықты аңқылдай амандасып. «Балаларым өздеріне қалаған кітаптарын сатып алды. Барлығы 35 мың теңге болды» дейді күліп балапандары жанында жүрген журналист Әлия Ортаева. Журналист, тынымсыз ізденіс үстінде жүретін фотограф, «Prospera» жылжымалы фотостудиясы бар ордабасылық сіңлім Әйгерім Бегімбет те,  Айнұр Қаратай да жүр. Бір уақытта жүргізушінің «Кәне, қыздарды шекемтас, ұлдарды асық ойнауға шақырамыз. Ұтқандарға сыйлыққа түрлі кітап беріледі» деген даусы шықты. Біразымыз сонда бардық. Әсіресе, Еділ мен Иманғали атты балалар асықты шиыра атып, тізілген асықтарға дәл тигізіп, түрлі кітаптарды сыйлыққа ұтып алып жатты.

Арнайы қойылған орындықтарда екі-үш адамның отырғанын көріп, мен де жандарына жайғастым. Ақын-жазушылармен кездесуге  дайындалған орында үстел екі орындығымен тұр. Оның жанында қалың кітапты парақтап қияқтай мұрты қиылған Фарабиге ұқсаған жас жігіт отыр. «Шамасы көрініс көрсеткенде әлемде «екінші ұстаз» атанған бабамыздың рөлін сомдамақ екен ғой» деп бір ойладым да қойдым. Жанымда отырғандардың бірі Әл-Фараби атындағы кітапхана директорының орынбасары Асылзат Арыстанова екен. Бүгінгі іс-шараны, ауа райының жаңбыр жаумай, жайлы болып тұрғаны жөнінде әңгімелесіп отырғанбыз. Әлгі рөл сомдамақ жігітке қарасам, әлі сол қалпында отыр. Естіп қойса ұят болар деген оймен «Мына жігіт кім?» деп сыбырлай сұрадым. Асылзат «А, ол муляж ғой» деді күліп. – Өткенде кітапханаға жөндеу жұмыстары жүргізілгенде осы муляж да бірге берілді» деді. «Ааа…» дегеніммен, бір жағынан сұрағаныма ұялып, бір жағынан аңғармаған аңғалдығыма іштей таң қалып, еріксіз күлкіні жасыру үшін аузымды қолмен көлегейлей бердім… Мен үшін бұл кітап көрмесінен есте қаларлықтай көңілді оқиға ретінде сақталатын болды.

—Балаларға кітапты қалай оқытуға болады?

«Steppe & World» баспасының басшысы Раиса Сайранқызының «Отбасы хрестоматиясы» сериясымен шетел шығармаларын қазақ тіліне аударып, шығарып жатқанын білетінмін. Бір күні әлеуметтік желілердің бірінен «кітапқа дизайн жасайтын маман керек» деген хабарландыруды көзім шалып қалды да, дереу хабарластым. Сонан бастап олармен бірге жұмысты бастап кеттім» дейді осы көрмеде оқырмандар алдында берген сұхбатында Хәрри Поттер сериясының аудармашысы, бірнеше кітаптың редакторы, тіл жанашыры Назгүл Қожабек. Әсіресе, жүргізушінің «Балаларға кітап оқытудың қандай жолын ұсынар едіңіз?» деген сауалына берген жауабы көпшілікке ой саларлық әңгіме болды десек қателеспейміз.

 

— Кішкентай кезінде балаға арналған кітаптарды ата-анасы оқып беруді дәстүрге айналдырса, кейін мектепке барған соң тағы да оны қызықтыратын кітаптар сатып әкеп беріп, «Оқы» деп қадағалап, түсінігін сұрап отырса, ол бала кейін есейгенде де өзіне ұнаған шығармаларды оқиды. Мәселен, өзім екі баламды да төрт жасынан кітап оқуға баулыдым. Қазір біз жаһандану кезеңінде өмір сүріп отырғандықтан, әр баланың дүниетанымы кең болуы тиіс. Ол үшін шетелдік әдебиеттерді оқыған дұрыс. Мәселен, бұрын Хәрри Поттерды балалардың көбі орысша оқыды. Енді қазақшасы бар екенін олар білуі тиіс. Бұл шығарма әлемнің 80 тіліне аударылған. Біз  81-ші болдық.  Әлемде сатылымы жағынан екінші орында. Жер шарын ізгілік жақсартады дейміз, сондықтан елім мен ұрпағымның болашағы жарқын болсын деген әр отбасы баласына кітап оқытады. Өйткені. көркем әдебиет ешқашан зұлымдыққа тәрбиелемейді, қайта мейірімділікке, қайырымдылыққа үйретеді.

— Әр кітаптың оқырманының көп болуы неге байланысты?

— Әр адамның өмір тарихы болатыны сияқты, кітап та солай. Бір шығармалар жиырма жыл бойы оқылмай жатады да, кейін қолдан-қолға тимей оқылады. Мәселен, британдық жазушы Джоан Роулингтің 7 томдық «Хәрри Поттерін»» алғашқыда баспалар басуға қорыққан. Өйткені авторы ол кезде белгісіз еді. Баспагерлер кітап өтпей, зиян шегіп қаламыз ба деп қорыққан. Әйтеуір бір баспагер «Әкел, басып көрейік» деп тәуекелге барған. Сонан бері үздіксіз оқылып келеді. Ол туралы «Уорнер Броз» кинокомпаниясы кино түсіріп, онан да көп қаржы жинады. Миллиондаған халықтың назарын өзіне аударды. Шығармагер сол түскен қаржылардан дүниежүзілік қайырымдылық қорын ашқан. Кейде жақсы сатылып жатып, кейін тоқтап қалған кітаптар да бар. Сонда әр кітаптың өзінің оқырманы әр кезде әрқалай болады. Он сегізінші ғасырда жазылған шығарма жиырма бірінші ғасырда өзекті болып саналуы әбден мүмкін.

— Қазақ қаламгерлерінің шығармаларын шетел тіліне аудардыңыздар ма?

— Ұлттық аударма бюросы 2018-2019 жылдары «Қазақ прозасының антологиясы» және «Қазақ поэзиясының антологиясы» деген атпен ақын-жазушылардың 1970 жылдардан бастап шағын шығармаларын әлемнің он тіліне аударып, шығарды.

Драматург, жазушы Сая Қасымбек: « У.Шекспирдің шығармаларын бүгінгі таңға келмейді, сәйкес емес» деп қайта аударуды қолға алуда. Уақыт өте сіздердің де аудармаларыңыз солай болуы мүмкін бе?» деп сұрақ берді.

— Мұхтар Әуезов пен Әбіш  Кекілбаев өз туындыларын кесек-кесек ойлармен жазатын классик жазушылар. Олар пьесаларды да солай аударған.Қазіргі динамикаға толы әлемде қысқа-қысқа фразалардың дәурені жүріп тұрған уақытта режиссер көрерменіне түсінікті болу үшін соны қаласа, оған ешкім ешнәрсе дей алмайды. Режиссер талап етсе, қайта аудартып аламын десе, оны «олай етпейсің» деп ешкім мәжбүрлей алмайды. Ағылшын тілінен аударып, барынша толық стилистикасын сақтадық.

Сая Қасымбек: «Аудармаларыңыз көркемдік кеңесте талқыланды ма?» деген өзекті тағы бір сауал қойды.

—Көркемдік кеңесте тапсырыспен шығарылатын шығармалар қаралатынын өзіңіз де жақсы білесіз. Коммерциялық ұйым болғандықтан, қай шығарманы аударуды өзіміз шешеміз. Бұларды барынша ағылшын тіліндегі толық стилін сақтап, оқырман алдындағы жауапкершілікті сезіне отырып аудардық. Егер күмән келтіргендер болса, аударып көруге болады,- дей отырып, өздерінің алдағы уақытта атқарар жоспарларын да әңгімеледі.

Журналист, жазушы Күлия Айдарбекова: «Өз шығармаңды қалай жазсаң да өзің білесің. Ал аудармада олай емес. Оның мағынасы және айтар ойымен қоса стилі де барынша сақталу керек. Сіздер сол аманатты атқарып отыр екенсіздер. Бір өтінішім: шетел оқырманына өзіміздің қазақ жазушыларын танытуға да өз үлестеріңізді қоссаңыздар екен. Істеріңізге сәттілік тілеймін» деп алғысын білдірді.

      Оларды еліміздің патриоты десе жарасады

Иә, екі күнге созылған кітап көрмесінде балалар жазушысы, ақын Саят Қамшыгер, драматург, жазушы Сая Қасымбек, журналист, жазушы Күлия Айдарбекова, ақын  Гүлнар Өмірбек, балалар жазушысы Дәркен Танабай, жас жазушы Абылай Есімбай, ақын Бекмұрат Анарбай оқырмандармен ашық сұхбат түрінде кездесу өткізді.Өздерінің шығармашылығы жайында көрермен арасында тұщымды сұхбат түрінді өрбіді. Іс-шараға Нұр-Сұлтан қаласынан келген ақын, журналист Серікбол Хасан да қатысты. Ақындар Дәурен Айманбет пен Сүндет Сейітов және тағы басқалары өлеңдерін оқыды. Шымкентте былтыр ғана ашылған «Қаратау» дәстүрлі өнер мектебінің жас суретшілері «Мен оқыған кітаптың кейіпкері» атты көркемсурет байқауына қатысып, сыйлыққа кітаптар иеленді. Келушілер «Отбасылық» кітапханамен де танысты. Аудармашы Мейірхан Мейрамбекұлының «Ақиқаттан аттамайық, бауырым!», жас жазушы Абылай Есімбайдың «Кедей қызы» атты кітаптары да көпшілікке таныстырылды. Қаншама ата-аналар балаларымен бірге, сондай-ақ жастар еліміздің  «Қазақ энциклопедиясы», «Фолиант», «Қазақ университеті», «Отбасы хрестоматиясы», «Қызмет»,»Книжный клуб», «Самға», «Шың-кітап», «Steppo & World», «Qazyna», «Qasym» атты еліміздің түрлі өңірлерінен келген баспалардың шығарған кітаптарын алып, дән риза болды. Жалпы, «Қазіргі жастар кітап оқудан қалып барады» деп кінәлайтынымыз жасырын емес. Бірақ Шымкентте өткен кітап көрмесі оның шындыққа жанаспайтынын көрсетті. «Мен мына кітапты алам, мен мына ертегіні оқимын» деп қолына ұстап тұрған баспа өнімдерін көргенде, «оқитын ұрпақ өсіп келеді екен» деп еріксіз қуанышқа бөленесің. Осындай игі істердің басы-қасында жүрген Бейсенкүл Нарымбетоваға да, Зәуре Оралбаеваға да, Әл-Фарабидей ғұлама ұстаздың есімін иеленген кітапхана директоры Дәурен Болысқа да ерекше риза боласың. Кез келген мемлекеттің дамуы еліне қызмет ететін патриот азаматтарының ерен еңбегіне байланысты. Ендеше келер ұрпақты тәрбиелеуде өзгелерге үлгі боларлықтай іс-шараларымен үлес қосып жүрген осындай отансүйгіш жандар көбейе берсін деп тілейік!

Базаркүл ҚАЛБЫР.

 

 

 

 

Ол ылғи да  ұлттық  мәселені көтерді

Алдыңғы

Шымкент қалалық мәслихатының депутаттары тұрғындармен кездесті

Келесі

Оқи отырыңыз

Comments

Leave a reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *