Қоғам

МЕНІҢ ƏКЕМ МАЙДАНГЕР

Қазіргі жастар түгілі кей ересектердің »Ойбай, бұл соғыс қазақ халқы баратын соғыс емес еді, сондықтан Жеңісті де тойлау қажет емес» деген тар түсінігіне таң қалмасқа шара жоқ. Қалай десеңіздер де бұл тек Ұлы Отан соғысының ғана емес, екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталып, Ұлы Жеңістің салтанат құрған күні.
Əкем Ақын Қалбырұлы Ұлы Отан соғысының ардагері еді. Соғыс туралы айтпауға тырысатын. Өйткені, сол бір сұмдық оқиғалар еске түсетін болу керек. Мектепте жақсы оқып, химия пəні мұғалім болсам ба, əлде ағайы айтпақшы, » біздің елдің ғылымы даму керек. Химия көптеген ғылымның бастауы» дегеніндей ғылыммен айналыссам ба деп жүргенде, сұм соғыс басталып кеткен. Бұл кезде 16 жаста екен. Он сегізге толғанда, 1943 жылы соғысқа аттаныпты.
Қай бір жылы ұзақ жылдар бойы ұстаздық қызмет етіп зейнеткерлікке шыққан Қыдырбай Жұмаділұлы деген ағай »Бай болғыр Базаркүл қарындасым -ау, (сөзінің басы үнемі солай басталады ) сенің əкең соғыстан тірі келген жоқ па еді? Оңтүстік Қазақстан облысындағы мұрағаттан соғысқа қатысқандар туралы құжат қарап отырып, əкеңнің атына »қара қағаз» келгенін көріп, таң қалып отырмын» деп телефон шалды. Бір қызығы, ол үйге келмеген. Кейін Қыдырбай ағай екеуміз жолығып, бұл тақырыпта біраз əңгімелестік. Оның жіберілу себебін əкем айтқан əңгімелерді еске түсіріп, тапқандай болдым. Сонда тапсырылмаған қара қағаздардың талайы ауылдағылардың »еңсесі түспесін, рухы сынбасын » деген ниетпен жіберілмеген болу керек» деп ойладық.

»Қызым, жеңіс оңайлықпен келген жоқ, — деп бастап еді бірде жазда далада отырып əңгімесін менің соғыс туралы айтыңызшы деп қоймағаныма. — Жаспын ғой, оның үстіне 7 кластық білімім бар. Орыс тілін тез үйреніп алдым. Сергей деген орыс жігіті екеуміз достасып кеттік. Ол менен төрт -бес жас үлкен. Мені інісіндей көріп, қамқорлық жасайды. Қамқорлық жасағанда ол да өзім сияқты қарапайым солдат қой, тамақ алып қояды. Нанды бөліп жейміз. Өзінің ұнатқан қызы барын, сонымен соғыстан соң үйленетінін айтады. Менен сұрайды. »Менің ондай қызым жоқ» деймін. Менде қайдан болсын, бозбала шақта соғыс басталып, жігіттіктің не екенін де сезген жоқпыз ғой. Денсаулығым жақсы ма, əлде орыс тілін жақсы білетінімнен бе, сол Сергей екеумізді парашюттен секіруді үйрететін оқуға алып кетіп, үш ай оқытты. Сонан бізді түнде немістер жататын тұсқа ұшақпен тастап кетеді. Екі -екіден тастайды. Мақсат кейде тіл алып келу болса, кейде олардың өздерінің, қару -жарағының шамамен қанша екенін біліп келуге тапсырма беріледі. Мұндайда көбіне он адамнан əр тұсқа лақтырады. Кейде немістердің тура ордасына түсіп қалған жағдайлар да кездесіп жатады. Ондайда тірі қалу жоқ. Солай тоғыз рет тапсырма орындадық. Сергей екеуміздің жұбымыз жазылмайды. Чехословакияны азат ету барысындағы шабуылда »Ура! » деп жүгіріп бара жатқанда бір снарядтың оғы Сергейдің бір аяғын жұлып, өзінің құлап бара жатқанын көріп, жанына жүгіріп келсем, оқ аяғын ғана емес, ішек -қарнын да ақтарып жіберіпті. Оны арулап көму қайда, »Қош досым, бақұл бол» дегенді іштей айтып, ары қарай кете бардым. Əкем жарықтық майдандас досын еске түсіріп, үнсіз қалған еді. Осы кезде анам Қанзия (Ата — анасының азан шақырып қойған аты Ханзада) »Бұларға саныңнан қалай жараланғаныңды айтып берсеңші» деді. »Е, ол күндердің қайсы бірін айтасың. Өлім мен өмірдің ортасында жүрдік қой. Кейде екі жақ та тым — тырыс болып, бір — бірін кім бастайды екен »деген аңдысқан сəттер болады. Бұл үлкен шабуылдың алдындағы үнсіздік. Осындай бір шайқаста жоғары санымнан оқ тиіп, мұрттай ұштым. Біреу біреуге қарайтын сəт емес, сол жерде қалғанымды білем, қалғаны есімде жоқ. »Кебенек киген келеді, кебін киген келмейді» деген рас екен. Біздікілер жеңіске жеткен соң, оның соңынан жаралыларды іздеп санбат жүреді. Сол кезде көп қан жоғалтып , бірақ тірі екенімді көрген Галя деген орыс қызы сүйрелеп, көлікке жеткізеді. Көзімді ашсам, бір орыс қызы төніп тұр. Сөйтсе, мен есімді жимай, госпитальде ұзақ уақыт жатыппын. Ол мені »бұл оянады ма?» деп тексеріп , қарап тұрған сəті екен. Дəрігерлердің оқты қалай алғанын білмеймін. Сол госпитальде тоғыз ай жаттым. Е, осылай өлімнен аман қалған сəтім де бар » деп ұзақ үнсіз қалған болатын.»Парша -паршасы шыққан денені де , басқаны да көрдік. Бейбіт күнге ештеңе жетпейді» деп əңгімесін аяқтап еді. Ерлігі үшін орден мен бірнеше медальды кеудесіне таққан, »Сталиннің алғыс хатын» алған əкем осылай соғыстан аман — есен оралған екен. Соғыстан соң да шаруашылықта жұмыс істеп, орден мен бірнеше медаль иесі атанып, зейнетке шықты. Жеңістің 60 жылдығын тойлауға үш ай қалғанда, 85 жасында өмірден озды…

Бұл соғыстың маңызы жоқ дегендер қателеседі. Бұл елді, адамзатты фашистік құлдықтан құтқарған Ұлы Жеңіс. Неміс халқы Адамзаттан бекерден бекерге кешірім сұраған жоқ.
Сол соғыста шейіт болғандар мен кейін қайтыс болғандардың топырақтары торқа, жандары жəннатта болсын.
Бүгінгі мейрам күнімен бəріңізді шын жүректен құттықтаймын! Енді соғыс дегенді еліміз ешқашан көрмесін. Бейбітшілік күндер əрқашан салтанат құрсын!

Базаркүл Қалбыр.

«Жақсының аты, ғалымның xаты өлмейді…»

Алдыңғы

«Ұрпағымыз соғыс көрмесін!»

Келесі

Оқи отырыңыз

Comments

Leave a reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *