Жүрсін ЕРМАН «ШОҚТЫҒЫ БИІК АЙТУЛЫ АҚЫН»
Өнер мұраты – халықты бір-бірімен жақындастырып, рухани жағынан үндестіру. Соның ішінде әдебиет – халықтың ой-санасын өсіріп, кемелдендіреді. Әдебиет халықтың рухани асыл қазынасы болғанымен, оны жасайтын халық ішінен шыққан дарын иелері. Сондықтан да жеке адамдар жасаған әдебиет туындыларын мыңдаған ұрпақ оқып, одан ұлағатты ой, өнеге-үлгі алады. Тәлімдік, тағылымдық тұстары мол поэзия – өнер мүлкі ретінде қыр сыры мол жанр. Ақын – қоғамдық тұлға.
Қазіргі қазақ поэзиясында өзіндік көзқарасы мен қолтаңбасы бар, ізденіс пен ізгілікке жаны құштар, жүрегі жырға, көңілі нұрға толы талантты ақындардың бірі – Жүрсін Ерман. Бүгінгі күні ақын ағамыздың 70 жасқа толып отырған жайы бар. Осыған орай «Шоқтығы биік айтулы ақын» атты әдеби-сазды кешімізге қош келдіңіздер!
Өмірі мен өнерін өлең-ғұмырға сыйғызған ақынның көп жылдық шығармашылық еңбегінің әр алуан кезең еншісінен орнын ойып алып, әдебиет майданы күрескерлерінің қаламына ілігуінің өзі де заманға сай заңдылық.
Ұлттық поэзия патшалығына өзіндік өрнек, өзгешеліктерімен келген, адамдық, ізгілік иірімдерін нәзік лиризммен, терең тебіреністі толғамдармен еркін жырлаған – ақын Жүрсін Ерман уақыт талаптарын жіті зерделеді. Қайсы бір тақырыпты да тереңнен толғап, ақыл-парасат нұрын, көңіл күнделігін, жан-жүрек сәулесін молынан түсірді. Өлең өрімі, өрнектері арқылы уақыт алға тартқан келелі мәселелерді, Тәуелсіздік талаптарын жүректен қозғады. Атамекен мұратын, ел-жұрт тағдырын, адам әлемін алуан ізденіс, түрлі салыстырулар арқылы шебер де шешен жеткізеді.
Жүрсін Ерман шығармашылығының ең басты жанры – лирика. Лирикада ой мен сезім бірлесіп, терең қабысады. Ақын тудырған өлең-жырлардың өрімі де әлеуметтік, философиялық, көңіл-күй әуендеріне айналып, жалпы адамзаттық, дүниетанымдық көзқарасын баян етеді.
Ақын поэзиясының басты ерекшелігі – нәзік сезімге, ойлы толғанысқа құрылумен ерекшеленеді. Шайырдың шығармашылығымен таныса отырып, оның қазақ поэзиясындағы өзіндік қолтаңбасы, өзіндік мінезі бар, өзіндік мені бар ақын екеніне көзіміз жетті. Жүрсін Ерманның лирикасындағы жиі кездесетін, көбірек жырланған тақырыптардың бірі – адам өмірі, заман сыры, уақыт деңгейі, табиғат, достық, махаббат туралы ойлар. Шымкент қаласының орталықтандырылған көпшілік кітапханалар жүйесінде Жүрсін Ерманның 70 жасқа толған мерейтойына арналған «Шоқтығы биік айтулы ақын» атты әдеби-сазды кеш өткізілді. Оны осы жолдардың авторы жүргізді.Сөз кезегі қадірменді қонақтарға берілді.
Айтыскер ақын, Әдет-ғұрып салт-дәстүр орталығының қызметкері Нұрлан Есенқұлов:
— Рухани ұстазымыз Жүрсін Ерман қазақтың төл өнері — айтыстың өркендеп, дамуына сүбелі үлес қосып келеді. Алматыда ағамыздың 70 жасқа толған мерейтойына қатысып қайттық. Жүкеңнің құрметіне өткізілетін республикалық ақындар айтысы бастау алды. Оның ақтық сайысы қыркүйек айында ұйымдастырылатын болады. Айтулы ақынның тойын алғашқылардың бірі болып бастаған кітапхана ұжымына алғыс айтамыз.
Журналист, ақын, аудармашы, Қазақстан Журналистер және Халықаралық Жазушылар одақтарының мүшесі Әбдісаттар Әліп:
— Жүрсін Ерман ең алдымен жазбагер ақын ретінде танымал. Талай тамаша лирикалық өлеңдері қалың жұртшылыққа етене таныс. Жүкеңнің айтыс өнеріне қосқан үлесі де сүбелі дер едік. Айтыскер ақындарды қанатының астына алып, баулудағы еңбегі ересен. Үздік деп танылған шәкірттерінің «темір тұлпар» мінуіне, қомақты қаржы иеленуіне, ел алдындағы абыройларының асқақтап, беделдерінің биіктеуіне қолдан келген көмегін аямай жұмсап келеді. Өзбекстан мен Қырғызстанда да айтыс өнерінің дамуына септігін тигізуде. «Жүрсіннің жүйріктерінің алды Францияның астанасы — Парижде өнер көрсетіп қайтты.
Темірбек Жүргенов атындағы Өнер академиясында болашақ айтыскер ақындар тәлім-тәрбие алуда. Шымкенттегі өнер мектебінде балғын айтыскерлер өз шеберліктерін шыңдап жүр. Айтпақшы, сол мектептің директоры, айтыскер ақын Маржан Есжанова жақыда екі жиырма бесін тойлағалы отыр. Жалпы, күншуақты өңірімізден шыққан айтыскер ақындар өте көп. Солардың бірі, мына Нұрлан бауырымыз да талай додаларда топ жарып жүрген талант. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті — Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың алдында арнау орындаған. Сіздердің араларыңыздан да айтыс өнерінің осындай шеберлері шығатынына сенімдіміз. Өнер адамдарын дәріптеп жүрген кітапхана ұжымына алғыстан басқа айтарымыз жоқ.
Шымкенттегі №45 жалпы орта білім беретін мектебі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Динара Қалмуратовна Утебаева өзінің ізгі тілегін ақынның сөзіне жазылған «Сыңарым» әнімен өрнектеді. Осы білім ордасының кітапханашысы Ақбөпе Оспанова, «Отырар» университетінің кітапханашысы Әлия Мыңбаева құттықтау сөз сөйлеп, шайыр шығармашылығының мән-маңызына тоқталды. Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің студенті Арман Байжігіт Жүкеңе арнаған өлеңін оқып берді.
Кеш барысында ақынның өмірі мен шығармашылығы жайлы бейнебаян көпшілік назарына ұсынылды. Залдағылар «Әйелдерге ода» өлеңін Жүкеңнің өзінің орындауында есітті. Әнші Еркін Нұржанов ақынның сөзіне жазылған композитор Жарылқасын Дәулеттің «Жалғыз ұлыма» әнін телеэкраннан тыңдады. №45жалпы орта білім беретін мектебінің бір топ оқушылары ақын өлеңдерін жатқа оқыды. Аталмыш кітапханалар жүйесіне қарасты №1 кітапхана бөлімшесінің қызметкері Әйгерім Қиямбекова да ақынның сөзіне жазылған «Сыңарым» әнін шырқады. Соңында аталмыш кітапханалар жүйесі әдістеме бөлімінің меңгерушісі Раушан Сұлтанбек қорытынды сөз сөйлеп, кештің қадірменді қонақтарына Алғыс хат пен Мадақтама қағаздарын табыс етті.
Эльмира ТАНКИШЕВА,
Шымкент қаласының орталықтандырылған кітапханалар жүйесіне қарасты №17 кітапхана бөлімшесінің меңгерушісі.
Фотосуреттерде «Шоқтығы биік айтулы ақын» атты әдеби-сазды кешінен көріністер бейнеленген.
Comments