Ұстаздық – жай әншейін мамандық емес, бұл – теңдессіз төзімділікті, терең білімділік пен шексіз мейірімді талап ететін, азаматтық пен адамгершіліктің ең биік белесі. Қоғамда еңбек культін қалыптастыру, жас ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие беру – ел болашағы мен ұлттық қауіпсіздіктің басты кепілі. Осы өнегелі жолда түн ұйқысын төрт бөліп, шәкірт санасына білім нәрін сепкен педагогтердің қажыырлы еңбегі қай уақытта да жоғары құрметке лайық.
Жыл сайын дәстүрлі түрде аталып өтетін кәсіби мереке – Ұстаздар күні бұл жолы да ерекше рух пен көтеріңкі көңіл-күймен жалғасын тапты. «YNTYMAQ» кәсіпкерлік жұмыскерлерінің қазақстандық салалық кәсіподағы» республикалық қоғамдық бірлестігінің Шымкент қалалық филиалына қарасты Фариза Оңғарсынова атындағы №28 жалпы орта білім беретін мектебінде ұстаздар қауымына арналған салтанатты іс-шара өтті.
Рухани мазмұны бай бұл кешке Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығының төрағасы Бауыржан Ілімшаұлы Алтеев арнайы қатысып, білім ордасының ұжымын мерекемен құттықтады.
Мерекелік шара барысында Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығының төрағасы Бауыржан Ілімшаұлы ұстаздық жолдың жауапкершілігі мен қоғамдағы орнына ерекше тоқталды. Ол өз сөзінде өскелең ұрпақты тәрбиелеу жолында аянбай еңбек етіп жүрген қажырлы жандарға алғысын білдіріп, кәсіподақ ұйымы әрқашан ұстаздардың мүддесін қорғауға, олардың еңбек жағдайын жақсартуға және әлеуметтік статусын көтеруге басымдық беретінін атап өтті.
«Елдің өркендеуі мен болашағы білімді де еңбекқор жастардың қолында. Ал мұндай сапалы ұрпақты қалыптастыруда ұстаздардың атқаратын рөлі өлшеусіз. Ұстаздың еңбегін ардақтау, оған қолайлы да қауіпсіз еңбек жағдайын жасау – кәсіподақ қызметінің негізгі міндеті. Мұндай қолдау жастар арасында жеңіл жолмен табыс табудан арылып, адал білім мен еңбекке ұмтылуды қалыптастырады.»
Шараның салтанатты бөлігінде көп жылдық адал еңбегі, білім беру саласына қосқан үлесі, жас мамандарға бағыт-бағдар берудегі тәлімгерлігі және кәсіподақ жұмысына белсене қатысқаны үшін бірқатар ұстаздар мен мектеп қызметкерлері арнайы марапаттар мен Алғыс хаттарға ие болды.
Фариза Оңғарсынова атындағы №28 мектеп ұжымы үшін бұл мереке тек құттықтаулармен шектелмей, кәсіподақ пен білім ордасы арасындағы тығыз әрі нәтижелі әлеуметтік әріптестіктің жарқын көрінісіне айналды. Ұстаздар өз кезегінде көрсетілген зор құрмет пен қолдау үшін ризашылықтарын білдіріп, алдағы уақытта да сапалы білім мен саналы тәрбие беру жолында күш біріктіре беретіндерін жеткізді.
Мерекелік іс-шара соңы оқушылардың дайындаған концерттік бағдарламасына, әсем әндер мен жүрекжарды лебіздерге ұласып, ұстаздар қауымына ерекше шабыт сыйлады.













Comments