Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Арман Сәбитовтың төрағалығымен Әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өтті.
Жиынға қалалық басқармалардың басшылары, мемлекеттік инспекторлар, әлеуметтік әріптестер және Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы төрағасының орынбасары Қаңлыбаев Ермек Ерғалиұлы, «Қызмет» мемлекеттік, банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлерінің салалық кәсіподағы Шымкент қалалық филиалының» төрағасы Әуесханов Серік Елемесұлы, Шымкент қалалық автомобиль көлігі және жол мекемелері жергілікті кәсіподағының төрағасы Мамедов Али Агитович, Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының Шымкент қалалық ұйымының төрайымы Тургинбаева Лариса Владимировна, «SENIM» денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіптік одағының Шымкент қалалық филиалының төрағасы Оңалбеков Қобланбек Түлкібекұлы қатысты.
Отырыста өңірдегі әлеуметтік-еңбек қатынастарын тұрақтандыруға бағытталған бірнеше маңызды мәселе қаралды. Атап айтқанда, әлеуметтік-экономикалық тұрақсыздық қаупі бар кәсіпорындардағы ахуал жан-жақты талданып, әлеуметтік шиеленістердің алдын алу шаралары мен өндірістегі жазатайым оқиғалардың профилактикасы, сондай-ақ жалақы берешегін өтеу бойынша атқарылған жұмыстар есепке алынды. Сонымен қатар ұжымдық шарттардың жасалуы, еңбек ұжымдарын қамту деңгейі, мекемелерде еңбек заңнамасының талаптарын түсіндіру және еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау бойынша оқыту жұмыстарын күшейту қажеттігі атап өтілді.
Жиын барысында Мемлекеттік еңбек инспекция комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің баяндамасы тыңдалып, еңбек шарттарын есепке алудың бірыңғай жүйесіндегі еңбек шарттары мен міндетті зейнетақы жарналарының сәйкессіздіктерін жою жолдары талқыланды.
Күн тәртібіне сәйкес, жастарды жұмыспен қамту, өндірістік практикаларды сапалы ұйымдастыру және оқу бітірген түлектердің жұмысқа орналасу көрсеткіштері туралы Шымкент қаласының жастар саясаты басқармасы тарапынан баяндама жасалды. Шымкент қаласының еңбек нарығындағы жастарды жұмыспен қамту және жұмысқа орналастыру бағытындағы көрсеткіштер оң динамиканы көрсетіп отыр. Атап айтқанда, 2026 жылдың 2-тоқсанындағы мәліметтер бойынша, қаладағы жұмыс күші 487 059 адамды құраса, оның ішінде жастар саны 201 255-ке жеткен. Жұмыспен қамтылған халықтың жалпы саны 464 658 адамды құраса, оның 197 524-і жастардың үлесіне тиесілі. Сонымен қатар жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі айтарлықтай төмендеп, өткен жылғы 3,0%-бен салыстырғанда 1,8%-ға дейін азайды. Ал NEET санатындағы жастар саны 21 129 адамды құрап отыр. Бұл көрсеткіштер өңірде жастарды тұрақты және субсидияланатын жұмыс орындарымен қамту, сондай-ақ кәсіптік оқыту мен белсенді жұмыспен қамту шараларының тиімді жүзеге асырылып жатқанын айғақтайды.
Бұдан бөлек, Шымкент қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының есептері тыңдалып, тиісті ұсыныстар мен тапсырмалар берілді.













Comments