Жас ұрпақтың санасына адалдық, еңбексүйгіштік және жауапкершілік сияқты іргелі құндылықтарды бастауыш сыныптан бастап сіңіру – сапалы тәрбиенің берік тірегі. Осы бағытта №142 жалпы орта білім беретін мектебінің 3 «Ә» сыныбында «Адал азамат – адал еңбек – адал табыс» тақырыбында мазмұнды тәрбие сағаты өтті. Мемлекеттік деңгейдегі «Адал азамат», «Еңбек адамы» және «Заң мен тәртіп» құндылықтарымен үйлескен бұл шара балалардың бойында еңбекке құрмет пен саналы көзқарас қалыптастыруға арналды.
Сынып жетекшісі Қалманова Гүлмираның жетекшілігімен өткен тәрбие сағаты барысында оқушылар адалдық, еңбекқорлық және жауапкершілік туралы өз түсініктерін ортаға салып, адал еңбектің адам өміріндегі орны жөнінде еркін ой бөлісті. Бастауыш сынып оқушыларының өз пікірін жеткізуге, талқылауға белсенді қатысуы – ұстаздың сабырлы әрі жүйелі педагогикалық еңбегінің нәтижесі. Мұғалімнің әр баланы тыңдап, ойын бағыттай білуі шәкірттердің сенімін арттырып, саналы ізденіске жетелейді.
«Адал азамат – адал еңбек – адал табыс» қағидасының мәні балаларға өмірдің нақты заңдылығын түсіндіруде жатыр. Кез келген жетістік пен табыс жеңіл жолмен немесе дайын нәтижеге иек артумен емес, табанды еңбек, шыншылдық және өз ісіне деген жауапкершілік арқылы келеді. Балаларды кішкентайынан масылдық немесе патерналистік көңіл-күйден аулақ болып, өз еңбегіне сүйенуге үйрету – олардың өмірлік дағдыларын ерте қалыптастыратын маңызды қадам. Тіпті күнделікті шағын тапсырманы уақытылы орындау, сыныптағы ортақ тәртіпті сақтау және өзге адамның еңбегін бағалау да баланың тұлғалық қалыптасуында зор рөл атқарады.
Сонымен қатар, адалдық пен еңбекқорлық тәрбиесі оқушылардың ішкі тәртібі мен заң мен тәртіпке негізделген мінез-құлқын да нығайтады. Өз сөзі мен ісіне жауап беретін, ережені құрметтейтін және өзге адамның еңбегін бағалайтын бала мектеп қабырғасында да, болашақ еңбек жолында да тәртіпті әрі сенімді азамат болып өседі. Сондықтан бастауыш сыныпта өткізілетін мұндай тәрбие сағаттарының тәрбиелік маңызы зор.
№142 жалпы орта білім беретін мектеп ұжымы алдағы уақытта да оқушыларды шыншылдыққа, адал еңбекке және жауапкершілікке баулитын жүйелі жұмыстарды жалғастыра бермек. Еңбекті қадірлейтін, сөзі мен ісіне адал жас буын – жарқын болашақтың кепілі.













Comments