Күнделікті күйбең тіршілік барысында көбіміз жұмыс-жұмыс деп жүгіріп жүргенде, жан рахатына бөленетін рухани азық алуымызға уақыт табыла бермейтіні — айтпасам да белгілі жайт. Алайда адам жаны бос уақыттың сәті жылт ете қалғанда, қашанда ұлттық мәдениеттен нәр алып, әлемдік классикалардан сусындағысы келіп тұрары анық. Ол жақсы кино немесе киелі сахнасы арқылы сені бірде жылата, бірде күлдіре алатын — ТЕАТР.
Театр демекші кеше, яғни 15 қазан күні Тараз қаласындағы Жамбыл облыстық Асқар Тоқпанов атындағы драма театріне арнайы Астана қаласынан Асхат Маемиров ағамыз басқаратын «Астана қаласының Жас көрерменнің музыкалық театры» гастрольдік сапармен келіпті. Кезінде қазақтың ғұлама жазушысы, драматург Дулат Исабеков атамызға:
Ажарың ашық екен атқан таңдай,
Нұрлы екен екі көзің жаққан шамдай.
Анаңнан сені тапқан айналайын,
Күлім көз, оймақ ауыз, жазық маңдай…деп басталатын ән шабыт сыйлап, әнмен аттас “Гауһартас» шығармасын жазуға себеп болған екен дегенді оқып, Шәкен атамыздың түсірген фильмін де көріп едік. Енді Асхат ағамыз сол әйгілі шығарманы өз театрының репертуарына қосып, сахналап жүргендігін естіп, спектакльге арнайы мен де бардым.
Қойылым қазақ даласындағы қарапайым шаруа шаңырағының қыр-сырымен қатар бір үйдің екі баласының екі түрлі тәрбиесі, бірінің қаталдығы, ал екіншісінің мейірімділігімен ерекшеленеді. Бастарынан үнемі бұлт арылмайтындай көрінетін отбасыға таң шапағындай жібектей мінезді Салтанат келін болып түсіп, сол үйге күн болып енгендей.
Сонымен қатар шығармада екі түрлі махаббат көрініс табады. Біріншісі Салтанаттың күйеуі Тастанға деген махаббаты болса, екіншісі Қайыркеннің жеңгесі Салтанатқа деген шексіз, әрі жауапсыз сезімі еді…
Асхат ағамыздың айтуынша:
— Шығарманы Дулат Исабеков 25 жасында жазған екен. 25 жастағы жігіттің өмірлік ұстанымы, көзқарасы, махаббат пен бақыт хақындағы ойы — шығармаға арқау. Қойылымды 25 жастағы актерлер ойнайды, образдар — қыз-жігіттердің жан-дүниесімен рухтас. Спектакль арқылы біз қазақ шаңырағының негізін бақыт пен махаббат сынды аяулы ұғымдар құрайтынын айтқымыз келді, – дейді.
Айнұр Жамалбекқызы
Comments