ӘдебиетЖаңалықтар

Әдебиет әлеміндегі лирик ақын

Жетісу облысы әкімдігінің қолдауымен М.Тынышбайұлы атындағы тарихи-өлкетану музейінің ұйымдастыруымен поэзия әлемінде өзіндік сара жолын салып, қаламына адалдық танытқан белгілі ақын Ғали Ормановтың өмірі мен шығармашылығына арналған «Әдебиет әлеміндегі лирик ақын» тақырыбында жылжымалы көрмесі өтті.

Көрменің ашылу салтанатын Жетісу облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Ермек Доланғаранов: Бүгінде лирик – ақын, қазақтың кемеңгер тұлғаларының бірі  — Ғали Ормановтың туғанына 115 жыл толса, өмірден өткеніне 45 жыл толған. Саналы ғұмырында артынан өлмейтұғын сөз бен із қалдырған ақынымыз көптеген том өлеңдер жинағының, бірнеше поэма, очерктердің авторы және қазақ әдебиет тарихындағы көрнекті тұлға ретінде танимыз. Поэзия әлемінде өзіндік сара жолын салып, қаламына адалдық танытқан ақынымыздың қолтаңбасы қалған бағалы дүниелерінің бірі – қолжазбалары да бар екенін атап өткім келеді. Бұл да келешек ұрпақ үшін өте құнды жәдігер болып табылмақ.

Бүгінде осындай тәрбиесі мол шаралардың аталып өтуі ақын – жыршыларға деген құрмет пен адал ниеттің айғағы. Ұлы даланың ұлы тұлғаларын ұлықтау кейінгі ұрпақтарымыздың санасы мен болмысын қалыптастыруға жол ашпақ.

Сондықтан ақынның бізге беймәлім ғылымын, насихаттау баршамыздың борышымыз болмақ, алдағы уақытта зерттеу жұмысы жас ұрпақтарымыздың еншісінде деп білемін. Сонымен қатар ҚР Сенатының депутаты, ҰҒА-ның академигі Бақытжан Жұмағұлов Жетісу облысының М.Тынышбайұлы атындағы тарихи-өлкетану музейі қызметкерлеріне жолдаған құттықтауында: Сіздерді ұлы ұстаз, көрнекті ақын, жазушы, аудармашы, журналист Ғали Ормановтың 115 жылдық мерейтойына арналған көрменің ашылуымен құттықтаймын!

Ғали Орманов бүкіл саналы ғұмырын ұлттық әдебиетіміздің өсіп-өркендеуіне, қазақ поэзиясының дамуына ерекше үлес қосқан ақын. Орыстың, Шығыстың классикалық үлгілерін аударып, қазақ әдебиеті саласына үлкен үлес қосқан аудармашы, аса құнды еңбектер жазған қажырлы тұлға.

Оның қаламынан қазақ әдебиетіне, қазақ руханиятына айналған өлеңдер жинақтары, поэмалары, жыр кітаптары, прозалық жинақтары жарық көріп, әдебиетіміздің алтын қазынасына айналған.

Жамбыл Жабаевқа әдеби хатшылық қызметін атқарған Ғали Орманов ұлы тұлғаның шығармашылығы, әрбір кездесуі мен сапары жайлы да құнды деректерді өз күнделігінде қалдырған.

Осынау мол мұраны болашаққа аманаттаған ғұлама тұлға, ұлағатты ұстаз, ақын Ғали Орманов есімі қазақ руханиятының төрінде әрдайым биік тұра беретіні сөзсіз.

Осы көрме ағамыздың абыройын асқақтатып, артына қалдырған мол мұрасын биікке көтере отырып, әдебиет саласындағы көрнекті тұлғалардың ой тоғыстыру алаңына айналады деп білемін.

Еліміздің әділетті және жарқын болашағы жолындағы жиындарыңыз сәтті, әрі табысты болсын!

Мәдениет және спорт министрі Архив істері және құжаттаманы басқару комитетінің төрағасы, Қуат Бораш көрмені ұйымдастырған Жетісу облысының М.Тынышбайұлы атындағы тарихи-өлкетану музейі қызметкерлеріне жолдаған құттықтауында :

Құрметті әдебиетсүйер қауым, қадірменді қонақтар! Баршаңызды Қазақ әдебиетінің қалыптасуына өлшеусіз үлес қосқан көрнекті ақын, қарымды қаламгер Ғали Ормановтың өмір жолы мен шығармашылығына арналған «ӘДЕБИЕТ ӘЛЕМІНДЕГІ ЛИРИК АҚЫН» атты көрменің ашылуымен құттықтаймын!

Ғали Орманов қазақ поэиясының алтын ғасыры есептелетін алыптар көшінің қара нары, ел мәдениетін әдебиет саласындағы көкжиегін кеңейткен, шығармашылықтың шыңына шыққан бірегей тұлға. Оның қаламынан өрнекті өлеңдері ғана емес, әлем классиктерінің жарқын үлгілері қазақ тілінде сөйлеп, оқырманға жол тартты.

Қазақ ұлтының тарихи кезеңдерін, табиғат лирикасын, азаматтық лириканы шебер таңбалаған сөз зергері жырларынан бөлек көптеген очерктер мен әңгімелер жазып, болашаққа мол мұра қалдырған.

Ақынның жауһар шығармаларын кейінгі ұрпаққа жеткізу, насихаттау, ғасырдан ғасырға ұластыру баршамыздың міндетіміз деп білеміз.

Көрменің сәтті өтуіне тілектеспін! Ақын мұрасын көпшілік назарына ұсынуда жасап жатқан жұмыстарыңызға алғысым шексіз! ….. -деген  құттықтау алғы сөзімен басталып, ұрпағы Ғалиқызы Жәмиға әкесі жайлы сырға толы естеліктерімен бөлісті. Естелігінде : әкем ауылдың маңайында, жайлауда мал бағып жүрген. Кейде өзiне ақша табу үшiн мергендерге бүркiттiң балапандарын аңдып, алып берiп те жүрген. Бiр күнi мал бағып жүрiп: «Қашанғы осылай жүрем» – деп өкiнедi. Он жасында ғой шамасы, Талдықорғанда интернат үй барын естiп, малды қалдырып, қалаға жол тартады. Сондағы туған ауылына деген ықыласы мен қимастығын мына өлең жолдарымен суреттеген..«Жарбиған жаман тон-тұмақ,

Жабысып кеттi үстiмде.

Жанайын деген бiр шырақ

Жалтылдап кеттi iшiмде» – деген.

Әкемнің туған жеріндегі жерлестері ақынның өмірі мен  шығармашылығын жас ұрпаққа дәріптеу жолында әрдайым насихаттауда үлкен жұмыс атқарып келеді. Соның бірі, Жетісу облысы әкімшілігінің қолдауымен 2022 жылы осыдан 80 жыл бұрын аударған Лев Толстойдың «Анна Каренина» романының жарыққа шығуына қолдау көрсеткеніне және бүгінгі көрмені жоғары деңгейде өткізуге атсалысқан облыс әкімі Бейбіт Исабаев және музей ұжымына алғысымды білдіремін.

Алматы қаласынан келген Ғалитанушы, филология ғылымының профессоры Гүлжаһан Орда қаламгердің еңбектері мен құндылықтары туралы әдеби сөз өрбітті: «Ғали Ормановтың шығармаларының жастарға берері көп. Бірінші кезекте Отанды сүюге, патриотизмге тәрбиелейді. Оның шығармаларындағы туған жер, адамгершілік тақырыбы оқырманды елең еткізбей қоймайды. Ол өз дәуірінің ақыны ғана болып қойған жоқ, қазаққа бітпес рухани мұра қалдырып кетті»…

 

Көрме барысында жиен немересі Айдар Қырықбай музей қорына ақынның Жамбыл Жабаевтың әдеби хатшысы болған 1939 жылы жазған құнды күнделігінің көшірмесін және студент кездегі лекция дәптерін сыйға тартты.

Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, ақын Қасен Гүлбақыт қаламгерге арнап арнау оқыды:

«Тума талант, сан қырлы»

Ешкіөлместің баурайы –

Туған жері мекені,

Ғали ақын мақтаны

Жетісудай өлкенің.

 

Қасиетті қара өлең

Серік болған жасынан,

Қиындық пен жетімдік

Қатар өткен басынан.

 

«Өнерімнің сәулесін,

Өреніне шашайын»,-

деген сырлы ақынның,

Жыр пернесін басайын.

 

«Мұңлық-Зарлық», «Алпамыс –

Бала жастан жаттаған.

Қисса-дастан, айтыстар,

Өшпес мұра сақтаған.

 

«Топқа түсер шын жүйрік,

Тай күнінен танылар»,

Қаламгерлік құдірет

Бір бойынан табылар.

 

Ілиястай Құлагер,

Көзін көрген Жамбылдың,

Тұла бойы тектілік,

Тума талант, сан қырлы.

 

Мұралары әдеби —

қазынасы елінің,

Ғали ақын жазған жыр,

Бойтұмары жерінің.

Гүлбақыт Қасен,

ақын, Қазақстан Жазушылар

одағының мүшесі

 

NIS Қазақстанды әлемдік білім беру кеңістігіне интеграциялауда

Алдыңғы

Мекке мен Медина қаласына жолдама алған 50-ге жуық азамат алаяқтарға алданды

Келесі

Оқи отырыңыз

Comments

Leave a reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *