ӘдебиетҚоғамМәдениетРуханият

Берік ЖАНКЕЕВ: «Адамда дара түсінік болмаса, тобырлық түсінік белең алады»

Фейсбук атты әлемнің  күнделікті өмірімізге дендеп енгеніне де біраз уақыт болып қалды. Осы желі арқылы өзім сырттай танитын жанның бірі — белгілі суретші Берік ЖАНКЕЕВ.  Әлеуметтік желінің арқасында онлайн түрде алынған сұхбатты өздеріңіздің назарларыңызға ұсынып отырмыз.  

 

-2016 жылы алғаш фейсбук әлеміне кірдім. «Академиялықтар» деген топ алдымнан шыға келді. Алғашқыда атына қарап ғылыми топ шығар деп ойладым. Бір-бірімен әдемі әзілдесу де, ән арнау да, күлкі де, бәрі бар, тоқтаусыз бір-бірімен жауап жазысып отыр. Фейсбук дегенді естігенім болмаса, ненің не екенін түсінбеймін. Әрқайсысын оқыған сайын​ езу тартып күлемін. Бір қарасам, ішінде сыртынан танитын жерлес апайым Шаркүл Әзімбаева да әдемі пікірлерін жазып қояды. Сонан мен де өз ойымды жайлап жазатын болдым. Байқаймын, Беко Шанхай осы топтың лейтмотиві. Осындағылардың бірінің туған күні болды ма, Беко Шанхай бастап береді, бар ізгі тілек ағылды дей беріңіз. Лайк пен комментарий дегенде есеп жоқ. Бүкіл қазақ елі тойлап жатқандай әсер қалдырады. Кейін аңғара келе сіздің Берік​ ЖАНКЕЕВ атты белгілі суретші екеніңізді білдім. Осы әлеуметтік желіде қай жылдан бері отырсыз?

— 2014 жылдан фейсбукке тіркелгенмін, содан біраз достар жинап, соның ішінде интеллекті жоғары жəне қиялы ұшқыр досым Азкен Алтай екеуміз бірігіп, Академия атты топ жасағанбыз, оның мақсаты əйел жаны құпиясын зерттеу болатын.

Осы ФБ-дан байқағаным, сіз сегіз қырлы, бір сырлы жансыз. Қаламыңыздан сурет пен өлең туса, спорттан да құралақан емес сияқтысыз. Өнер атты сырлы әлемге қалай келдіңіз?

— Бала күнімнен сурет салумен айналыстым, есейгенде тəжірибелі суретшілер дəрежесімен теңеле бастадым, біраз мекемелерде суретші боп жұмыс атқардым, соның ішінде Алматыгорстрой мекемесінде де. Негізі мектептен соң театр студиясы курсына қабылдандым, сосын əскерден соң Жүргенев атындағы театр-көркемсурет институтында екі жыл оқып, 1986 жылғы желтоқсан көтерілісінен соң оқудан кеттім. Басты арманым кинорежиссерлік мамандықты алып шығу еді, бірақ мен актер факультетінде, халық əртісі Нұрмахан Жантөриннің класында оқыдым. Нұрмахан аға мені оқудан шығармау үшін қаншама рет қорғады. Барлық сабақтан үздік едім…

— Әттеген-ай… Фейсбукте жазғандарыңыздан байқағаным,  бойыңызда тұншығып қалған өнер бар сияқты көрінетін. Сол екен ғой, мүмкіндік болса кино түсірсеңіз әлде де…

— Қаражат тапсам, сұрқия саясатты мысқылдап,  комедия жанрында түсірер ем тойымсыздардың «келбеттерін» cуреттеп…

Сіз сурет салғанда мазмұнға ма, әлде сыртқы көрінісіне көңіл бөлесіз бе? Негізгі нүкте етіп қайсысын ұстайсыз?

— Суретті мазмұнға бағыштаймын ғой, одан қалды сыртқы көрінісіне көңіл бөлемін, менің əлі күнге бітпей келе жатқан жоспарлы картинам ол «Кенесары ханның соңғы демі» атты картина, көп себептермен тоқтап тұр. Құрылысқа бет бұрып, қылқалам əлемін əзірге тоқтатып қойғанмын.

Алаш арыстарының портретін көп салған жанның бірісіз. Бұл тақырыпқа келу себебіңіз не?

— Алаш арыстарын насихаттауда біраз портреттік жанрда көп еңбектендім, ол жайын кезінде «Алаш айнасы» жəне «Жас Алаш» газеттері жазған болатын, «Қазақ əдебиеті» газетіне көбіне карикатуралық жанрда сурет салатынмын. Алаш арыстары қазақ халқының қаймағы, оларды барынша дəріптеу қазақтың тұғырының биіктігін көрсету болатын, қазақ интеллегенциясы білімінің жоғарылығы кезіндегі кеңес үкіметін құруда үлкен роль атқарды, бір Тұрар Рысқұловтың өзі Сталин мен Лениннің дəрежесінен кем түспеген еді. Біздің алаштықтар патша үкіметі мен кеңес үкіметі кезінде де алдыңғы шепте болатын…

Жазушы Әзілхан Нұршайықовтың «Мәңгілік махаббат туралы жыр» кітабына байланысты «Халима немесе мәңгілік махаббат» деген картина салғансыз. Жазушымен достық қарым-қатынаста болдыңыз ба?

— Марқұм Əзілхан Нұршайықов ағаммен біраз өмірлік достықта болдым ғой, Жеңіс мерекесінде міндетті түрде үйіне шақыратын, ағамның жазушылық келбетін портрет етіп салып сыйға тарттым, ол өз кезегінде маған «Мəңгілік махаббат жыры» кітабын сыйға берді, соның ішінде Халима апамыздың фотосуретін қиялмен салдым, ағама қатты ұнады, көзіне жас алып ұзақ қарап еді, ағамыз өмірден озғанда Əуезов театрынан жаңағы мен сыйға тартқан портретпен шығарды…

Сыр елі – жыр елі атанған Қызылордадай өңірдің тумасысыз. Өзіңіз​ Ахилл​ деп атайтын жерлес ағаңыз​ Ақылбек Елмаханов​ ​ фейсбукте балалық пен жастық шағындағы небір қызықтарды жазып, бәрімізді сол бір қайта айналып келмес шаққа саяхат жасатып қайтады.Өнерге, өлеңге құмар сары баланың балалық шағы қалай өтті екен? Қызықты оқиғаларды еске түсіре отырсаңыз…

— Мен сары емес, қара баламын ғой, екі жасымда əкеммен балық аулауға барып, қолыммен ұстап алған кішкентай балығымды төс қалтама салып қойсам, үйге келгенде жоқ боп шықты, содан үйдегілер «алтын балығын жоғалтып алған бала» атап кетті, бес жасымда сұлу қызға ғашық боп, жеті жасымнан сол сұлуға өлең шығарып, оның суретін салып өнерге бет бұрғанмын. Сұлулық əлемі адам жанының қорегі іспеттес, сұлулар бар жерде бақытты əлем бар!

Жалпы, балалық шақтағы ойлаған ойыңызға қол жеткіздіңіз бе?

— Қол жеткіздім деп айта алмаспын, бірақ аңсаған армандарыма құжатты түрде емес, еркін немесе демократиялы түрде қол жеткіздім, өнер, махаббат, спорт, ас əзірлеу, көріпкелдік сияқты қасиеттерге шейін біраз нəтижелілікке ие болғаным рас.

— Көріпкелдік де қасиетіңіз бар ма?

— Алдыма келген жанның көзі, сөзі, іс-қимылы, үні, оның кім екенін, оның өткені мен қəзіргісінен хабар беріп тұрады, бұл жөнінде посттарымның бірінде достарыма сондай көріпкелдік жасағам, көбі дұрыс деп тапты, оқысаңыз болады! талай достардың суретіне қарап кімнің қандай екенін айтып бергенмін. Бәрі таң қала келіскен. Бұл туралы фб желісіндегі парақшамнан танысып көруіңізге болады.

Өзге суретшінің қай картинасы ерекше ұнайды? Өзіңіздің ше?

— Маған Əбілхан Қастеевтен бастап, шетелдік суретшілердің бəрі ұнайды, соның ішінде Рубенс пен Рембрандтың жұмыстары. Өзімнің картиналарымның ішінде «Бала мен бұзау», «Құрбандық».

Неміс суретшісі Ансельм Кифер суреттерінің астына меңземе жазып қояды екен. Неге?

— Əр суретші өз еңбегінің түпкі тамырының сырын жаза кеткені ол үлкен тарих!

Суретті түсінетін көрермен көп пе?

— Біздің елде көп деп айта алмаймын, суретті еуропа халқы жақсы түсінеді, біздің менталитет оған сай емес, дегенмен сырт мазмұнға құмар көрермен баршылық.

Даралық дегенді қалай түсінесіз?
Өзіңіз осыған ұмтылып көрдіңіз бе?

— Адамда дара түсінік болмаса, онда тобырлық түсінік пен түйсік белең алады, мен əрқашан қоғамның жақсы құбылысынан гөрі, нашар құбылысын көп байқаймын, негізі бұған саяси қоғам себеп, мына капитализм қазақ халқының мінез-құлқын біршама өзгертті, енді елу жылдан соң қазақ ұлтының бет-пердесі 20 пайызға өзгеретініне кəміл сенемін!

Бақытты әркім әрқалай түсінеді. Сіз ше?

— Адам бақыты — ол жанның тыныштығы, жан тыныш болған жердің бəрінде бақыт шамы жарқырап жанып тұрады, соның ішіндегі отбасы бақыты өмірдің негізгі мəні!

Байқаймын, өлеңдеріңіздің дені махаббат тақырыбына арналады.​ «Махаббат –мәңгі ертегі» дейсіз ғой…

— Иә. «Махаббатым мәңгілік» атты өлеңдер жинағын шығардым бұл тақырыпқа.

Қазақстан Суретшілер одағының мүшесісіз бе?

-Жоқ, одаққа мүше емеспін. Еліміздегі көптеген белгілі тұлғалар мен  жазушылардың, кәсіпкерлердің біразының портретін салдым. Ал одаққа мүшелікке мүлдем қызықпаймын.

Кейде фейсбукте комментарийлерде өткір ойларыңызды жазып қоясыз. «Пәк сезімді қыздардың жат сезімді қыздарға айналуына қоғам келбеті кінәлі ғой, билік ұлттық идеологиядан алыстағалы отыз жыл» дедіңіз бірде. Тарата айтсаңыз.

— Мен өзім саяси ортаны көздеп жүремін де, бірақ өзімді одан алыс ұстаймын, бізде ұлттық идеология жоқ десе де болады, оған капиталистік көзқарас кінəлі, бағана жоғарыда айттым ғой, елу жылда ел жаңа демекші, енді елу жылдан соң біздің ұлттық мүддеміз түбегейлі өзгеріске ұшырайды, ұшырауға мəжбүр етеді, оған біздің қос көршіміз себеп,  (Ресей мен Қытай).

Суретші Сергей Калмыков «Өнер мәңгі-бақи өмір сүреді. Ол біздің түкке тұрмайтын толғаныстарымыздың үстінен сан мың жылдар бойы жұлдыздар шоғыры болып жарқырайды… Врубельдің «Қиял ханымының» қазіргі заманға қатысы жоқ деуге ешкімнің батылы бара қоймас» деген екен. Сол айтқандай, жарқыраған жұлдыз шоғырының біріндей болып тарихта қалатын картиналар сала беруіңізге тілектеспін. Шабытыңыз шарықтай берсін!

— Рақмет сізге Базаркүл ханым, атар таң мен сəулелі күндеріңіз мағыналы болсын!

Сұхбат бергеніңізге көп рақмет. Еліміз тыныш, аспанымыз ашық болғай!

Сұхбатты жүргізген Базаркүл ҚАЛБЫР.

ШЫМКЕНТТЕ СЕГІЗ АЙДА ИНВЕСТИЦИЯ КӨЛЕМІ 32,5 ПАЙЫЗҒА АРТТЫ

Алдыңғы

ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНДА ВАКЦИНА АЛҒАНДАР САНЫ 93 ПАЙЫЗҒА ЖЕТТІ

Келесі

Оқи отырыңыз

Comments

Leave a reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *