ӘдебиетРуханият

Ақындар аллеясы — тек Темірланда

Ордабасы өңірінен небір от ауызды, орақ тілді ақын-жазушылардың шығып, еліміздің руханиятын көтеруге өзіндік үлес қосқаны аян. Оларды бүгінгі ұрпақ қалай мадақтаса да жарасады. Өткен ғасырдың сексенінші жылдарының соңында аудандық «Ордабасы оттары» газеті аясында жерлес ақын Қосжан Мүсірепов атындағы әдебиет және өнер бірлестігінің жұмысын бір топ жастар жандандырған. Ай сайын өлеңдер мен әңгіме жазатындар бас қосып, шығармалары талқыланатын. «Жақсы» деп бағаланғандары «Ордабасы оттары» газетіне жарияланатын. Әкім Ысқақтың, Әсет Әссандидің,  Әбдіхалық Әбдірайымовтың, Құрманәлі Жылқыбайдың, Бекен Қожамқұловтың, шығармалары газеттің әдебиет және өнер бөліміне үздіксіз шығып жататын. Әр сенбі сайын ауыл жастарымен, мектеп оқушыларымен шығармашылық кездесу ұйымдастырылады. Онда бірлестік мүшелері жоғарыда аты аталған қыз-жігіттермен қатар өнерпаздар Мәнзура Есетова,  Сәрсен  Нартбаев, Роза Сейдахметова, Махан Боранбаев, Серік Құрақбаев және тағы басқалары өз өнерлерін көрсетіп, бойында қабілеті бар жастарды қанаттандырып, әдебиет өлкесіне, кітап оқуға құлшындыратын. Сол кезде осы бірлестік мүшелерінің ұйымдастыруымен (төрағасы Нармахан Бегалыұлы, мүшелері Әкім Ысқақ, Құрманәлі Жылқыбай, Ғалымжан Зиябек, Әсет Әссанди және осы жолдар авторы Базаркүл Қалбыр) бірнеше рет облыстық, республикалық, тіпті өзбек пен қырғыз елі айтыскерлері қатысқан Халықаралық  айтыстарды да дүркірете өткізгенін әлі күнге тұрғындар жыр етіп айтады. Өйткені  айтыстың енді жанданып, халықтың  ұлттық өнерімізге сусап отырған  кезі еді. Мектеп оқушысы Бекарыс Шойбековтың, Бекжан Әшірбаевтің, Карима Оралованың тұсаулары сол айтыстарда кесілді. Еліміздің түкпір-түкпірінен Әсия Беркенова, Серік Құсанбеков, Баянғали Әлімжанов, Шорабек Айдаров, Серік Қалиев, Әселхан Қалыбекова, Абаш Кәкенов және тағы басқа айтыскерлер келіп, айтыстың көрігін қыздырғаны әлі есте. Арасында белгілі күйші Секен Тұрысбековтың өзінің орындауындағы «Көңіл толқыны», «Ақ жауын» атты жүрек қылын шертер күйлері көрерменнің көңілінен шығып, ыстық  ықыласына бөленген. Осы айтыстардан түскен қаражат есебінен Темірландағы Мәдениет үйі алдынан «Ақындар аллеясы» ашылды. Бұл 1991 жылдың мамыры болатын.Ескерткіштер кешенін бірлестік мүшесі, К.Омаров атындағы орта мектептің бейнелеу пәні мұғалімі Жалғасбай Кенжебаев (марқұм) жасады. Онда ХІХ ғасырда өмір сүріп, артына мол мұра — жырлары мен өсиеттерін қалдырған Майлықожа Сұлтанқожаұлының, ақын, айтыскер, бірнеше дастандар жазған Нұралы Нысанбайұлының, өлең-жырлар мен терме-толғаулар авторы Орынбай Тайманұлының, қазақ әдебиеті мен баспасөзінің тарихын зерттеуде, әсіресе, қазақ әдебиетінің тарихы Бұқар жыраудан басталады деген жаңсақ пікірді теріске шығарып, Орхон-Енисей жазбаларынан басталатынын ғылыми тұрғыда дәлелдеген, Абай, Сұлтанмахмұт, Жамбыл Жабаев, М.Сералин, М.Әуезов сынды алыптардың өмірі мен шығармаларын зерттеген Бейсенбай Кенжебаевтың, балалар әдебиетін  дамытуға зор үлес қосқан,әрі аудармашы ақын Өтебай Тұрманжановтың, белгілі айтыскер ақын Көпбай Омаровтың, отыз бес жас ғана өмір сүрген аз ғұмырында газет-журналдар мен баспаларда қызмет атқара жүріп, бірнеше өлең кітаптар қалдырған  Қосжан Мүсіреповтың мүсіндері орын алып, аты-жөндері, туған, дүниеден озған жылдары жазылған. Сондай-ақ, Көктөбе ауылында Н.Нысанбайұлы, Бөгенде -Б.Кенжебаев, Жеңісте — Ө.Тұрманжанов, Бергенде — К.Омаров, Жамбылда Қ.Мүсірепов есімімен аталған орта мектептер бар.

«Мен жанбасам лапылдап,
Сен жанбасаң лапылдап,
Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ?!» деген Назым Хикметтің ұранға бергісіз өлең жолдарын өздеріне ту етіп алған жастар, Қосжан Мүсірепов атындағы әдебиет және өнер бірдестігінің мүшелері бұл күнде бәрі ел ағасына айналған. Қоғам қайраткері, тұңғыш қазақ тілінде жазылған заңның авторы, ақын, сазгер, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Әкім Ысқақ  Нұр-Сұлтан қаласында қызмет етсе, республикалық байқауда «Жігіт сұлтаны» атанған, бірнеше тамаша әндердің авторы Құрманәлі Жылқыбай Ордабасы аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы. Ал Ғалымжан Зиябек «Ордабасы оттары» газетінің Директоры. Өлеңдерін  де, шығармаларын да қазақ және орыс тілдерінде жазатын  Әсет Әссанди үшінші мегаполис атанған Шымкент қаласындағы және Түркістан облысындағы түрлі қоғамдық жұмыстарға белсене қатысатын қаламы қарымды қаламгердің бірі.

«Өз елі өз ерлерін ескермесе, ел тегі  алсын қайдан кемеңгерді» дегендей,төл әдебиетімізде орын алған, өзіндік қолтаңбасы бар жерлестеріне ордабасылықтар республика бойынша бірінші болып ақындар аллеясын орнатты. Бұл өз кезегінде сол кездегі жастардың аға буын өкілдеріне деген құрметі еді.

Базаркүл ҚАЛБЫР.
Ордабасы ауданы,
Түркістан облысы.

 

Қос ішекті домбыраны серік еткен Мәнзура

Алдыңғы

Ол ылғи да  ұлттық  мәселені көтерді

Келесі

Оқи отырыңыз

Comments

Leave a reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *