Мәдениет

ҚИЯЛ ҚАНАТЫНДА САМҒАҒАН немесе курстас жайлы сыр

Жалпы, суретші жан — дүниесі таза, пəк, сұлу болмаса, ол сурет өнеріне келе алмайды. Көңілі лас адам ешқашан қиял қанатына мініп, тарих қойнауының қалтарысында қалған немесе көз алдындағы өтіп жатқан оқиғаны санасында сілкілеп, елеп -екшеп қылқаламға жан бітіру қолынан келмейді.
        
Ұзындау, жұқа сары бала жастайынан өнердің бар түріне жақын болып өсті. Сурет те салып, əн де айтатын. Мектепте шығарма жазудан сыныпта алдына жан салмайтын. Осының бəріне анасы Қарқараның қолы қалт етсе, кітап оқығанды жақсы көретіні ықпал етті. Ол балаларына да көркем шығармаларды оқытқызатын. «Көзім бұлдырап тұр, мына əңгімені оқып берші» дейтін анасы бұған. Сол оқығандардың əсері тиді ме, кейін есейе келе небір айтулы ақын — жазушылардың шығармаларын іздеп жүріп оқитын болды. «Жазушы Нұрғали Ораз айтқандай, «Ол кезде кітап оқымау -күнə болатын». Бізді бəрінен бұрын кітап тəрбиеледі ғой. Сондағы жақсы кейіпкерлерге ұқсағымыз келетін, жаманынан жиренетінбіз» дейді ол.
Мектепте оқып жүргенде өзі құралпы балаларды жинап, Қабдеш Жұмаділовтың «Еменнің иір бұтағы» деген əңгімесін сахнаға шығарды. Оны өзі туып — өскен Отырар ауданындағы Ынталы ауылы мен кей мектептерге де қойып, мектеп басшылығынан алғыс алғаны бар. Қызылорда қаласындағы пединституттың музыка факультетінде оқып жүрген ағасы Абылайдан əн айтудың, дауысты қоюдың да қыр -сырын үйреніп алды. Арманы — режиссер болу. Сол ағасы бұған мектеп бітіріп жатқанда, «Жазу қолыңнан келеді. Журналистикаға бар. Ол жерде көп нəрсені үйренесің» деп өмір соқпағын солай қарай бұрып жіберді.
Атақты ҚазМудің журналистика факультеті. Жастық шақ… Жастардың арасында күнде жиын -той… Сабақтан шыққан соң түрлі қызықты іс — шаралар, туған күн дегендер өтіп жатады. Домбыраның қос ішегін қағып -қағып жіберіп, халық əндерін бірінен соң бірін шырқайды. Риза болған жастардың қол шапалақтауымен арқаланып, онан сайын əн салады. Кейде лекция үстінде көз алдына келген əдемі көріністердің эскизін қаламмен түртіп те қоятыны бар.

     
Екінші курс. Бір күні атағы дүркіреп тұрған, «Алтайдың Кербұғысы» атанып кеткен Оралхан Бөкеймен кездесу өтті. Ол шығармаларында нені болса да жеріне жеткізе көркем суреттейтіні соншалық, əр шығармасын оқыған сайын бұл сол көріністі суретпен көрсеткісі келетін. Сол кездесуде жазушы кейіпкерлерінің ақ параққа салынған суретін таныстырып, өзіне ұсынған. Сонда Алтайдың Кербұғысы студенттер алдында жас жігітке риза болып, былай деген: «Əдетте жанрды қадағалап жүру кез келген ер азаматтың қолынан келетін шаруа емес. Журналистикада оқып жүріп, сурет өнерімен шұғылдану жəне əжептəуір суреттер салу — ол сенің кейінгі болашағыңа, интеллектуалды өзіңнің біліміңе, жан — жақтылығыңа, сегіз қырлы, бір сырлы болуға дайындығыңның бастамасы деп ойлаймын. Сондықтан мына салып берген суретіңе рақмет. Творчествоң суретте де, журналистикада да өркендей берсін». Бойына жазушылық қасиет пен кие қонған жазушының тілеген ақ жолы шынында да бұл күнде орындалды. Риза болған жазушы кейін университетті бітіргенде «Ауылға барсаң, шаңға көміліп қалуың мүмкін. Осында қал» деп өзі қызмет ететін, бүкіл əдебиет пен өнерсүйер қауым іздеп жүріп оқитын «Қазақ əдебиеті» газетіне шақырды. Сонан бастап Шерхан Мұртаза, Тұтқабай Иманбай, Оралхан Бөкей сынды кілең мықты, айбынды қаламгерлермен бірге жүріп, жақсылар мен жайсаңдардан көп нəрсені үйренді. Сөйтіп жүргенде, нарық заманы келді бəрін қыспаққа алып. «Иман» газетін, «Ислам мəдениеті» журналын шығарды. Талай жастарды жұмысқа алып, оларды тəрбиеледі, ұстазы атанды. Жоқтан бар жасай жүріп, баспахананы да іске қосты. Қазір «Ислам жəне өркениет» газетін шығарып келеді. Осы кездің бəрінде ол суретшілікті қоса алып жүрді. Бұл өнерге таза бет бұрғанына он бес жылдай болып қалды.
Иə, Сейсенхан Маханбет сурет өнерінде өзіндік қолтаңбасы бар суретші. Оның шығармаларының негізгі өзегі — ұлттың бітім — болмысы. Қиял қанатында самғай білген Сейсекең талмай іздену арқасында идеясы мол, композициясы мықты, колориті бай суретшіге айналды. Əр картинасында ұлттың құндылығын ұлықтайды. Өз елімізбен қатар шетелдерде де талай рет көрмесі өтті. Бұл күнде өз шығармашылығының кəсіби шебері.


2019 жылы Тəуелсіздік күніне орай өткізілген «Сəлем саған, Түркістан» өнер фестивалінде ҚР Суретшілер одағының мүшесі, ҚР еңбек сіңірген қайраткері С. Маханбет бас жүлдені жеңіп алды. Былтыр «Жыл суретшісі» атанды.
Жанрлардың атасы реализм болса, реалистік бағытта пейзажды керемет салатын, курсымыздың мақтанышына айналған Сейсенханның бүгін түлеп жатқан Түркістанда Тəуелсіздіктің 30 жылына арналған көрмесі өтуде.
Бөлмемізге «Шəй ішуге келдім» деп, шəй іше отырып, небір əн салып кететін кешегі «Сары балаға» шығармашылық табыс тілеймін. Абыройың асқақтай берсін!

Базаркүл ҚАЛБЫР.

Күлтөбеден табылған II-III ғасырларға тән алтын сырғалар қорық-музей қорына қабылданды

Алдыңғы

Дина Нұрпейісоваға арналған конференцияға күйшінің шөбересі қатысты

Келесі

Оқи отырыңыз

Comments

Leave a reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *