БизнесЖаңалықтар

«Бір ауыл – бір өнім»: Жетісуға Қырғызстанның тәжірибесі енгізілуде

Облыстық кәсіпкерлер палатасында ауыл тұрғындарын бизнес жүргізу негіздеріне оқыту бойынша семинар-тренинг өтті. Іс-шара «Бір ауыл – бір өнім» жобасын іске асыру шеңберінде ұйымдастырылды.

Жоба авторлары қырғыз кәсіпкерлерінің тәжірибесіне сүйенді. Ал жоба авторы JICA Жапония халықаралық ынтымақтастық агенттігінің өкілі Харагучи Акихиса. Онлайн форматта семинарға іскер әйелдер кеңесінің, ментидің өкілдері, сондай-ақ, аталған жобаның барлық қатысушысы жиналды. Оларға жергілікті ресурстарды пайдалана отырып, тауарларды өндіру әдістері, өнімді жылжыту және сапаны бақылау, сондай-ақ, Қырғыз еліндегі жобаның даму тарихы туралы жан-жақты айтылды.

Қырғыз Республикасында «Бір ауыл – бір өнім» жобасы бірнеше жылдан бері іске асырылып келеді және жақсы нәтиже көрсетуде. Жаңа жұмыс орындары құрылуда, өндірілетін өнімді Жапония, Қытай, АҚШ және Қазақстанға экспорттаудан пайда түсуде. Қырғыз тәжірибесін зерделей отырып, аталған жобаның жергілікті тұрғындардың өміріне оң әсерін тигізіп жатқанын атап өтуге болады. Олар білім, жергілікті ресурстарды пайдалану дағдыларын алады және жоғары сұранысқа ие сапалы тауар шығарады.

Айта кетейік, жақында Қырғыз Республикасында Жапонияның халықаралық ынтымақтастық агенттігімен бірлесіп жүзеге асырылып жатқан Қазақстандағы жоғарыда аталған жобаға қырғыз моделінің тәжірибесін енгізу бойынша бір апталық тренинг өтті. Құрамына ұлттық кәсіпкерлер палатасының, ҚР Ұлттық экономика министрлігінің өкілдері, елдегі жеті облыстан келген іскер әйелдер кеңесінің өкілдері, сондай-ақ, кәсіпкерлер кіретін Қазақстаннан келген делегация «Бір ауыл – бір өнім» жобасына қатысушылардың бренд-комитеттері мен өнім дүкендерінің жұмысын зерттеп, жергілікті өнім өндіретін цехтар мен шеберханаларға барды.

– Делегациямен бірге Қырғыз жеріне бардым. Ол елден «Бір ауыл – бір өнім» жобасын іске асыру бойынша пайдалы ақпараттар алдық. Сондықтан, бізде қазір жұмыс көп. Жобаны насихаттау мақсатында аудан, қала кәсіпкерлерімен кездесулер мен оқыту семинарлары жоспарлануда. Жоба бойынша жұмыс ауқымын кеңейтіп, дамудың жаңа деңгейіне шығу керек, – дейді облыстық іскер әйелдер кеңесі төрағасының орынбасары Светлана Оңғарбаева.

Іскер әйелдер кеңесінің қызметі әйелдер кәсіпкерлігін дамытуға үлкен үлес қосады. Шағын және орта бизнес субъектілерінің саны артты. Олардың жартысын әйелдер басқарады. Облыстық кәсіпкерлер палатасының төрағасы Дәурен Оңалбаевтың айтуынша, облыстағы кәсіпорындар мен кәсіпкерлердің өнімді тек біздің өңірде және бүкіл елде ғана емес, сондай-ақ, одан тыс жерлерге де тарату бойынша әлеует зор. Сондықтан, бизнеске қажет қолдау көрсету жалғастырылмақ.

 ЖУРНАЛИСТ 

Алдыңғы

ШЕЖІРЕЛІ ҚАРАТАЛДАҒЫ МҰРАЖАЙ

Келесі

Оқи отырыңыз

Comments

Leave a reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *