Адамның шын мәніндегі қадір-қасиеті мен қоғамдағы орны ең алдымен оның адал маңдай терімен, өз ісіне деген жауапкершілігімен өлшенеді. Елдің дамуы мен мекемелердің іркіліссіз жұмыс істеуі тек басқарушы құрамға емес, ең бастысы, күнделікті тіршіліктің тынысын қамтамасыз етіп, тазалық пен тәртіптің үлгісін қалыптастырған қарапайым еңбек адамдарының қажымас қайратына байланысты. Осындай асыл қасиеттерді ту еткен жандардың қай-қайсысы да қоғамның ерекше құрметі мен қошеметіне лайық.
Шымкент қалалық кәсіподақтар орталығының қызметкері Мейханым Намазқызы Гасанова зейнет жасы – 61 жасқа толып, өмірлік мерейлі белесіне шықты. Осы айтулы датаға орай ұжым ішінде ерекше мазмұнды құрмет көрсету шарасы өтіп, әріптестері мен басшылық құрамы мерейтой иесіне өздерінің ізгі тілектері мен шынайы ризашылықтарын білдірді.
Салтанатты жиында Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы төрағасының орынбасары Ермек Ерғалиұлы Қаңлыбаев мерейтой иесін ұжымдастар алдында арнайы құттықтады. Ермек Ерғалиұлы өз сөзінде Мейханым Намазқызының күнделікті атқарып жүрген жұмысының маңыздылығына кеңінен тоқталып, оның өз ісіне деген тиянақтылығын, жоғары жауапкершілігі мен еңбекқорлығын ерекше атап өтті.
«Әрбір кәсіпорынның, ұжымның айнасы – тазалық пен ұқыптылық. Мейханым Намазқызы өз міндетін жылдар бойы адал атқарып, әр күн сайын орталығымыздың жарқырап тұруына үлес қосып келе жатқан ардақты жандардың бірі. Сіздің табанды еңбегіңіз мен ақ пейіліңіз ұжым тарапынан әрдайым жоғары бағаланады», – деді Ермек Ерғалиұлы.
Бүгінгі қоғамда «Еңбек адамы» бейнесін қалыптастыруда өндіріс немесе қызмет көрсету саласындағы кез келген адал еңбек жоғары бағалануы тиіс. Көбіне елеусіз қалып жататын тазалық саласы қызметкерлерінің еңбегі – мекемедегі жайлылық пен еңбек өнімділігінің басты кепілі. Мейханым Намазқызының көп жылдық еңбек жолы – кез келген жұмысқа жауапкершілікпен қарап, өз міндетін мүлтіксіз орындаудың, кішіпейілділік пен еңбекқорлықтың жарқын үлгісі.
Шара барысында мерейтой иесіне орталықтың төрағасы Бауыржан Алтеевтің атынан арнайы марапат табысталып, төсбелгі тағылды. Сондай-ақ, ұжым атынан ізгі ниеттің белгісі ретінде арнайы сый-сияпат жасалып, құрмет көрсетілді. Мұндай қолдау мен ардақтау – жастар арасында еңбексүйгіштік пен қарапайым жұмысшыларға деген құрметті арттырып, патерналистік көңіл-күй мен масылдықтан арылуға үлкен септігін тигізеді.
Әріптестерінің ыстық ықыласына бөленген Мейханым Намазқызы ұжым басшылығы мен барлық қызметкерлерге шынайы алғысын білдіріп, ак батасын берді. Көп жылдық еңбектің қадірі түсінілген бұл сәт ұжымдағы сыйластық пен бірліктің, еңбек мәдениетінің жарқын көрінісіне айналды.
Адал еңбектің абыройы асқақтай берсін! Мейханым Намазқызына мықты денсаулық, отбасына береке, ұзақ та мағыналы ғұмыр және мол бақыт тілейміз.













Comments