АймақӘлеуметҚоғамРуханият

АЛАШОРДА ҮКІМЕТІ ЖӘНЕ А.БАЙТҰРСЫНҰЛЫНЫҢ ДІНИ КӨЗҚАРАСЫ

Қазақ елінде ислам дінінің өркендеуіне үлес қосқан, сол мақсатта мерзімді баспасөзде тұрақты түрде мақала жазып тұрған азаматтар Алаш қозғалысы қайраткерлерінің арасынан да көптеп табылды. Олардың ішінде Алаш қозғалысының белсенді мүшелері Ғұмар Қараш, дін тақырыбында өнімді қалам тербеген ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы, Мәшһүр-Жүсіп Көпей, Міржақып Дулатұлы, Шаһмардан Әлжанұлы, Жиһанша Сейдалин, аймақтық діни ахуал туралы тұрақты жазып отырған журналист Мұхамедсәлім Кәшімов, Досан Аманшин, сонымен қатар, «дәстүрдің озығы бар, тозығы бар» деген ұстанымды ұран етіп, заманмен үндеспейтін шариғат заңдары туралы батыл сөз қозғаған Қараөткелдік Мақыш Қалтайұлы мен Сабыржан Алқормашы, мұғалім Файсілрахман Жиһандарұлы, діни-ағартушылық мақалалар жазған А.Жүсіпұлы, Ержан Құлақбайұлы,  Ғалалдин Мәмікұлы және тағы басқалар бар еді. Алаш қайраткерлердің барлығы дерлік алғаш сауатын ауыл молдаларынан алған. Олар осы негізгі білімін мемлекеттік дәрежеде іске асырып, елге қызмет етудің ұлттық мүддесімен ұштастырды.

Ұлт зиялылары – Ә.Бөкейхан, А.Байтұрсынұлы, М.Дулатұлы, Е.Ғұмаров және т.б. дайындаған он баптан тұратын «Алаш» партиясы бағдарламасында қазақ халқына дербестік әперуді көздеген ұлттық мемлекеттік құрылыс туралы, демократиялық қоғамға тән адамның негізгі құқықтары мен бостандықтары туралы, қоғам дамуындағы өзге де күрделі мәселелерге арналған ережелермен қатар, дін ісі жөніндегі ойлары да бар. Нақты көрсетсек бағдарламадағы 4-бапта дінге қатынасты мәселе қарастырылады. Бап «Дін ісі» деп аталып, онда «Дін ісі мемлекет ісінен айырылулы болуы. Дін біткенге тең құқық. Дін ұстауға ерік, кіру, шығу жағына бостандық… Мүфтилік қазақта өз алдына болуы… Неке, талақ, жаназа, балаға ат қою сияқты істер моллада болуы, жесір дауы сотта қаралуы туралы тақырыптар көтерілді.

Дегенмен ХХ ғасырдың бас кезіндегі ұлт зиялыларының қазақ мемлекетіндегі діннің орны туралы әр түрлі көзқараста болғандығын байқаймыз. Бұған мысал ретінде қазақ даласындағы іргелі басылымдар болған «Айқап» журналы мен «Қазақ» газетінің өкілдерінің арасында мемлекеттегі діннің орнына байланысты келіспеушіліктер орын алған. Бір жағынан, Ресейде білім алып, орыс әдебиеті мен мәдениетінен сусындаған зиялы топ халықтың жарқын болашағын батыстың озық мәдени үлгілерін қабылдау арқылы түсіндірді және дінді екінші орынға қойды. Сөйте тұра, олар ата дініміз – исламды, салт-дәстүрімізді халықтың маңызды рухани құндылығы ретінде көздің қарашығындай сақтауды ұстанған. Екінші жағынан, исламдық рухта тәрбиеленген, ислам дінінің үлгілері мен ережелерін өз бойына терең сіңірген зиялы қауым дінді басты орынға шығарды. Олар Ислам ілімінің ғылым мен білімнің дамуына зор ықпалын көрсете келе, ұлт тұтастығын діни тұтастықпен тікелей байланыстырды.

«Алаш зиялылары», «Алаш» қозғалысын айтсақ бірден еске Әлихан, Міржақып және Ахметтердің еске түсетіні анық. Алаш алыптарының қайсысы болмасын барлығы арнайы діни медреселерде білім алып, жүректерін Исламның нұрымен нұрландырып, шариғат мәселелерін меңгеріп, ақ пен қараны ажырататын еді. Солардың бірі және бірегейі –Ахмет. Аристотель – адамзаттың, Әл-Фараби – әлемнің ұстазы болса, Ахмет – ұлттың ұстазы. Ахмет Байтұрсынұлы өзінің қиын-қыстау өмірінде қазақ жастарына тек білімді ғана насихаттап қойған жоқ, рухани тәрбиені, дінді де түсіндіруді қажет деп тапты.

Бүгінгі күнімізге дейін шетелдегі, әсіресе Қытай, Ауған, Иран, Түркиядағы қандастарымыз Ахмет Байтұрсынұлы құрастырған төте жазуды қолдана алады. Өзі құрастырған жазу жүйесін сынға алғандардан барынша қорғаштаған А.Байтұрсынұлы Кеңес үкіметінің «араб жазуынан айыру арқылы тұтас бір халыққа өткенін ұмыттырып, ұлттық игіліктерді саналарынан өшіру» әрекетін жасап отырғанын жақсы түсінді. Ахмет Байтұрсынұлы: «Қазақты діннен айыруға болмаса, жазуынан да айыруға болмайтын жұмыс. Дінмен байланысқан жазу – дін жоғалмай, жоғалмайды».  Төте жазу – исламның, құранның ізі – деген.

Ахмет ұстазымыздың 1912 жылы Орынборда қазақ балаларына арнап, оқу құралы жарық көреді. Автор «Балалар, бұл жол басы даналыққа» деп басталатын «Тарту» атты ғибрат тақпағын оқулықтың беташары ретінде берген. Кітаптың əріп үйретер бірінші бетінің үстіңгі оң жағына Құран сөзі: «Биисми-иллаһи-рахмани-раһим» жазылған. Əрі қарай қазақ əріптері төте жазу жолымен рет-ретімен беріледі де, əрбір харіптің тұсына таңбасы жəне сол таңбаның атауы жазылады. Негізі зерттеуші ғалымдар Ахмет Байтұрсынұлының барлық шығармаларының басында «Бісмілләсы» бар деп пікір қалдырған. Кітаптарда, шығармаларда ол сөздің түсіп қалуы немесе көрсетілмеуі сол замандағы саяси-әлеуметтік жағдайларға байланысты екенін жадымыздан шығармауымыз тиіс.

 

Б.Өтеген

Түркістан облысы дін істері

басқармасының «Дін мәселелерін

зерттеу орталығы» КММ маманы

Магистралды көшелері ғана емес, аудандық маңызы бар ішкі орамдық көшелері де қамтылады

Алдыңғы

ҮШІНШІ МЕГАПОЛИС – КЕЛУШІЛЕР САНЫ БОЙЫНША АЛҒАШҚЫ ҮШТІКТЕ

Келесі

Оқи отырыңыз

Comments

Leave a reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *