ӘлеуметБілімЖаңалықтарҚоғамЭкономика

ЭКОЛОГИЯЛЫҚ ТАЗА ӨНІМ ӨНДІРЕДІ

Бір жұмыспен қалаға шықпақ болып сыртқы қақпаны аша бергенім сол еді, қалта телефоным шырылдап қоя берді. Қарасам, туған жерім Ордабасы ауданынан талай жылдар бойы саналы ғұмырын халыққа қызмет етуге арнаған Әбутәліп Монтаев ағам.

-Біздегі бір жаңалықты жеткізгім келіп тұр,- дейді қуанышты үнмен. –  Аулымыз Шұбарда өзі кәсіпкер, еңбегімен өзгелерге үлгі болып жүрген Бақытжан деген азамат бар. Сол біздің «Аяна» балалар бақшасының бір тобына бір айлық қаржысын,  ал жыл соңына дейін 50 пайызын төлеймін»  деп келіп отыр. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деген. Соған қуанып отырғаным.

-Бір топта қанша тәрбиеленуші бар?

-25. Бұл да болса  ата-аналарға үлкен көмек қой. «Жариялаудың қажеті жоқ» деп еді, мен өзге кәсіпкерлерге де үлгі болсын деп хабарласып отырмын,- деді.  

   Шұбардағы жеке кәсілкер, ауылдағы «Нұр Отан» партиясының төрағасы, 25 жылдан бері диқаншылықпен айналысып келе жатқан Бақытжан Бекбосынға «Шұбарда бір емес, бірнеше балалар бақшасы бар, неге осы «Аяна» тобын таңдадыңыз?- деп сауал қойдым.

 – Оныңыз рас. Көпшіліктен естуім бойынша, осы балалар бақшасының тәрбиеленушілерінің  дені  мектепте үздік оқып, қоғамдық жұмыстарға да белсене араласады екен. Мұның басты себебі бала тәрбиелеу ісінде тәжірибесі мол балалар бақшасының меңгерушісі  Сейдана Бедебаева апайымыздың да тынымсыз еңбегінің жемісі болса керек. Сондықтан ұжымға да, ата-анаға да демеу болсын деп солай шештім,- деп жауап берді.

   Иә, дана халқымыз «Еңбек – адамның екінші анасы» деп бекер айтпаған. Күннен-күнге көркейіп, әлеуметтік жағдайы да көтеріліп келе жатқан Шұбар ауылында өзгелерге үлгі ететін, үздіксіз адал  еңбектің  арқасында жетістіктерге қол жеткізіп жүрген небір атпал азаматтар жетерлік. Соның бірі — осы Бақытжан Бекбосын. Ол қарамағындағы 40 гектарға ерте пісетін картоп ексе, ал оның 10 гектарынан  екі рет өнім алады. Атап айтқанда,  картоптан соң екінші рет қырыққабат немесе баклажан өсіріп алады. Қалғанын келесі жылға дейін көң және тағы басқа тыңайтқыштар сеуіп,  тыңайтуға қояды. Ұжымда нақты 6 адам жұмыспен тұрақты қамтылып, нәпақасын тауып отырса, өнім жинау науқанында 100-120 адамға дейін еңбекке тартылады.

   Қазір көптеген диқандардың өнімді мол алу үшін топырақтың құрамында жетіспейтін элементтерді толтырамыз деп химиялық тыңайтқышты мөлшерінен артық пайдаланатыны жасырын емес. Әрине, бұл жағдайда өнім мол болады. Ал адам ағзасына ше, оның зияндығында шек жоқ. Ең өкініштісі, пайданы мол табу үшін көптеген кәсіпкерлер соған ойланбай баруда. Топырақтағы тыңайтқыштардың мөлшерін тым көбейтіп жіберсе, өсімдік адам үшін зиянды нитраттарды бойына жинайды. Оны пайдаланған адамға тек зияндық әкеледі.  Ал Бақытжан Балтабайұлы тыңайтқышты өсімдіктің жапырағына кешкісін сеуіп, таза экологиялық өнім алуда. Қазір олар ерте пісетін картоп егуде.

   Жастайынан комсомол, кәсіподақ комитеттерінде қызмет етіп шыңдалған Бақытжан бұл күнде  аудандағы қоғамдық жұмыстарға да белсене араласады. Ол Ордабасы аудандық мәслихаттың депутаты. Кеше ғана  аудандық қоғамдық кеңестің бірінші отырысы өтіп, осы кеңестің төрағасы болып сайланды.

   Қазір нағыз еңбек ететін кезең. Адал еңбек қашан да сол адамның өзін де, елін де асырайды. «Еңбеққор ұйқыдан ширап тұрады, Еріншек ұйқыдан қирап тұрады» деген ата-бабамыз. Өзін ғана емес, мүмкіндік болса, ауылына, ауданына көмек беріп жүрген Бақытжандай азаматтар көбейе берсін, деймін. Қашан да ісіңізге береке берсін, еңбегімен көркейген елдің мақтаулы азаматы!

   Базаркүл ҚАЛБЫР.

Ордабасы ауданы,

Түркістан облысы.  

ШЫМКЕНТТЕ СТЕНД АТУДАН ҚР КУБОГІ ӨТУДЕ     

Алдыңғы

ҚАЛА ӘКІМІНІҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ «АШЫҚ ЕСІК КҮНІНДЕ» ТҰРҒЫНДАРДЫ ҚАБЫЛДАДЫ 

Келесі

Оқи отырыңыз

Comments

Leave a reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *