ҚоғамРуханият

Сұхбат

ЖУРНАЛИСТЕР ҚАЗІРГІ ЖУРНАЛИСТИКА ТУРАЛЫ НЕ ДЕЙДІ?

Қазіргі техниканың қарыштап дамыған уақытында журналистика да қалыс қалмай, алға жылжып келеді. Әрине, бұрынғыдай емес, халыққа қызмет ету аясы да өзгерді. Әлеуметтік желі қолданушылары желдей жүйткіп жұмыс істеп тұрғанда журналистиканың жайы не болмақ? Осы мәселелер төңірегінде «Егемен Қазақстан» газетінің Шымкент қаласы мен Түркістан облысы бойынша меншікті тілшісі, ҚР Журналистер одағы Түркістан облыстық филиалының төрағасы Ғалымжан ЕЛШІБАЙ мен «Қазақстан Шымкент» телеарнасының бас директоры, ҚР Журналистер одағы Шымкент қалалық филиалының төрағасы Уәли ҚЫДЫР пікірлерін білдіріп еді. Сол сұхбатты өздеріңізге ұсынып отырмыз.
1. Әр адамның өз ойлау жүйесі, өмір сүру қағидасы бөлек. Сол сияқты, сіздің
де осы журналистикаға келуіңіздің себебі бар. Осы жөнінде айтып берсеңіз.
2. Бұл күнде саяси, экономикалық сараптамалық, зерттеу мақалалар жоқтың қасы. Бұған не себеп?
3. Сайт пен әлеуметтік желі қолданушылары көрген-білгенін сол мезетте
жүктеп, ақпарат таратуда журналистерден де озып бара жатқан секілді. Екі және бір ғасырға жуық тарихы бар газет пен теледидар болашағына қауіп төнген жоқ па?
4. Қалай ойлайсыз, қазақ журналистикасы тәуелсіз болу үшін не істеу керек?
5. «Төртінші билік» деп әспеттеген журналистердің кей пысықайларының болмаса, көбінің жағдайы керемет емес. Мемлекет тарапынан әлеуметтік мәртебесі әлі күнге нақты қарастырылмай келеді. Осылай қала бере ме?

Ғалымжан ЕЛШІБАЙ:

Журналистердің әлеуметтік мәртебесі – бүгін туындаған мәселе емес

 

1. Журналистикаға әуестігім бала кезімде-ақ пайда болған. Мектепте оқып жүргенімде мақалаларым аудандық, республикалық газеттерде жарияланып тұратын. Көпшілікке көзқарасымды, көкейімдегіні жеткізгім келгендіктен таңдауым журналистикаға түсті. Тіпті Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетіне құжат тапсырып, оқуға түсе алмай қалған кезде де басқа мамандық бойынша білім алудан бас тарттым. Тіпті тамыр-таныстар арқылы бірді-екілі оқу орындарына түсуге нақты мүмкіндіктер де болды. Дегенмен, алған бағытымнан таймай, ақыры үшінші жыл дегенде журналистика факультетіне оқуға түстім. Осы аралықта колхозда қара жұмыс істедім. Егін егу, жер жырту жұмыстарына араластым. Мектепте оқып жүрген кезімде «Лениншіл жас» газетінің сейсенбілік спорт беті үшін жазылатынмын. Сырттай оқып жүріп еңбек жолымды Төлеби аудандық газетінде корректорлықтан бастадым. Кейін тілші, аға тілші, бөлім меңгерушісі болып жұмыс істедім. Бұдан кейінгі жылдарда Оңтүстіктегі бас басылымдар – «Оңтүстік Қазақстан» мен «Шымкент келбеті», 100 жылдық тарихы бар «Жас Алаш» пен «Егемен Қазақстан», сондай-ақ «Қазақ әдебиеті» мен «Ана тілі» секілді басылымдардың мектептерінен өттім. Ғасырлық тарихы бар басылымдарда жұмыс істеу менің несібеме бұйырғанына өзімді бақытты адам деп есептеймін.

2. Объективті себебі – ақпарат тасқыны күшейді, ел-жұрт бұрынғыдай газетжорнал көп іздемейді. Ақтаратыны әлеуметтік желілер, оқитыны – қысқаша посттар. Содан болар, ұзақ-сонар мақала оқуға жалығады. Смартфоннан көлемді дүниені оқудың өзі оңай емес. Аудиторияның сұранысына қарай, бәлкім, журналистер қауымы да көлемді мақала жазудан қысқаша ақпарат беруге ден қойған болар. Дегенмен, түбі сапалы журналистика өзінің лайықты орнын алады деп есептеймін. Жеңіл-желпі дүниеден шаршап, мәселенің анық-қанығын білгісі келетіндер көбейген кезде сапалы журналистикаға деген сұраныс та арта түседі.

3. Қазіргі таңда ақпараттық кеңістік шапшаң дамып жатыр. Кеңес одағы заманындағыдай айналдырған екі-үш газет пен бір телеарнаға қарап отырғандар жоқ, оқырманда таңдау көп. Қаптаған газет, телеарнадан бөлек сайттар бар. Әлеуметтік желілердің белсенділігі өз алдына бөлек әңгіме. Қандай-да оқиғаны ұялы телефонына түсіріп алып, бірден әлеуметтік желіде жариялап жататындардың саны өте көп. Мұндайда журналистер әлеуметтік желі қолданушылармен шұғыл ақпарат таратуда кейде жарыса алмайды. Сол себепті, журналистер қазіргі таңда бірінші орынға ақпараттың жеделдігін емес, толымдылығын, шындыққа жанасатындығын шығаруы тиіс. Бұның маңыздылығы әсіресе былтырдан бері етек алған пандемия тұсындағы инфодемия кезеңінде еселеп артып отыр. Турасын айтқанда, пандемия кезінде ел-жұртқа жедел жаңалықтан бұрын әбден тексерілген, шындыққа жанасатын сенімді ақпарат керек. Осы ұстанымнан айнымаса, газет пен теледидардың болашағы бар деп ойлаймын.

4. Әуелі тәуелсіз журналистика деген сөздің ұғымын анықтап алу керек деп ойлаймын. Шетелдегі біз тәуелсіз деп жүрген басылымдардың, телеарналардың дені іс жүзінде ірі қаржылық топтардың, олигархтардың құралдары екені жасырын емес. Сондай-ақ, шетелдік түрлі қорлардың қаражатына жұмыс істеп, гранттарын ұтып алатын ақпарат құралдарын да тәуелсіз деп айтуға ауыз бармайды. Жалпы, қазақ журналистикасын қалайша тәуелсіз етуге болатыны жайлы нақты формула, дайын рецепт, менде де, басқа да әріптестерімде жоқ. Журналистика тақырыбына арналған медиафорумдарда да осы тақырып қызу талқыланып жатады. Былтырдан бері келе жатқан карантин көптеген ақпарат құралдарының қаржылық жағдайын әлсіретіп жіберді. Қаржылық қиындықтың салдарынан бірқатар БАҚ жабылып та қалды. Бұл тенденция біз түгілі Батыс елдерінде де белең алып отыр. Меніңше, нағыз тәуелсіз журналистика – бұқаралық ақпарат құралына бірінші кезекте қоғам тарапынан сұраныс болғанда әрі сол сұраныс редакцияға қаржылай табыс әкелген жағдайда қалыптасады.

5. Шерағаң, Шерхан Мұртазаның «журналистің арқалағаны алтын, жегені жантақ» деген қанатты сөзі қанша жылдан бері журналистердің әлеуметтік мәселесінің көрінісіне айналғандай. Демек, журналистердің әлеуметтік жағдайы, мәртебесі бүгін туындаған мәселе емес, бұрыннан қозғалып келе жатқан тақырып. БАҚ қызметкерлерінің әлеуметтік мәртебесін айқындап, бірқатар жеңілдіктерді ұсыну қажеттігі бұған дейін бір емес, бірнеше рет қозғалды. Мемлекеттік қызметшілер мен мұғалімдерге, құқық қорғау органдарының қызметкерлері мен әскерилерге арнайы мәртебе берілгенімен, ақпарат жеткізуде жанкештілігімен көзге түсіп, күндіз-түні қоғамның мүддесіне қызмет етіп жүрген журналистерге неге әлеуметтік статус бермеске? Ол үшін ең әуелі заңға өзгеріс енгізу қажет. Қазіргі заңнама журналистерді ақпарат алудағы құқықтарын, кәсіби қызметке қатысты мәселелерді реттейді. Ал әлеуметтік мәртебесі қарастырылмаған. Осы мәселені шешетін кезең туды деп есептеймін. Бұны Парламентте отырған әріптестеріміз де көтеріп жүр. Біз де қарап қалмай өз тарапымыздан ұсыныспікірлерімізді жолдағанбыз. Әрі қарай заңға өзгеріс енгізіп, журналистердің әлеуметтік мәртебесін айқындау – Парламент депутаттарының құзырындағы мәселе.

Уәли ҚЫДЫР:

Бізді қоғам аралда ұмытып кеткендей…

1. Журналистикаға кездейсоқ келдім деп ойламаймын. Менің әкем- Отырар ауданының құрметті азаматы Сағындық Қыдыр деген ақсақал. Кітапты көп оқыған азамат. Үйде бай кітапханамыз болды. Мәскеуден бастап, республикамыздан шығатын көптеген басылым келетін. Әкеміз әңгімелер жазатын. Былтыр кітабы шығып, жазушылардың жақсы бағасына ие болды. Сол кітаптарды оқып өстік. Жазу- сызуға бала кезден машықтандық. Республикалық балалар басылымына жазғандарымыз шығып тұратын. Оның үстіне үлкен ағам Еркін Қыдыр елімізге танымал журналист. «Егеменнің» тілшілігінен президентіне дейін өскен азамат. Президент сыйлығының лауреаты. Журналистикаға келуіме сол ағамның жүрген жолы, жазған мақалалары да әсер еткен болу керек. Ұлым Ғафу да осы мамандықты таңдады. Мәскеу Мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітірді. Елге оралып, республикалық телеарнаның бірінде қызмет етіп жүр. Жалпы журналистиканың сабақтастығы отбасымызда қалыптасқан.

2. Зерттеу мақалалар бар. Бірақ аз. Қазіргі кезде журналист пен блогерлерді шатастырып жүрміз. Блогер деген түсінік — сауаттылықты талап етеді. Біздің бүгінгі блогер деп жүргендеріміз кімдер? Өздерін блогер санап жүргендердің мұрнына сараптамалық материал жазудың иісі де бармайды. Қолына смартфон ұстап алып, тікелей эфирге шығатындар газеттің бас редакторларына мұрындарын шүйіріп қарайтын болды. Газет шапшаңдылығы жағынан әлеуметтік желіден қалып бара жаткандығы жасырын емес. Газетіңіз не, телеарнаның өзі қалып барады. Телеарна тілшісі оқиға орнынан бірінші әлеуметтік желіде едел-жедел материал береді. Сүйекті материалды қаузап, сонан соң барып эфирге береді. Газетте де сондай. Сараптамалық материал нөмірге салынады.

3. Қазақ журналистикасы тәуелсіз болу үшін қаражатын өзі табу керек. Шығарып отырған газет -журналың, телеарнаң сұранысқа ие болу керек. Қазірге кезде толып кеткен ютуб каналдарының басты мақсаты — танымал азаматтармен сұқбат құрып, сол эфирдің арасына жарнамаларды тықпалап, ақша табу. Қалай болса солай сөйлейтін сауатсыздар ютубта толып кетті. Боқауыз сөз айта салу қалыпты жағдайға айналып бара жатыр. Мұны бір заңмен қадағаламасақ естір құлаққа ұят сөздің неше түрі біздің күнделікті дастарқан басында айтылатын сөздердің қатарына қосылып кете ме деп қорқамын.

4. Журналистердің мәртебесі әлі күнге дейін айқындалмаған. Жалпы журналистердің әлеуметтік жағдайлары өте төмен. Газетте бас редактордың орынбасары болып пәлен жыл істеген әріптестеріміздің екі қабатты коттеджде тұрып, джип мініп жүрген қайсысын көрдіңіз? Коттедж түгіл, мемлекеттік бағдарлама арқылы алатын пәтердің де кезегіне тұра алмайды. Мемлекеттік қызметкерге де жатпаймыз, бюджет қызметкері де емеспіз. Парламентке осы жолы біршама әріптестеріміз депутат болып сайланды. Барлығы кәсіби журналистер. Солар жаңадан заң қабылдауға күш салар. Бізді қоғам аралда ұмытып кеткендей сезімде болатынымыз жасырын емес. «Төртінші билік» жайлы әнгіме айтудың өзі ұят.

Сұхбатты жүргізген Базаркүл ҚАЛБЫР.

Малдың жайы қыста не болмақ?

Алдыңғы

ҚАЙНАРБҰЛАҚ ЕЛДІМЕКЕНІ САПАЛЫ ЭЛЕКТР ҚУАТЫМЕН ҚАМТЫЛАТЫН БОЛАДЫ

Келесі

Оқи отырыңыз

Comments

Leave a reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *