ҚоғамЭкономика

Малдың жайы қыста не болмақ?

-Биыл шөптің бағасы ұшып тұр ғой.
— Айтпа, бір престің өзі 1200-1300 теңгеден сатылуда. Былтыр 600-
700 теңге болып еді.
— Мына түрімен биылғы қуаңшылықта қыста бір престі 1500 теңгеден алсаң қуанатын сияқтысың-ау…
— Базарда малдың бағасы түсіп кеткен,тым арзанға сатылуда.
Алымсақ жоқ.

Түркістан облысы ауыл тұрғындарының әңгімесінен.

                 ***    ***     ***
Қазақ халқының төрт түлік малмен күнелткені әлімсақтан белгілі. Әсіресе, жылқы — мінсе көлік, ішсе — қымызы сусын, жесе ет болды. Зеңгі баба мен Шопан ата төлінің сүтін ішіп, күбіге айранынан май пісіп, құртын жеп, беріге дейін жүнінен киім мен кілем, алаша тоқып, киіз басып келді. Қазір де ауылдарда күннен күнге жайылымның тарылып келе жатқанына қарамастан, көп отбасыға есігінің алдындағы 20-30 шақты қойы мен 2-3 сиыры, жылқысы күнкөрісіне жарап тұр. Тіпті ептей алғандары үкіметтің түрлі жеңілдікпен берген несиесіне өздеріне қолайлы деген төрт түліктің бірін өсіріп отырғандары да бар.
Халқымызда «Қыста қойыңды бақ, Жазда шөбіңді шап» деген халық даналығы бар. Өкініштісі, биыл шаруа үшін олай болмай, жазда қуаңшылық жайлап, қолайсыз-ақ болып тұр. Биыл сол шабылатын шөпті таппай, қиналып отырған жай бар.
Иә, бізде мал шаруашылығының дамуы қай деңгейде? Аздап тоқтала кетейік.
Статистика комитетінің мәліметтері бойынша елімізге шетелден импортталған ет өнімінің көлемі экспортқа қарағанда он есе көп көрінеді. Ал біздің осыншалықты ұланғайыр жеріміз бола тұрып, ата кәсібіміз малды көбейте алмай, өзге елден сатып алғанымыз естір құлаққа ұят емес пе? Бұл біздің қолда барды ұқсата алмауымыздың нағыз көрінісі деп ойламайсыз ба? Біз өзгеден алмай, қайта бізден олар алуы керек еді. Мәселен, 2019 жылы еліміз шетелге 22,6 мың тонна ет сатса, осы кезеңде 203 мың тонна етті сырттан әкелген. Бұған не себеп?
Агроөнеркәсіп кешенін дамытуға мемлекетіміз миллиардтаған қаржы бөліп жатады. Оның ішінде мал шаруашылығын асылдандыру мен мал өнімдерін өндіруге де бөлінеді. Бірақ бізде көбіне етті өндірмей, тірідей сатады. 2019 жылы сыртқа 156 мың бас ірі қара тірідей жөнелтілген. Негізінен оларды Өзбекстан Республикасының азаматтары сатып алған.
Тағы қандайын дейсіз бе? Сырттан ұрықтандыруға болатын репродуктивті бұзауларын ғана сатып алған. Оларда шығу тегі бар сертификатталған әр ірі қараға 200-300 доллар субсидия беріледі екен. «Ой, биыл жақсы, мал қымбат» деп біраз шаруаның көрші ала тақиялыларға сатып мәз болғаны есімізде. Кейін үкіметіміз тірідей сатуға тиым салғаннан соң бұл тоқтатылды. Бұл бізде малмен айналысуға, оны көбейтуге жоспардың жоқтығын білдіреді. Бұл – бірінші кемшілік. Ал екінші кемшілік – қазір малды асылдандыру үшін шетелден сатып әкелінеді. 1950 жылы «Қазақтың ақбас сиыры» деген атпен жаңа тұқым белгіленген екен. 1991 жылы етті бағыттағы осы асыл тұқымды ақбас сиыр 1 миллион 370 мыңға жетіпті. Сол кездері асыл тұқымды мал ретінде кей шет елдер сатып та ала бастаған. Ал 2020 жылы 356,514 мыңды ғана құрапты. Ең қызығы, қазір өзімізден шығарылған осы тұқым Ресейден сатып әкелінетін көрінеді. Осыны азайтпай, өзіміздің ауа райына үйренген малды көбейте беру керек -ақ еді. Биылғыдай бар өңірді қуаңшылық жайлаған сәтте бұл туралы ойлаудың өзі күлкі шақырса да, мұны бәрібір алдағы уақытта қолға алған жөн-ау…
Мына бір мәліметтерге де көз салайық. 2019 жылы 45 миллард теңгеге 6 мың тонна сары май, 22 мың тоннадай ірімшік пен сүзбені шетелден сатып алған екенбіз. Бұларды өзімізден шығаруға толық мүмкіндік бола тұра өзге жақтан тасымалдау – үлкен сын. Елімізде оларды шығаратын отандық өңдеу зауыттары бар, бірақ тым аз.
Әрине, қазіргідей нарықтық экономика кезеңінде кім немен айналысса да өзі біледі деп ойлауға болар… Бірақ бәрібір әр өңірге өз мүмкіндіктеріне қарай ауыл шаруашылығын жоспарлы дамытуға баса назар аударған дұрыс-ау… Бізде бұл шаруашылықты гүлдендіруге жер де, мүмкіндік те жетеді. Тек әр аудан мен ауыл әкімдігі «әркімнің өз жеке бизнесі ғой» деген көзқарасты ұмытуы қажет. Әсіресе, биылғыдай қуаңшылықта малшыларымыз құр таяқ ұстап қалмасын десе, бар мүмкіндікті жеткілікті жем-шөп қорын жинақтауға күш салғаны жөн. Кеңес Одағы кезінде жаз бойы әр шаруашылық өздеріндегі мыңдаған қой мен ірі қара мал үшін қысқа деп тонна-тонна жемшөп дайындайтын. Дәл сондай жұдырықтай жұмылуды биылғыдай қуаңшылықта көрсету керек-ақ болып тұр. Есігінің алдындағы бір сиырдан айрылу — сүті мен айранын ішіп отырған бір отбасына үлкен зиян. Бұл іске үкімет тарапынан да қамқорлық қажет.
Қай бір жылдары, ол кезде біз мектепте оқимыз. Сонда осылай қуаңшылық орын алғанда бүкіл жас баладан еңкейген кәріге дейін өзен мен көл жағасындағы қамыс пен тоғай шөптерін орғаны есімде.
Әр мекемеге тиісті жоспарлар беріп, жинатқызған. Соның әсерінен мемлекет те, жеке меншік те малынан шығын шығармаған болатын. Дәл қазір осындай ұйымдастыру жағы қажет-ақ болып тұр. Бұрынғыдай сабанды өртеп жібермей, қуаңшылық жайлап тұрған өңірлердің тасып алуына бар жағдай жасалса дұрыс-ақ болар еді.
Малының көбейгені соншалық, жабайыға айналып кеткен Австралиядай ел болуды армандап жүргенде, биылғыдай қуаңшылықта малшыларымыз құр таяқ ұстап қалмасын, ағайын…

Базаркүл ҚАЛБЫР.
Түркістан облысы.

БІЛІКТІ ДӘРІГЕРЛЕРМЕН ТӘЖІРИБЕ АЛМАСТЫ

Алдыңғы

Сұхбат

Келесі

Оқи отырыңыз

Comments

Leave a reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *