ӘдебиетРуханият

ПӘКИЗА

Жұмысқа жаңадан кіріскені сол мұның келуін күтіп тұрғандай-ақ тексеру деген басып салды. Мұндайды, әрине көп ауыртпалық мұның мойнына түсері анық. Ұжымдағы ең кішісі де осы. Оның үстіне жаңадан келген.
– Әй, бала ананы әкел.
– Әй, бала мына құжатты тауып кел.
– Әй, бала, түскі тамақтың қамын жасаңдар…
«Қазақтың кішісі болғанша, күшігі бол» деп осындайда айтса керек-ті. Бірақ, оған өкпелеп жатқан бұл жоқ. Қалай қарай бұйрық түссе, солай қарай зырлай жөнеледі. Басшылықтың көңілінен шығуы керек қой.
Тексерудің келгеніне бір апта болса да, бұл үшін бір ай жүргендей болды. Жүгіріп жүріп байқамаған екен, бастығы жеңінен тартып «біткен сияқты, енді жақсылап дастархан ұйымдастыруымыз керек» дегенде үстінен ауыр жүк құлағандай «үһ» деген.
– Ал, бала, – деді бастығы тағы да әдетінше атын атамаған күйі.  – Анау, «Алтын жағажайға» дастархан ұйымдастырыңдар. Бір «ырза» қылып жіберейік.
«Жаппарқұлда жан бар ма?» деп тағы жүгіре жөнелмек еді: – Әй, бала, – деді басекең тағы тоқтатып. – Ана Түймебай ағаңа айт, жөн көрсетсін. Екеуіңе тапсырдым.
«Жарайды» деуге шамасы келмей жүре бас изеп кете барды.
«Алтын жағажайға» келіп тапсырыс берді. Құстың сүтінен басқа бәрі табылатын мол дастарханға қарап отырып ойға кетті.
– Тексеруші дегендердің өмірі рахат қой. Мынау не деген дастархан! Қанша қаражат кетті екен? Ертең мұның бәрін айлығымыздың шетінен шығарып төлейміз. Қалталарына тағы саламыз! Дегенмен, бұл айғы айлығымыз шәйлығымызға жетпейін деп тұрғаны анық.
– Басекеңдер келе жатыр, – деген Түймебайдың аптықпа даусынан мына жағажайдағы топ жыңғылдың арасынан пыр-р етіп көтерілетін топ торғайдай мұның да қынжыл аралас ащы ойы пыр-р етіп ұшып кетті.
Екеуі есік алдына шықты. Шілденің шыжыған аптабынан қорғап ағаштардың селдір көлеңкесінде тұрып қонақтарды күтті.
Құмдауыт шөлдің шаңы мен қып-қызыл күннің ащы аптабынан шаршаған ағаштардың әлсіз сыбдыры естіледі. Жапырақтарын шаң басқан ағаштар мен жаман шалдың иегіндегі сақалдай күтімсіз, әр жер әр жерде сықсиған бұталардың хәліне тіпті жаны ашып кетті. Дабырлай ішке енген көптен бөлініп судың жағасына қарай бет алды. Шылп-шылп етіп жағаны соғып жатқан майда толқындарға қарап ойланып кетіпті. Әлдекімнің ысқырғаны естілді. «Дәу де болса Түймебай шығар» деп ойлап үлгермей артына бұрылды. Сол екен. Қолын бұлғайды. Шақырғаны. Бұл енді тез адымдай жағажайдағы үйлерге қарай беттеді.
Бұлар ішке енгенде қатал тексерушілердің жүздері кешегідей емес, жадыраңқы екен. Асалып жатқан аста, ішіліп жатқан ақта есеп жоқ. Анда-санда бір кекіріп қойып  Қарынбай мырза отыр. Мұның әншейіндегі маңғаз бастығы оның алдында іш-бауырына кіріп кетердей қылпылдайды.
Қарынбай мырза арақ толы шүпілдеген стақанын қолына алып орнынан тұрды. – Ал, Жөке, – деді Жөкеңе қарап. – Молодец інім. Бәрі жақсы. Мына ағаң тұрғанда енді қам жеме. Екеуміз жақсы аға-іні болып қалдық. Сыйластығымыз жалғаса берсін. – Әрі қарай Қарынбай мырза өзінің жастығы жайлы, Сырдың суы жайлы сөз қозғап кетті.  – Сұлу Сырдың жағасына келіп тұрып, Сырдың суын бір кешпей, сыр сұлуын бір құшпай кетудің өзі күнә, – деді сөзінің соңына қарай дарақтап.
Бастығының селк еткенін аңғарды. Сыртқа беттеген Жөкеңнің ізінен лып етіп Түймебай ере шықты. Бұл шығарын да, шықпасын да білмей отырған. Қалта телефоны «дір-р» етті. Түймебай екен. Сыртқа шықты.
Екеуі тұр екен. «Не болып қалды тағы?» деп ойлады бұл іштей. «Тағі бір жерге жұмсайтын шығар…»
Бастығы Түймебайға қарады. «Бәрін ұқтым» дегендей Түймебай бұған жанарымен «жүр» деді. Екеуі Түймебайдың жүрдек жорғасына отырғанда: «Не болды, аға? Тағы не қалайды көңілдері?» деп сұрады бұл мына ыстық күнгі итшабыстан шаршағанын білдіріп.
– Қыз! – деді Түймебай ерніндегі жаңа тұтатқан шылымын сыртқа бырт еткізіп шертіп жіберіп. – Әкеңнің…
– Оны қайдан табамыз?
– Табылады ғой.
Бір біріне қарама қарсы орналасқан үйлердің қасына келгенде Түймебай көлігінің жүрісін бәсеңдетті.
– Қайсысы екен? Телефон соғып көрейікші.
Ұзақ күттірмей-ақ тұтқаның арғы жағынан әлдебір қыздың даусы естілді.
– Алло, қарындас, біз жаңағы Жөкеңнің…
Арғы жақтан «күте тұрыңыз» деген сыңғыр дауыс естілді де, телефон құрғырың лезде дың-дың етті де қалды.
– Қазір шығады. – деді Түймебай екі алақанын ысқылап. – Бұлар анау-мынау «рахаттың» қыздары емес, інім. Бұларды біздің тілде «элитный» дейді. Мәртебелі қонақтардікі…
Қызметтің тағы бір сырына енді ғана қанық болған бұл Түймебайға бір, оның «мәртебелі» дегенде жоғары қарай шошайтқан саусағына бір қарап тұрғанда, бірі тар шалбар киген, бірі қысқа белдемше киген екеу бұларға қарай жақындай түсті.
– Келді, – деді Түймебай артқы есікті ашуға ыңғайланып.
Екі қыз келіп отырғанда көліктің ішін әдемі бір иіс кернеп кетті. Мұрынды қытықтаған мына бір иіс мұның да барлық сезімдерін оятып жібергендей. Жағажайға келіп тоқтағанда көліктен лып етіп түсіп өзіне де белгісіз жылдамдықпен артқы есікті аша қойды. Бұл да болса қызметтік өмірге үйренісейін дегені шығар. Әйтпесе, өмірінде жігіт болып қызға мынадай қошамет көрсетпепті.
Көзіне мына жанар шоқтай басылды. Ыстық дидар…
«Қайдан көрдім?» деп ойлады іштей. Есіне түсіре алмады. Ойланған күйі Түймебайдың ізінен еріп бара жатқан екі қыздан көз алмай көліктің алдында қала берді.
Жүрегіндегі бір діріл мұны ішке кіргізбйтіндей. Жаңағы қыз, жаңағы жанар көз алдынан кетпей қойды. «Кім бұл?» деген сұрақ көкейін тесіп барады. Жүзі де таныс секілді. Әлде, біреуге ұқсата ма?
– Қой, танымаймын, – дейді тағы бір ойы. – Қайдағы бір жеңілаяқ қызды қайдан танимын. Бәлкім, бір жерде көрген шығармын. Көшеде, тойда немесе тағы сондай бір жерде…
Бұл ұзақ ойланды. Ішпеген соң ішке кіруге де қызықпады. Жыңғылдың селдір селдір қысқа көлеңкесінде отырып Түймебайдың көлігінің музыкасын тыңдады. Отыра беруден де жалығып шомылуға кеткен топтың ізінен жағаға қарай жол алды.
Анадайда дабырласып шуылдасқан топқа жақындады. Бағанағы екі қыз да бұрыннан таныс адамдардай араласып кетіпті. Су ішінде жалаңаш денелер қызыл күннің шуағымен шағылысып, көз қызықтырады.
– Неге шомылмай тұрсың? – деді Түймебай судан шығып, жұрт жалаңаш жүргенде мұның киімшең түріне көз тастап.  – Фигураңды көрсетуге ұялып тұрсың ба?
Қарқылдай күлді. Бұл да күлген сияқтанды.
– Жүр, тамақтанамыз.
Бағанағы айра-жайра дастарханды даяшылар қайта жасап қойыпты. Енді келіп бір шетіне жайғасып, дастарханның мұртын бұза бергендері сол, сырттан қыздардың сыңғыр күлкісін көміп, басекеңдердің дабырлаған даусы естілді.
Есіктен төрге озған Қарынбайдың ізінен жаңағы екі қыз кірді. Артында Жөкең көрінді.
– Өй, осында екенсіңдер ғой. Жақсы болды, давай, Қарекеңе жақсылап құйып жіберіңдер.
Түймебай осыны күтіп отырғандай-ақ лып етіп мойны ұзын шынының біріне қол созды. Бұл да отыра берудің мәнін таппай сусын құя бастады.
Бұған таныс-бейтаныс жаңағы қыз Қарынбайдың қойнына кіріп елжіреп барады…
Қарынбай да қыздың иығына қолын салып, әр астан аузына тосып әлек. Жөкең де қалысар емес, қасындағы қыздың аш беліне анда-санда қол жүгіртіп қояды.
– Қане, Қареке, алып қойыңыз, – деп біресе Қарекеңнің, енді бірде қыздардың аузына стақан тосып, елпілдейді. – Мынадай сұлулар үшін неге алмасқа? Ауызбастырыққа қарындасымның аққу мойны…
Қарынбай рюмке толы арақты қағып салды да қасындағы қызға ұмтыла түсті.
– Пәкизажан…
Мұның төбесінен жәй түскекендей есеңгіреп кетті. «Пәкиза… Пәкиза…» Есіне түсті. Пәкиза ғой мынау!.. Пәкиза…
Пәкизаның туылғанына дейін есінде. Бұл ол кезде әлде бес, әлде алтыдағы бала болар. Апасымен осы Пәкизаның үйіне барғанды. Үй іші қарбалас. Әжесі Айткүл апа дастарханды жайнатып, бұларға сүт қосқан шайын ұсына бергені сол, есік алдына барылдап келіп тоқтаған ескі «москвичтің» даусы екі кемпірге де сүт қосқан шәйдің кәйпін ұмыттырды.
– Келді, келді, – деп алдымен Айткүл апа сыртқа беттеді. Дастархандағы кәмпиттен уыстап алып, мұның апасы да аяғын сылти басып ізінен ерді. Зәуреш жеңгесі мен Думан ағасы түсіп келеді екен. Қолдарында кішкентай құндақ. Айткүл апа қуанғаннан теңселіп барып, келінінің қолындағы құндақты аса мейіріммен қолына  алғанды. Көзіне толған қуаныштың жасын да сүртпей ішке енді. Мұның апасы уысындағы кәмпитті шашып жатыр.
– Ал, ал, теріп ал, – дейді бұған. Шашуды теріп жүрген Тауман атасы екеуі ғана еді.
– Шал, немереңнің құлағына азан шақырып атын қой, – деп еді сонда Айткүл апа.
– Азанды ерте таңмен айтпаушы ма еді?
– Азан айтылса болды ғой, қай мезгілде болғанда не қылар дейсің?
– Соңғы кезде азан шақырып ат қоюды да ұмытып бара жатыр ма қалай, осы ел? – Мұның апасы қынжыла тіл қатты.
– Соны айтсаңшы.
– Онда, – деді Тауман ата сәл-кем ойланып отырып. – Аты Пәкиза болсын. Өзі де, өмірі де жаңа туған сәбидей пәк, таза болсын…

*    *    *    *    *
Есіне түсті. Сол ғой. Пәкиза ғой бұл. Бүкіл бала кезі көз алдында өтті. Ол кезде қара шашты қыз еді. Қазір сарғайыпты. Көзі, қасы, жанары, бәрі сол баяғы Пәкиза.
Қарындасындай болып қалған қызды көргенде басы мең-зең болып, көзі алды қарауытып кетті. Қабырғадан ұстап әрең сыртқа беттеді. Сонда да көңіл құрғыры «шынымен Пәкиза ма?» дегендей сенбей тағы бір рет артқа көз тастады. Қарынбайдың құшағында отырған қызды көрді. Сенді. Мына күйді көтере алмай теңселіп тұрған мұны Түймебай құшақтап алды.
– Мас болып қалды-ау. Үйіне апарып сал, – деген Жөкеңнің даусы еміс-еміс құлағына келді. – Пәкиза… Пәкиза… – деді жүрегі қан жылап. – Сенің атыңды атаң пәк болсын деп қойып еді ғой…
Бірақ, онысын ешкім естімеген күйі «Алтын жағажайдан» ұзай берді.

БАҚТЫГҮЛ  АУДАНОВА.

«Ордабасы оттарындағы» отты жылдар

Алдыңғы

ӨНЕРКӘСІП-ҚАЛА ЭКОНОМИКАСЫНЫҢ НЕГІЗІН ҚҰРАУШЫ САЛА

Келесі

Оқи отырыңыз

Comments

Leave a reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *