Қоғам

Арғымақ ақын қара шаңырақтан дәм татқан еді

«Қара алмас көзді қасың да керік,
Қадалмас саған жан қайда?!
«Хамсадан» біздің ғасырға келіп,
Қалып ең қалай паң Ләйлә?!»— деп өлеңдерінде махаббатты тоқтаусыз жырлаған  сырбаз ақын Жұматай Жақыпбаев туралы сырлас досы Асқар Сүлейменов «Оның өлеңдері табиғи бітімі, концепциялық айшықты ойы жағынан да ұлттық поэзиямыздың айтулы олжасы, оқшау құбылысы. Әр шығармасы шыңыраудан су шығарғандай көрінеді» деген екен. Болмысы мен ақындық мінезі өзгеден өзге ақынды тірі кезінде-ақ суреткерлік шеберлігін замандастары да мойындаған, философияға толы жауһар жырларына таңдай қаққан. Белгілі айтыскер, өзі де өмірден ерте кеткен ақынның замандасы Есенқұл Жақыпбеков былай депті: «…Өлең үшін ғана өмір сүріп, өлең үшін өліп кеткен бір ақынды көзім көрді.Ол – Жұматай Жақыпбаев! Ғашық жүрегінің ғазалдарын ғана жазып өтті Жұма-ағаң. Басқа нәрсеге бас ауыртқан жоқ. Және тамтұмдап, дәмдеп қана жазды. Дәндеп жазған жоқ. Өзін-өзі көрсетуге асыққан жоқ.Сонымен өзін-өзі сыйлата білді». «Ордабасы оттары» мен «Арыс ақиқаты» газеттерінде ұзақ жыл қызмет еткен Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі, Арыс қаласының «Құрметті азаматы» Зүпәр Мүсілімов «Саратан», Ләйлә», Шұғынық гүл төркіні» атты кітаптардың авторы атанған айтулы арғымақ ақын,қазақ поэзиясынан ойып тұрып өзіндік орын алған Жұматай Жақыпбаевтың өзінің қара шаңырағында дәм татқанын бұл күнде мақтанышпен еске алады.

1986 жылдың шіліңгір шілдесі. Ол кезде Арыс қаласы Бөген (қазіргі Ордабасы) ауданына қарайтын. Зүкең «Коммунизм таңы» («Ордабасы оттары»)  газетінің Арыс қаласында меншікті тілшісі. Қалалық  партия комитетінің идеология бөлімінің меңгерушісі Оразхан Арыстанбаев түске таяу өзіне шақырды. Ол отыратын екінші қабатқа көтеріліп келе жатқанда терезе алдында темекі тартып тұрған жігітке көзі түскен. Орта бойлы, мұртты, денесі тығыншықтай, шолақ жеңді көк жейделі келбетті жігіттің сұр шалбарының қыры пышақтай түзу, қара былғары туфлиі жалтырап тұр екен. «Мынау қайдан келген сері» деп ойлаған іштей жанынан өтіп бара жатып. Ол кезде партия комитетінің іші түгілі сыртында шылым шегуге рұқсат етілмейтін. Меңгеруші кабинетінде отырған балалар жазушысы атанып жүрген Марат Қабанбаевты танығанмен, жанындағы келіншекті жыға танымады. «Мына кісілерді танисың ба?» деді меңгеруші. «Мәкеңді танимын ғой» деді бұл. «Онда мына кісі ақын Зайда Елғондинова, жұбайы Жұматай Жақыпбаев та осында, сыртқа шығып кетті» деді. Сонда әлгі темекі шегіп тұрған жігіттің  атақты ақын Жұматай екенін білді. Олар бір жетіге Арыс қаласына шығармашылық сапармен келген екен. «Осы кісілерді өзіңе тапсырдық, қайда барамыз десе сонда алып барасың» деді. Сонымен үш қаламгерді ертіп Локомотив депосындағы жаңадан салынған үш қабатты «Бригадный дом»  қонақүйіне жайғастырып, жұмыс кабинетіне қайтып келген. Арада бірер сағат өткенде «Әй, қайда жүрсің, бізді саған тапсырды ғой» деген қатқыл дауыс естілді. Бұл Жұматай екен.Көп ұзамай оларға барып: «Үйге жүріңіздер, ет асылып жатыр. Мына ыстық бөлмеге қарағанда  далада жатқан жөн емес пе?» деген. Оңтүстік  ыстығының түнде бөлмеде қапырық болатынын ойлады ма,олар мұнымен сөзге келместен бір апта бойы түнде журналистің үйіне қонақтауғакелісе кетті.Сонымен кешке қарай үйде үшеуімен арқа-жарқа әңгіме-дүкен құрылады. Елге белгілі ақын-жазушылардың үйінде қонақ болып, дәм татқандарына Құдай қосқан қосағы Шәрипа да мәз.

Келесі күні жексенбі болғандықтан, балық аулауға жаны құмар Алмабек атты танысқа өтініш айтып, керек-жарақтың бәрін дайындады. Тіпті балық сорпасын әзірлеуге картоп, пияз, сарымсақ та алды. Қызық болғанда, шілдедегі шылдырап ағып жатқан өзеннен балық аулау мүмкін еместігіне бәрінің көзі жетті. «Балық сорпасын ішпесек те таза ауада отырып шәй ішейік» деп дастархан жаюға кіріскен. Осы сәтте «Восход» мотоцикліне мінген екі орыс жігіті келді. Олар келе сала өзенді қолмен шалпылдата жүріп жарлауыт тұстан ірі балықтарды жағаға қарай лақтыра бастады. Бұлар аң-таң. Сөйтсе саяз су ысып кеткендіктен, балықтар жар жағасындағы індерінде жатады екен.Балықшылар бұларға да біраз балықтарын берді. Балық сорпасын ішіп, кешке дейін көңілді отырыс болған. Ерлі-зайыпты қос ақын өлең оқып, бұлар да әңгіменің тізгінін біраз босатқан.

Ол кезде Арыстағы Локомотив депосында үш мыңнан аса адам жұмыс істейтін. Акт залында қаламгерлер жұмысшылармен кездесу өткізді. Ақындар өлең оқып, Марат Қабанбаев кейіпкерлері туралы қызықты әңгімелер айтуда. Өнер адамы, әсіресе талантты, арқалы ақын үшін тыңдарманнан артық не керек, Жұматай көздері жарқ-жұрқ ете, біресе екпіндетіп, біресе баяулатып сұлу Ләйлаға арнаған махаббат өлеңдерін оқиды. Аты дүрілдеп тұрған ақынды «тірідей» тыңдап отырғанына көпшілік те риза, әр жырынан соң қайта-қайта ду қол шапалақтайды. Мына көріністі көріп отырған партком хатшысы Владимир Густов «Зүпәр, мыналар ішіп алған ғой, неге айқайлап оқиды? Мен қалалық партия комитетінің хатшысы Агарковқа айтамын» дейді. Зүкең ақындар солай болады деп ары-бері айтса түсінбейді. Сонан бірінші хатшы алдына екеуі бірге қосарлана кіреді. Құдай оңдағанда, бірінші хатшы өнер адамдарының көңіл-күйін түсініп, Густовтың өзі ұрыс естіп шығады.

Осылай мектептер мен түрлі ұжымдарда кездесулер өтіп, бір жеті де көзді ашып-жұмғанша өте шығады. Кешкісін қаламгерлерді бір топ өнерсүйер, өлеңсүйер қауым теміржолда пойызға қимай шығарып салды. Осы іссапарға алғысы ретінде Жұматай Жақыпбаев көп ұзамай «Қазақ әдебиеті» газетінде Зүпәрға арнап, «Арысқа барғанымда» атты жарты бет өлеңдер топтамасын шығарыпты.

«…Аямайтын күн болып кел – бәрібір,
Аялайтын түн болып кел – бәрібір.
Сені Ләйлә, қара көзді киелім,
Қайыспастан қара жерше сүйемін» десе арқалана, енді бірде
«Сұлулық – талант, жанымның
Қонған-ды саған дарыны,   
Өспірім менің шағымның                       

Өшпеген жалғыз жалыны» деп баяу оқығандары көз алдымда» —  дейді сол бір тамаша күндерді сағына еске алған белгілі журналист З.Мүсілімов. Иә, арғымақ ақын осылай арыстық журналист үйінен дәм татқан екен.

Базаргүл ҚАЛБЫР.
Арыс қаласы.

 

Үш университет диплом беру құқығынан айырылды

Алдыңғы

Жер комиссиясы. Жерді 49 жылға жалға беру мәселесі талқылануда

Келесі

Оқи отырыңыз

Comments

Leave a reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *