Қоғамда еңбек культін қалыптастыру, жұмысшылардың мәртебесін өсіру және еңбек қатынастарын заңды әрі ашық жолмен реттеу – бүгінгі білім беру саласының басты басымдықтарының бірі. Әрбір қызметкердің өз құқығы мен міндетін тең білуі, еңбек дауларының алдын алуы және өндірістік мәдениетті сақтауы мекемедегі тұрақтылық пен жайлы атмосфераның басты кепілі болып табылады. Мұндай оң өзгерістерді іс жүзінде жүзеге асыруда кәсіподақ ұйымдарының атқаратын рөлі ерекше.
Осы бағытта Шымкент қаласындағы №108 орта мектепте «Кәсіподақтық десант» арнайы жобасы аясында кезекті мазмұнды кездесу өтті. Қазақстандық білім және ғылым қызметкерлері салалық кәсіптік одағының Шымкент қалалық ұйымының сарапшылары мен мамандары мектептің кәсіподақ активімен, педагогтермен және техникалық қызметкерлермен арнайы жүздесті.
Кездесу барысында бастауыш кәсіподақ ұйымының күнделікті қызметіне, еңбек жағдайларын жақсартуға және қызметкерлердің құқықтарын қорғауға тікелей қатысты ең өзекті мәселелер жан-жақты талқыланды. Кездесудің негізгі тақырыптары – бастауыш кәсіподақ ұйымының жұмысын ашық әрі тиімді ұйымдастыру, ұжымдағы қаржылық сауаттылықты арттыру, еңбек дауларын шешудегі келісу комиссиясының жұмысын жандандыру, адал еңбек еткен қызметкерлердің марапаттау материалдарын сауатты дайындау тәртібі және одан әрі өзара тығыз іс-қимыл жасау бағыттары болды.
«Қызметкердің өз құқықтары мен заңды мүдделерін терең түсінуі – оның жұмыс орнындағы жауапкершілігін арттырады. Адал еңбек пен құқықтық сауаттылық қатар жүргенде ғана еңбек ұжымында өзара сыйластық пен жоғары өнімділік орнайды. Мұндай шаралар масылдық көңіл-күйден арылып, әр маманның өз еңбегіне жауапкершілікпен қарауына жол ашады.»
Кездесуге қатысушылар өздерін толғандырған практикалық мәселелер, еңбек заңнамасындағы жаңашылдықтар, еңбек қауіпсіздігі мен әлеуметтік кепілдіктер бойынша сұрақтарын тікелей қойып, Шымкент қалалық кәсіподақ комитетінің білікті мамандарынан нақты түсіндірмелер мен пайдалы ұсынымдар алды.
Осындай кездесулер – еңбек ұжымдарындағы өзекті мәселелерді ашық талқылауға, озық тәжірибе алмасуға, жұмыскерлердің құқықтық сауаттылығын көтеруге және бірлесіп тиімді шешімдер табуға мүмкіндік беретін таптырмас маңызды алаң.
«Кәсіподақтық десант» жобасы өз жұмысын аймақта одан әрі белсенді жалғастырып, бастауыш кәсіподақ ұйымдарын нығайтуға, еңбек адамының мәртебесін көтеруге және кәсіподақ активіне жан-жақты практикалық қолдау көрсетуге бағытталған. Бірге – өз құқықтарымызды білеміз, оларды қорғауды үйренеміз және ел дамуы үшін нәтижелі де адал жұмыс істейміз!













Comments