Бүгінгі таңда сапалы білім мен саналы тәрбие беру – педагогтің үздіксіз кәсіби ізденісін, рухани кемелдігін және өз ісіне деген адалдығын талап етеді. Мұғалімнің білімі мен таным көкжиегі кең болған сайын, оның шәкіртке берер бағыт-бағдары да тереңдей түспек. Осы бағытта №68 жалпы білім беретін мектепте «Көкжиек» оқырмандар клубының ұйымдастыруымен «Абай мұрасы – бүгінгі күннің рухани бағдары» тақырыбында мазмұнды әдеби-педагогикалық конференция өтті. Мемлекеттік деңгейдегі «Еңбек адамы», «Адал азамат» және «Заң мен тәртіп» құндылықтарымен сабақтасқан бұл басқосу педагогтердің зияткерлік еңбегін танытып, мектептің тәрбиелік потенциалын арттыруға жол ашты.
Клуб модераторы Жанысбекова Айнұр Әмірқызының жетекшілігімен өткен тағылымды кездесуде ұстаздар қауымы Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясының І томы мен Мұхтар Мағауиннің «Абайдың суреті» эссесін терең зерделеді. Ұлы ақынның тарихи бейнесін, тұлғалық қалыптасу жолын және рухани әлемін жан-жақты талдау – мұғалімдердің кәсіби білігін шыңдап, көркем әдебиетке деген ізденімпаздығын арттыратын шынайы маңдай тер еңбек. Мұндай ізденіс педагогтерді жалаң әдістемемен шектелмей, тәрбиенің терең бастауларына бойлауға баулиды.
Басқосудың басты құндылығы – әдеби талдаудың тікелей педагогикалық тәжірибемен ұштасуында болды. Конференцияда педагогтер Нұртілес Әмірқұлұлы, Гүлназ Пайзуллақызы және Зина Біләлқызы Абайдың білім, еңбек, әділет пен адамгершілік туралы тағылымды ойларын түрлі пәндерге кіріктірудің тың идеяларымен бөлісті. Ұстаздардың өз ізденістері мен тәжірибелік тапқырлығы арқылы дайындаған әдістемелік шешімдері оқушыларды дайын жауапқа тәуелді қылмай, өз бетінше еңбектенуге, ой қорытуға және жауапкершілікпен әрекет етуге бағыттайды.
Педагогтің рухани дүниесі байыған сайын, мектептегі оқу-тәрбие сапасы да жаңа белеске көтеріледі. Абай мұрасы арқылы өз білімін арттырған ұстаз оқушының бойында адамгершілік, ішкі тәртіп және заңға құрмет сияқты саналы қасиеттерді ұялатады. Жеке үлгісімен, табанды еңбегімен айналасына өнеге болған мұғалім ғана нағыз Адал азаматтарды тәрбиелеп шығара алады.
«Көкжиек» оқырмандар клубының бұл бастамасы мектептің рухани-мәдени ортасын байытып, ұстаздардың кәсіби шеберлігі мен тұлғалық дамуын жаңа белеске көтерді. Педагогтің білікті еңбегі мен рухани ізденісі – білімді әрі тәрбиелі ұрпақ қалыптастырудың берік кепілі.













Comments