Кәсіптік және өзге де мерекелер туралы заңнамасына сәйкес, салалық іс-шараларды көтермелеу және еңбек адамының мәртебесін арттыру мақсатында автокөлік саласында ұзақ жылдар бойы адал әрі мінсіз қызмет етіп келе жатқан көлік секторын дамытуға қосқан елеулі үлесі мен кәсіби шеберлігі үшін «DIVA» автокөлік шаруашылығы (АКШ) компаниясының басқарушы директоры Садоха Степан Анатольевич жоғары салалық марапат – «Дара қызметіңіз үшін» «10 жыл үлгілі автокөлікші» медалімен марапатталды.
Арнайы төсбелгі марапатын «Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Бауыржан Ілімшаұлы Алтеев табыстады. Ол өз сөзінде өңірдің логистикалық әлеуетін көтерудегі және тасымал қауіпсіздігін қамтасыз етудегі әрбір еңбек адамының рөлі зор екенін атап өтті.
Марапат иесін айтулы сәтпен Шымкент қалалық автомобиль көлігі және жол мекемелері жергілікті кәсіподағының төрағасы Али Агитович Мамедов те құттықтады. Ол сала қызметкерлерінің әлеуметтік-еңбек құқықтарын қорғау мен кәсіподақ қозғалысын нығайтудағы бірлескен жұмыстардың маңыздылығына тоқталып, ізгі тілегін білдірді.
Бұл марапат — көпжылдық қажырлы еңбектің, өз ісіне деген адалдық пен кәсібиліктің шынайы бағасы. Өндіріс пен көлік саласының дамуына бағытталған мұндай марапаттау шаралары алдағы уақытта да сала мамандарының еңбек ынтасын арттыра түспек.
Көлік логистикасы — Шымкент сияқты мегаполистің тыныс-тіршілігін қамтамасыз ететін басты күретамыр. Қала ішіндегі қозғалыс, тауар айналымы мен жолаушылар қауіпсіздігі еш үзіліссіз жұмыс істейтін осы сала мамандарының жауапкершілігіне тікелей байланысты. «10 жыл үлгілі автокөлікші» медалінің иегері Степан Садоханың марапатталуына орай, кәсіподақ өкілдері мен сала мамандары өндіріс мәдениеті туралы өз ойларын бөлісті.
Кәсіподақтар орталығының төрағасы Бауыржан Алтеевтің пайымдауы бойынша, кез келген ірі шаруашылықтың табысы дайын тұтынушылық нәтижеден емес, басқарушы директордан бастап қарапайым жүргізуші мен механикке дейінгі ұжымның бірлескен, адал еңбегінен құралады. Бүгінгі таңда еңбек нарығындағы масылдық психологияны жеңудің төте жолы — осындай өз ісіне ондаған жыл өмірін арнаған тұрақты кәсіби мамандардың мектебін үлгі ету. Мемлекеттен немесе сыртқы факторлардан дайын жеңілдік күтпей, күнделікті рейстердің қауіпсіздігі мен техникалық сапасын қамтамасыз ету — нағыз жауапкершіліктің көрінісі.
Жергілікті кәсіподақ төрағасы Али Мамедов өз сөзінде еңбек адамының құқығы мен оның қоғамдағы беделін қатар көтерудің маңыздылығына тоқталды. Оның айтуынша, көлік саласы ешқандай немқұрайлылықты көтермейді. Жолдағы қауіпсіздік пен жүйелі жұмыс тек жоғары технологиялармен ғана емес, жұмысшының өз кәсібіне деген терең құрметімен реттеледі. Сондықтан осындай марапаттар мен кәсіподақ қолдауы — ұжым ішіндегі еңбексүйгіштік ахуалды бекітіп, жас буынның жеңіл табысқа емес, нақты өндірістік мамандықтарға ұмтылуына үлкен мотивация береді. Тәжірибелі автокөлікшілердің еңбегі бағаланған ортада еңбек сапасы да әрдайым жоғары деңгейде сақталмақ.
ЕҢБЕККЕ ҚҰРМЕТ: АВТОКӨЛІК САЛАСЫНЫҢ ҮЗДІГІНЕ ЖОҒАРЫ МАРАПАТ ТАБЫСТАЛДЫ













Comments