Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев кітап оқу мәдениетін дамыту, оны ұлттық құндылық деңгейіне көтеру және зерделі ұлт қалыптастырудың маңыздылығын баса айтқан болатын. Кітап оқуды қоғамның күнделікті өмір салтына айналдыру – ұлттық бәсекеге қабілеттілікті арттырудың, ішкі мәдениетті шыңдаудың және «Адал азамат» тұжырымдамасының басты тиегі. Осы игі бастама аясында Оқу-ағарту министрлігінің қолдауымен «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталықтарында «Оқу мәдениеті – ұйым мәдениеті» акциясы қарқынды жүзеге асырылуда. Акцияның басты мақсаты – қызметкерлер арасында кітап оқу дәстүрін қалыптастыру, рухани-мәдени байланысты нығайту және кәсіби ортада зияткерлік қарым-қатынасты дамыту.
2026 жылғы 17 қарашада «Өрлеу» БАҰО» АҚ Шымкент қаласы бойынша Кәсіби даму институты филиалында аталған акция аясында көрнекті жазушы Роза Мұқанованың шығармашылығына арналған кітап оқу сессиясының екінші кезеңі өтті. «Бір кітап – бір әлем: Роза Мұқанова шығармаларындағы адам тағдыры мен қоғам шындығы» тақырыбындағы әдеби-танымдық кездесуде жазушының жинағына енген 20 шығарманың мазмұны мен идеялық ерекшеліктері терең сараланды.
Кездесу барысында қатысушылар туындылардың негізгі тақырыптарын, кейіпкерлер тағдырын, адамгершілік, ар-ождан, мейірім, жауапкершілік және рухани құндылықтар мәселелерін талқылады. Әдеби талқылау, шығармашылық тапсырмалар мен рефлексия арқылы педагогтер мен институт қызметкерлері өз ой-пікірлерімен бөлісіп, шығармалардың бүгінгі өмірмен және еңбек мәдениетімен байланысына назар аударды. Зерделі оқырман болу – дайын нәтижеге сүйенетін масылдық көңіл-күйден арылып, дербес ойлау, танымын кеңейту және адал еңбекке ұмтылу деген сөз.
«Еңбек адамы» идеологиясы тек физикалық еңбекті емес, сонымен бірге зияткерлік ізденіс пен рухани еңбекті де қамтиды. Кәсіби ортада кітап оқу дәстүрін қалыптастыру, әдеби талғамды дамыту және кәсіби ынтымақтастықты нығайту – әрбір педагогтің кәсіби ұстанымына оң әсер етеді.
Кітап оқу – рухани дамудың негізі, ал оқырмандық орта – ұйым мәдениетінің маңызды бөлігі. Адал азаматтарды тәрбиелейтін ұстаздардың өздері де үздіксіз оқу мен ізденіс үстінде болуы тиіс. Бұл бағыттағы «Оқу мәдениеті – ұйым мәдениеті» акциясы алдағы уақытта да жалғасын табады.












Comments