Заманауи технологиялар мен жаһандану дәуірінде де Шымкент өзінің терең тамырынан, ұлттық болмысынан ажыраған емес. Мұның жарқын дәлелі — мегаполистің қақ ортасында ата-бабамыздан қалған көне кәсіпті тірілтіп, қолөнерді табыс көзіне айналдырған жергілікті шеберлер. Ағаштан, теріден, темірден түйін түйген бұл жандар тек бір әулеттің нәпақасын айырып қана қоймай, ұлттық құндылықтарымызды заман талабына сай жаңғыртып, насихаттап келеді.
Шымкенттік ағаш шеберлерінің қолынан шыққан бұйымдар еліміздің түкпір-түкпірінде жоғары бағаланады. Олар кәдімгі үйеңкі, қайың немесе жаңғақ ағашын өңдей отырып, қазақтың қасиетті қара шаңырағы — киіз үйдің сүйегін, оюлы адалбақан, сандық, бесік пен астауларды дайындайды.
Бұл — үлкен шыдамдылық пен дәлдікті қажет ететін еңбек. Ағашты кептіру, жону, оған ұлттық нақышта ою салу апталаған, кейде айлаған уақытты алады. Бұл шеберлердің мақсаты — тек тұрмыстық бұйым жасау емес, әрбір ағаш оюы арқылы қазақтың тарихы мен философиясын жеткізу. Соның арқасында бүгінде қыз ұзату, үйлену тойларында ұлттық нақыштағы ағаш жиһаздарға деген сұраныс артып, бұл сала үлкен өндіріске айналып отыр.
Ежелден «ұстаның орны — төрде» деп темір балқытқан жандарды ерекше құрметтеген. Бүгінгі Шымкент ұсталары көне өнерді заманауи дизайнмен ұштастыра білді. Көрікті қыздырып, төс үстінде балқыған темірді илеген ұсталар сырт көз таңғалатын туындылар жасайды.
Қамшының сабы, сәндік қанжарлар, ат әбзелдерінің темір бөліктері, тіпті үй жиһаздарына арналған соғылған (кованый) өрнектер — бәрі осы жандардың маңдай терімен келеді. Ұсталық өнер — масылдыққа мүлдем жат кәсіп. Мұнда тек физикалық күш емес, темірдің тілін таба білетін сезімталдық пен төзімділік қажет. Адал еңбекпен шыңдалған бұл кәсіп иелері нарықта өз орнын тауып, мемлекетке телмірмей-ақ мол табысқа жетудің жолын көрсетіп жүр.
Ұлттық қолөнердің тағы бір күрделі әрі беделді бағыты — тері өңдеу шеберлігі. Шымкенттік хас шеберлер ірі қара мен қой-ешкі терісін ежелгі әдіспен илеп, заманауи үлгідегі бұйымдар дайындайды. Олардың қолынан шыққан тері торсықтар, қоржындар, сәндік киімдер мен естелік сыйлықтар Шымкенттің брендіне айналған.
Терімен жұмыс істеу ерекше ұқыптылықты талап етеді. Теріні иісінен арылту, оны жұмсарту және бетіне күрделі бедерлі өрнектер салу (тиснение) — нағыз зергерлік жұмыс. Бұл өнімдерге тек отандық тұтынушылар ғана емес, шетелдік туристер де үлкен қызығушылық танытуда.
Қолөнер — Шымкент үшін тек мәдени мұра емес, бұл — жүздеген отбасының тұрақты бизнес көзі. Жергілікті шеберлер «жұмыс жоқ» деп қол қусырып отырмай, өз ауласынан, шағын шеберханасынан үлкен береке тауып отыр. Ең бастысы, олар өздерімен шектелмей, қала жастарын еңбекке баулып, шәкірт тәрбиелеуде.
Ұлттық кәсіпті жаңғыртқан шеберлер — қоғамда еңбек мәдениетін қалыптастырудың нағыз үлгісі. Олардың қолдарынан шыққан әрбір туынды — адал еңбектің, маңдай тердің және ата-баба аманатына деген адалдықтың символы. Ұлттық құндылықты дәріптей отырып табыс табу — нағыз еңбек адамына тән қасиет.
ШЕБЕР ҚОЛДАР МЕН ҰЛТТЫҚ КӘСІП













Comments