
Өткенсіз болашақ, тарихсыз келешек жоқ. Бабалардың жүріп өткен жолын түгендеу, ел үшін туған тұлғалардың есімін ұлықтау — бүгінгі ұрпақтың қасиетті борышы. Осындай асқақ мақсатты арқалаған, Ұлытау мен Әулиеата өңірлерінің арасына рухани алтын көпір орнатқан тағылымды сапарымыз киелі Жамбыл облысында өз жалғасын тапты.
Бұл —тарихтың көмбеде жатқан алтын парақтарын парақтап, заманында Алты Алашқа аты мәлім болған біртуар тұлғалардың рухымен тілдесу, ұрпақтар сабақтастығын жаңғырту сапары болды.
Атағы Алты Алашқа жайылған Керімбай болыс кім?
Біздің бұл жолғы бағытымыздың негізгі өзегі — Түркістан өлкесінің Әулиеата уезінде өмір сүріп, парасатымен, білігімен әрі жомарттығымен ел есінде қалған айтулы тұлға, болыс, ағартушы әрі сазгер Керімбай Бұралқыұлының (1862–1924) тарихи мұрасын ұлықтау еді.
Шымыр Шыңқожа Қойгелді батырдың тікелей ұрпағы болып табылатын Керімбай болыс өз заманының нағыз реформаторы. Ол ұзақ жылдар бойы Әулиеата уезіне қарасты Билікөл, Жуалы, Қарабастау жерлерінде болыс болып, ел басқарды. Оның ақыл-парасаты мен әділдігі сондай, Түркістан өлкесінде, Ташкент, Шымкент, Әулиеата, Алматы аймақтарында Керімбай есімін білмейтін жан қалмаған. Тіпті Арқа төсі мен Сарысу өлкесіндегі найман, арғын шонжарларының арасында да оның беделі асқақ болған деседі.
Керімбай Бұралқыұлы тек билік айтқан болыс емес, сонымен қатар халықтың көзін ашуды ойлаған ағартушы, жаны нәзік сазгер болған. Әулиеата шаһарында өз қаражатына зәулім үй, мешіт және мектеп салдырып, ілім-білімнің дамуына өлшеусіз үлес қосты. Оның салдырған керуен сарайы Арқадан, Ташкенттен, жан-жақтан ағылған қонақтарды құшақ жая қарсы алатын қонақжайлылықтың ордасына айналған. Сол заманның ақындары мен күйшілеріне, өнер адамдарына үнемі демеушілік көрсетіп, қамқорлық танытып отырған екен.
Сапардың ең әсерлі әрі маңызды сәті — киелі жерде екі ұлы болыстың ұрпақтарының жүздесуі болды. Ел аузында сақталған аңыз әңгімелер мен тарихи деректерге сүйенсек, Бағаналы Найман елінен шыққан атақты Бұзау болыс пен Керімбай болыс өз заманында сыйласқан адал дос, үзеңгілес, мүдделес серіктес болған.
Қос арыстың үлгілі де өнегелі өмірі, олардың достық дәнекері жазушы Амангелді Ормантайдың «Керімбай болыс» атты повесть-хикаятында өте көркем әрі терең баяндалған. Міне, арада ғасырдан астам уақыт өткенде, сол баяғы бабалар достығының белгісіндей болып, Арқадан, Ұлытау төрінен Бұзау болыстың ұрпақтары Жамбыл жеріне арнайы ат басын бұрды. Бұл қазақы дәстүрдің, тамыр тереңдігінің нағыз көрінісі еді.
Сапардың шымылдығы
киелі Жамбыл жеріне табан тіреген сәтте біздің ең алғашқы барған қасиетті мекеніміз махаббат пен пәктіктің, ізгіліктің символына айналған, сәулет өнерінің теңдессіз маржаны Айша бибі анамыздың кесенесімен ашылды.
Сапарымызды осы қасиетті орыннан бастаудың өзіндік үлкен мәні бар еді. Мұнда біз Айша бибі анамыздың рухына тағзым етіп, арнайы Құран бағыштадық, ел амандығы мен жұрт тыныштығы үшін дұға қылдық. Бабалар рухына деген құрметтің бастауы болған бұл сәт бүкіл сапарымызға ерекше рухани қуат бергендей болды.
Айша бибі кесенесінен басталған мазмұнды сапарымыз одан әрі келесі тарихи орындарда жалғасын тапты.

Біз Жамбыл ауданына қарасты Ерназар ауылы маңында орналасқан Керімбай Бұралқыұлының зиратына барып, баба рухына Құран бағыштадық. Шараға арнайы Жамбыл облысының бас имамы қатысып, қасиетті мекенде екі болыстың ұрпақтары бас қосты.
1971 жылы Керімбай атаның ұрпақтары басына алғаш рет кесене тұрғызған екен. Уақыт өте келе сол кесененің тозығы жетіп, ескіргенін көрген ата ұрпағы, белгілі кәсіпкер азамат Сәбитхан Қожанов 2025 жылы өз қаражатына кесенені заманауи үлгіде толық жаңартып, қайта тұрғызған. Бұл — ұрпақтық парыздың үлкен үлгісі.

Мұнан соң сапарымыз облыстық ардагерлер кеңесінде жалғасты. Онда өңірдің зиялы қауым өкілдерімен, ақсақалдармен, ел ағаларымен кездесіп, тарихи деректер, қос болыстың ел басқарудағы өнегесі мен бүгінгі ұрпақ тәрбиесі төңірегінде келелі әңгіме өрбіді.
Ұлытаулық меймандармен бірге Тараз қаласындағы Керімбай Бұралқыұлының есімін иеленген №12 мектеп-гимназиясына бардық. Білім ордасында тұлғаның өмірі мен қызметіне арналған, қазіргі уақытта толықтырылып жатқан мұражайдың жұмысымен таныстық. Бұл мұражай келешекте жас ұрпақ үшін таптырмас тәрбие ошағы болмақ.
Ел мен жердің тарихын түгендеп, екі достың өнегелі өмірін құрметтеу мақсатында ұйымдастырылған бұл ауқымды сапардың жоғары деңгейде өтуіне мұрындық болған ел ағаларын ерекше атап өткен жөн. Сапарды белгілі саясаткер, парламентші, экономика ғылымдарының кандидаты Шамғон Кемелбеков пен Түркістан облысы мәслихатының депутаты, белгілі журналист, белсенді меценат Дулат Әбіш бастап, үйлестіріп алып жүрді.
Бұл рухани сапардың тағы бір маңызды ерекшелігі — оның ғылыми-зерттеу бағытымен ұштасуында еді. Экспедиция құрамында арнайы болған белгілі генеалог, мұрағат құжаттарын зерттеуші маман Нұржан Сәдірбекұлының еңбегін ерекше атап өткім келеді.
Тарихты тек аңызбен емес, нақты айғақтармен сөйлету — үлкен жауапкершілік. Нұржан Сәдірбекұлы сапар барысында қос болыстың өміріне, олардың қоғамдық-саяси қызметіне және шежірелік байланыстарына қатысты құнды мұрағаттық деректер мен тарихи құжаттарды нақтылап, іздестіру жұмыстарына зор үлес қосты. Бұл зерттеулер алдағы уақытта бабалар мұрасын ғылыми айналымға енгізуге үлкен септігін тигізері сөзсіз.
Азаматтардың ұлттық құндылықтарды ұлықтау жолындағы бұл еңбектері көпке үлгі.
Ұлылардың рухы разы болсын! Бабалар салған достық пен бірліктің жолы үзілмесін!












Comments