2025 жылғы 8 қыркүйекте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан – жасанды интеллект дәуірінде: өзекті міндеттер және цифрлық трансформация арқылы шешімдер» атты Жолдауын жариялап, еліміздің технологиялық және саяси жаңғыру бағытын айқындады.
Созақ аудандық орталық кітапханасында осы Жолдауды талқылауға арналған дөңгелек үстел өтті. Кітапхана басшысы Нұржамал Әбілжанқызы Президент Жолдауындағы жеті негізгі бағытқа жеке-жеке тоқталып, әрқайсысын терең талдап, кітапхана қызметкерлерімен пікір алмасып, кері байланыс орнатты. Кітапхана ұжымы цифрлық трансформация мен жасанды интеллектті кітапхана ісіне енгізудің жаңа мүмкіндіктерін қарастырып, әр бөлім мамандары Жолдаудағы жеті стратегиялық бағыттың білім мен мәдениет саласына әсерін саралады. Сондай-ақ оқырманға сапалы қызмет көрсету жолдарын жетілдіру, электронды кітап қорын кеңейту, онлайн ресурстарды көбейту жөнінде ұсыныстар білдірді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев бұл Жолдауында жеті стратегиялық бағытты атап өтті. Әр бағыт – еліміздің келешектегі дамуына серпін беретін маңызды қадам. Президент өз сөзінде: «Бұл – Қазақстанның болашағын айқындайтын, уақыт талабына сай жасалған нақты әрі батыл шешімдер», – деп атап өтті.
Президент ұсынған бастамаларды жүзеге асыру – Қазақстанда тұратын барша халықтың ортақ міндеті. Бұл қадамдар елдің тұрақты дамуы мен жасанды интеллект дәуірінде бәсекеге қабілетті мемлекет құруға жол ашады.
Comments