Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен жарияланған «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында Түркістан облысы, Созақ ауданы, Созақ ауылындағы «№1 колледж» МКҚК мен «Орталық Өндіруші кәсіпорны» ЖШС арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Бұл маңызды шара колледж бен кәсіпорын арасындағы білім беру мен өндіріс саласы арасындағы тығыз байланыс орнатуға бағытталған.
Аталған келіссөзге кәсіпорынның Адам ресурстарын басқару департаментінің директоры Ахметова Асель Сагатқызы, бас менеджер Сейтимова Сания Султанбекқызы, әлеуметтік жұмыс бойынша менеджер Бегұлы Бекзат және кәсіподақ төрағасы Таңатов Ғабит мырза арнайы қатысып, өз пікірлерін білдірді.
Меморандумның басты мақсаты – білім беру мен өндіріс арасындағы әріптестікті нығайту, студенттер үшін тәжірибе мен тағылымдамадан өту мүмкіндіктерін ашу, сондай-ақ білікті кадрлар даярлау. Бұл келісім колледж түлектерінің мамандық бойынша тәжірибе жинақтап, кейін тұрақты жұмысқа орналасуына мүмкіндік береді. Студенттерге нақты өндірістік ортада кәсіби дағдыларын жетілдіруге жағдай жасалатын болады.
Бұдан бөлек, екі тарап арасындағы ынтымақтастық тек мекемелер деңгейінде ғана емес, сонымен қатар құрылымдық бөлімшелер мен нақты мамандар деңгейінде де дамытылатын болады. Бұл колледжіміздің кәсіби білім беру саласындағы жетістіктерін арттырып, жастардың еңбек нарығында сұранысқа ие маман болып қалыптасуына жол ашады.
Колледж бен кәсіпорын арасындағы бұл ынтымақтастық аясында «Орталық Өндіруші кәсіпорны» колледжге атом өнеркәсібі, соның ішінде уран өндірісі мамандықтарына арналған кітаптар, жатақханаға жайлы төсек жабдықтары мен теледидарлар сыйға тартты. Бұл жас мамандардың кәсіби шыңдалуына қосымша мүмкіндік жасап, олардың оқу процесін одан әрі жетілдіруге ықпал етеді.
Бұл бастама білім беру мен өндіріс саласының арасындағы өзара байланыс пен үйлесімділікті нығайтуға септігін тигізіп, жас мамандардың болашақта кәсіби жетістіктерге жетуіне мол мүмкіндік береді. Барша тараптарға сәттілік тілей отырып, бұл ынтымақтастықтың тек колледж үшін емес, өңірдің экономикалық және әлеуметтік дамуы үшін де маңызды қадам екенін атап өткім келеді.
Б. Қордашбеков, «№1 колледж» МКҚК директоры
Comments