Бүгін Созақ ауданының орталығындағы Жібек жолы көшесінде «Мектепке жол» акциясы аясында жәрмеңке ұйымдастырылды. Бұл шараның мақсаты — мектеп жасындағы балаларға оқу құралдары мен мектеп формаларын қолжетімді бағамен ұсыну, әлеуметтік тұрғыдан көмек көрсету және жаңа оқу жылына дайындықты қамтамасыз ету.
Іс-шараға аудан әкімінің орынбасары Алтын Күнтуқызы қатысып, жәрмеңкеге келген тұрғындармен бірге кәсіпкерлердің ұсынған тауарларымен танысты. Ол кәсіпкерлердің қоғамға көрсетіп жатқан көмегі мен осы шараның маңыздылығын атап өтіп, мұндай бастамалардың жергілікті халыққа үлкен қолдау көрсететінін білдірді. Жергілікті кәсіпкерлер жәрмеңкеде кеңсе тауарлары, мектеп формалары, сондай-ақ балаларға арналған басқа да қажетті заттарды ұсыныстармен және қолжетімді бағамен сатты.
Айта кетейік, жаңа оқу жылы қарсаңында аудандағы атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасыларға көмек көрсетілуде. 1504 балаға мемлекет тарапынан әр балаға 46 228 теңгеден, жалпы 69 млн 526 мың 912 теңге көлемінде жеке көмек қарастырылған. Бұл қаражат мектепке қажетті оқу құралдары мен форма алу үшін бағытталды.
Сонымен қатар, бюджеттік мекемелер, мәслихат депутаттары, кәсіпкерлер мен өндіріс орындары тарапынан әлеуметтік аз қамтылған отбасылардың 500-ге жуық баласына оқу құралдары, мектеп формалары, аяқ киімдер мен сөмкелер табысталды. Бұл игі шараның негізгі мақсаты — аз қамтамасыз етілген отбасыларға қолдау көрсету, әр балаға жаңа оқу жылында қажетті заттарды қамтамасыз ету және білім алу мүмкіндіктерін теңестіру.
Бұл шара аудан тұрғындарының бірлігін, жергілікті кәсіпкерлер мен қоғамның әлеуметтік жауапкершілігін көрсететін маңызды оқиға болып табылады. Жәрмеңке барысында халықтың белсенділігі мен қолдауын көре отырып, осындай бастамалардың алдағы уақытта да тұрақты түрде ұйымдастырылуы қажет екені байқалады. Қазіргі таңда балалардың білім алуына тең мүмкіндіктер беру, әсіресе, аз қамтылған отбасыларға қолдау көрсету — еліміздің дамуына оң әсерін тигізетін бастама.
Аталған акция білім алу жолында қиындық көріп жүрген отбасылар үшін үлкен көмек болып табылады. Әлеуметтік жағдайы төмен отбасылар үшін мектепке қажетті құрал-жабдықтар мен киімдердің қолжетімді бағамен ұсынылуы — білім алудағы кедергілерді азайтып, әр баланың оқуына деген ынтасын арттырады. Бұл бастамалардың алдағы уақытта да жалғасын тауып, басқа да әлеуметтік шаралармен толықтырылса, балалардың толыққанды білім алуына жағдай жасауға зор ықпал етеді.
Comments