Ордабасы аудандық мансап орталығының мамандары арнайы топ құрып, Бөген, Қарақұм, Жеңіс ауыл округтерінде мемлекет тарапынан субсидияланатын жұмыс орындары бойынша зерттеу жұмыстарын жүргізді.
Бұл іс-шара мемлекет тарапынан қолдау көрсетілетін бағдарламалар арқылы жұмысқа орналасқан азаматтардың еңбек жағдайын жақсарту және олардың жұмыспен қамтылуын бақылау мақсатында ұйымдастырылды. Мансап орталығының мамандары құратын арнайы топтың міндеті – аудан көлеміндегі әлеуметтік бағдарламалардың тиімділігін, жұмысқа орналасу процестерінің дұрыс жүзеге асуын және жұмыспен қамтылған азаматтардың жағдайларын жан-жақты зерттеу.
Зерттеу барысында, әсіресе, «Жастар практикасы», «Алғашқы жұмыс орны», «Қоғамдық жұмыс», «Әлеуметтік жұмыс орны», «Күміс жас» бағдарламалары аясында жұмысқа орналасқан азаматтардың еңбек шарттары, әлеуметтік жағдайы, жұмыс орнындағы қауіпсіздік шаралары мен жалпы жұмысқа орналасу барысы тексерілді. Бұл бағдарламалар жас азаматтардың жұмысқа орналасу мүмкіндігін арттырып, олардың еңбек нарығында тәжірибе жинақтап, кәсіптік қабілеттерін жетілдіруге жағдай жасайды. Сонымен қатар, әлеуметтік осал топтар үшін арнайы жұмыс орындарын ұсыну арқылы қоғамның барлық мүшелерін тең құқықты жұмыс мүмкіндігімен қамтамасыз етеді.
Қоғамдық жұмыстар мен әлеуметтік бағдарламалар аясында жұмысқа орналасқан азаматтардың еңбек жағдайын зерттеу арқылы олардың жұмысқа орналасуының ұзақ мерзімді перспективада тиімді болуына жол ашылады. Бұл тек экономикалық тұрғыдан ғана емес, сондай-ақ әлеуметтік әл-ауқатын жақсарту, азаматтардың өз әлеуетін толық жүзеге асыру үшін маңызды қадам.
Сондай-ақ, бағдарламаларға қатысқан азаматтардың еңбек құқығының сақталуын қадағалау, жұмыс орындарының ұзақ мерзімді тұрақтылығын қамтамасыз ету, сондай-ақ азаматтардың еңбек етуіне қажетті барлық жағдайларды жасау маңызды болып табылады. Мұндай зерттеулер мен тексерулер мемлекетке өз бағдарламаларының тиімділігін бағалауға, сонымен қатар жергілікті деңгейде жұмыспен қамту саясатын жетілдіруге мүмкіндік береді.

















Comments