Біз бүгін Ордабасы аудандық мансап орталығының жұмыс іздеушілерді қолдау және еңбек нарығының ұтқырлығын арттыру бөлімінің басшысы Марат Жұматұлымен мемлекеттен көмек ретінде алатын қайтарымсыз грант туралы сұхбаттастық.
– Мемлекеттен кәсіп ашуға алған гранттың мақсатты жұмсалуы қадағалана ма? Негізгі шарты қандай?
– Әрине, қадағаланады. Ереже бойынша мемлекеттен бөлінген қаржы мақсатты жұмсалуы керек. Комиссия отырысынан оң шешімін алған азамат қандай да бір кәсібін іске асыру үшін қаражат алса, оны мақсатты пайдалануы қажет.
— Грантқа қатысушыға қандай талаптар қойылады?
— Негізінен жаңа бизнес-идеяны жүзеге асыруға арналған мемлекеттік грантқа белгілі бір санаттағы азаматтар үміткер бола алады. Олар: атаулы әлеуметтік көмек алушылар;
кәмелетке толмаған балалары бар көпбалалы отбасылар, асыраушысынан айрылу жағдайы бойынша әлеуметтік жәрдемақы алушылар, қоныс аударушылар және олардың еңбекке қабілетті отбасы мүшелері, қандастар, еңбекке жарамды мүгедектігі бар адамдар, мүгедектігі бар бала тәрбиелеп отырған отбасы. Үміткерде “Бастау Бизнес” жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқыту туралы үш жылдан аспаған сертификаты және жұмыссыз болуы керек. Тағы бір ескеретін жәйт, үміткердің жеке есеп шоты бұғатталмаған болуы керек.
– Қанша рет грант алуға болады?
– Өтеусіз және қайтарымсыз негіздегі грант сомасы – 400 АЕК, ол дегеніміз 2025 жылы 1 572 800 теңге. Әр қатысушы оны тек бір рет қана ала алады.
— Қандай жағдайда алынған қаржы кері қайтарылуы мүмкін?
— Үміткер комиссиядан оң шешімін тауып, грант ұтып алған жағдайда, екіжақты келісімшартқа қол қояды. Олар – еңбек мобильділігі орталығы және кәсіпкер. Грант берілгеннен кейін кәсіпкер қаражатты қаншалықты мақсатты жұмсалғанын және өз талаптарына сай пайдаланғаны тексеріледі. Ал қаражатты мақсатсыз жұмсалған фактілер анықталған жағдайда бірінші кәсіпкерге ескерту беріледі, ескертуді елемеген жағдайда кәсіпкер сот арқылы алған қаражатын қайтаруға міндетті болады. Грант қайтарымсыз болғанымен, оның да өз сұрауы бар. Егер ереже бұзылса, ақша міндетті түрде бюджетке кері қайтарылады. Былтырғы жылы ауданымыздың 114 азаматы комиссия қарауында оң шешім тауып, грантқа қол жеткізген болатын, алайда қаражатты мақсатсыз жұмсаған 2 азамат өз еркімен, 2 азамат сот арқылы кері қайтарды, 6 азамат кері қайтаруға сотқа өткізілді.
Мемлекет азаматтарға грантты несие жабуға, той-томалақ жасауға, қымбат телефон алуға емес, жаңа кәсіп ашуға немесе жаңадан бастаған кәсібін ары қарай дамыту үшін көмек ретінде береді. Азаматтар осыны түсінуі керек.
– Сұхбатыңызға рахмет.
Сұхбатты жүргізген Ордабасы аудандық мансап орталығының баспасөз хатшысы Г.Мырзабекқызы
Comments