Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментінің бастамасымен және жетекшілігімен «Сервистік және клиентке бағдарланған мемлекеттік аппаратты қалыптастыруға бағытталған қадамдық жоспарға» сәйкес, Қазығұрт ауданында ерекше маңызы бар «Қызмет алушылар күні» атты кең ауқымды қоғамдық іс-шара ұйымдастырылды.
Бұл іс-шараның негізгі мақсаты – мемлекеттік көрсетілетін қызметтер саласында ашықтық пен әділдікті қамтамасыз ету, азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру, сондай-ақ халықпен тиімді және нәтижелі кері байланыс орнату арқылы мемлекеттік қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін жақсарту болып табылады.
Іс-шараға “Азаматтарға арналған үкімет” мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ Түркістан облысы филиалының Қазығұрт аудандық Халыққа қызмет көрсету бөлімі, аудандық полиция бөлімі, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі, сондай-ақ өзге де уәкілетті мемлекеттік органдардың өкілдері белсенді түрде қатысты. Бұл мемлекеттік және құқықтық мекемелердің бірлескен жұмысы азаматтарға толық және сапалы қызмет көрсетудің тиімділігін арттырды.
Шара барысында келушілерге тұрғылықты жері бойынша тұрақты және уақытша тіркеу, қандас мәртебесін алу, шетелге шығуға қажетті құжаттарды рәсімдеу, әлеуметтік көмекке жүгіну, жұмысқа орналасу мүмкіндіктері және басқа да өзекті мәселелер бойынша жан-жақты кеңестер мен түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Азаматтар тарапынан қойылған сұрақтарға сала мамандары нақты әрі толық жауап беріп, қажет болған жағдайда әдістемелік көмек көрсетілді. Бұл халықтың мемлекеттік қызметтерге деген сенімін арттыруға және олардың құқықтарын қорғауға бағытталған маңызды қадам болды.
Сонымен қатар, Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің облыстық департаменті әзірлеген ақпараттық брошюралар мен нұсқаулықтар тұрғындарға таратылып, электрондық үкімет порталының пайдалану жолдары, eGov Mobile қосымшасының кең мүмкіндіктері, Telegram-бот қызметтері, сондай-ақ мемлекеттік қызметтерді алу барысында туындайтын мәселелер бойынша шағымдану тетіктері жан-жақты және түсінікті түрде түсіндірілді. Бұл ақпараттық қолдау азаматтарға цифрлық қызметтерді тиімді пайдалану мүмкіндігін арттырып, электронды қызмет көрсету жүйесінің ашықтығы мен қолжетімділігін қамтамасыз етеді.
Осы іс-шара арқылы Қазығұрт ауданының тұрғындары мемлекеттік қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін арттыруға бағытталған маңызды бастамалар туралы жан-жақты ақпарат алып, өз құқықтары мен міндеттерін терең түсінді. Бұл өз кезегінде азаматтардың мемлекеттік органдарға деген сенімін нығайтып, қоғамдағы ашықтық пен әділеттілікті одан әрі дамытуға септігін тигізеді.
Comments