ҚР парламенті Мәжілісінің депутаты Ұласбек Сәдібеков Бәйдібек ауданына жұмыс сапарымен келді.
Сапар аясында Ұласбек Сәдібеков аудан әкімі Нұрмаханов Ерлан Заипұлымен бірге аудан шаруаларымен кездесіп, ауыл шаруашылығы саласындағы бірқатар өзекті мәселелермен танысты.
Атап айтқанда, биылғы көктемгі кезеңде жауын-шашынның жеткіліксіз болуы салдарынан қалыптасқан қуаңшылық жағдайы кеңінен талқыланды. Шаруалар биылғы егіс жұмыстарының барысы, өнім көлемінің төмендеуі және келешек жоспарлар жөнінде ашық пікірлерін білдірді.
Кездесу барысында аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Тұрар Үркімбаев арнайы баяндама жасап, қазіргі ахуал бойынша нақты мәліметтермен бөлісті.
Аудан бойынша құрылған жұмысшы топтың алдын ала зерделеу қорытындысына сәйкес, 135 шаруашылықтың 25 240,3 гектар алқаптағы (оның ішінде күздік бидай – 12 081 га, жаздық бидай – 1 781,5 га, арпа – 5 869,9 га, мақсары – 5 507,9 га) егіні толықтай орылмайтындығы анықталған.
Шаруалар өз тараптарынан биылғы өнімнің төмен болуына байланысты тұқымдық қор қалыптастыра алмағандарын айтып, «Кең дала» бағдарламасы аясында көктемгі дала жұмыстарына алынған несие төлемдерін бір жылға кейінге шегеру жөнінде ұсыныс білдірді.
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ұласбек Сәдібеков көтерілген мәселелер мен ұсыныстардың барлығы ескерусіз қалмайтынын, тиісті мемлекеттік органдарға жеткізілетінін және шешу жолдары қарастырылатынын атап өтті.
Comments