Кентау қаласына ҚР Парламент мәжілісінің депутаты Ұласбек Сәдібеков жұмыс сапарымен келіп, бірақатар нысандарды аралады.
Алдымен Кентау трансформатор зауытына барды. Бұл кәсіпорын өңірдің өндірістік тірегі саналады. Зауыттағы технологиялық үдерістермен танысып, өнім көлемі мен сұраныс жағдайын зерделеді. Жұмысшылардың әлеуметтік жағдайы да тыс қалған жоқ. Ұжыммен ашық әңгімелесу барысында заманауи өндірістің дамуы, жаңа мүмкіндіктер мен шешімдерді талқылады.
Аралау барысы Кентау қаласындағы мамандандырылған «Дарын» мектеп-интернатында жалғасты. Мектеп ұжымымен кездесіп, білім беру сапасы, материалдық-техникалық база және педагогтердің ұсыныстарын тыңдады.
Мектеп ғимаратының жағдайымен танысқан парламент депутаты білім ордасына күрделі жөндеу жүргізу немесе жаңа нысан салу қажеттігін атап өтті. Бұл мәселе бойынша орталық мемлекеттік органдармен бірлесіп нақты шешім қабылдау керектігін айтты. «Жас ұрпаққа сапалы білім беру – біздің ең басты міндетіміз», деді.
Кентау қаласына жасаған сапары аясында Ш.Уәлиханов көшесінің бойында салынып жатқан №154 және №158 мекенжайларындағы көпқабатты тұрғын үйлердің құрылыс барысымен танысты. Мердігер ұйым өкілдеріне нақты тапсырмалар беріп, белгіленген мерзім ішінде жұмысты сапалы аяқтау қажеттігін ескертті.
«Жалпы, Кентау қаласында атқарылып жатқан істердің жүйелілігі мені қуантты. Бұл өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы – мемлекеттік бағдарламалардың тиімді жүзеге асып жатқанын көрсетеді. Парламент депутаты ретінде мен мұндай бастамаларға заңнамалық деңгейде қолдау көрсетуге әрдайым дайынмын. Жергілікті атқарушы органдармен және партия құрылымдарымен бірлесіп, Кентаудың өсіп-өркендеуі үшін нақты қадамдар жасай беретін боламыз», деді Ұласбек Сәдібеков.
Comments