Аймақ

МӘЖІЛІС ДЕПУТАТТАРЫ ОРДАБАСЫ АУДАНЫНДА

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары Қайрат Балабиев пен Нұрсұлтан Байтілесов жұмыс сапарымен Түркістан облысына қарасты Ордабасы ауданына келді. Сапар аясында халық қалаулылары, облыстық мәслихат депутаттары және жергілікті билік өкілдерімен бірге аудан аумағындағы бірқатар әлеуметтік және өндірістік нысандарды аралап, тұрғындармен кездесіп, өзекті мәселелерге құлақ асты. Аудан әкімі Азат Оралбаев аймақта атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады.
Алдымен депутаттар Шұбарсу ауылындағы 600 орындық және Ынтымақ елді мекеніндегі 200 орындық жалпы орта мектептердің құрылыс жұмыстарымен танысты. Мектеп құрылыстарының сапасы, құрылыс қарқыны мен мердігер ұйымдардың жұмыс тәртібі депутаттар тарапынан егжей-тегжейлі зерделенді. Олар білім беру инфрақұрылымын жақсарту «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасында көрсетілген басым бағыттардың бірі екенін атап өтіп, аталған нысандардың уақытылы әрі сапалы тапсырылуын қатаң бақылауға алатындарын жеткізді.
Сапар барысында депутаттар Ықыластемір елді мекенінде орналасқан «Altyn Land» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің автоматтандырылған қыш зауытына арнайы барып, зауыттың өндірістік үдерісімен және еңбек ұжымымен танысты. Мұнда өндіріс қуаты, автоматтандырылған жүйелердің жұмысы, экологиялық қауіпсіздік және жұмысшылардың әлеуметтік жағдайы кеңінен талқыланды. Депутаттар кәсіпорынның аймақ экономикасын дамытудағы үлесін жоғары бағалап, мемлекет тарапынан өндіріс секторын қолдау жалғаса беретінін жеткізді.
Мәжіліс депутаттары Ордабасы аудандық «AMANAT» партиясы филиалының ғимаратында қоғамдық қабылдау өткізіп, тұрғындардың талап-тілектерін тыңдады. Қоғамдық қабылдауға аудан тұрғындарымен қатар, жергілікті атқарушы орган өкілдері, облыстық және аудандық мәслихат депутаттары қатысты.
Қабылдау барысында ауыл тұрғындары тарапынан ауыз су мен ағын су тапшылығы, инженерлік инфрақұрылымдардың тозуы, жол жөндеу, білім және денсаулық сақтау салаларындағы өзекті мәселелер көтерілді. Сонымен қатар әлеуметтік қолдау, жұмыссыздық, тұрғын үйге қолжетімділік, зейнетақы мен жалақы мәселелері де назардан тыс қалмады.
Депутаттар барлық көтерілген мәселелерді мұқият тыңдап, кейбір сұрақтарға сол жерде жауап беріп, күрделі әрі ауқымды мәселелер бойынша тиісті министрліктер мен мемлекеттік органдарға нақты ұсыныстар жолданатынын жеткізді.
🔰Кездесу барысында Қайрат Рахымұлы мен Нұрсұлтан Төленұлы ордабасылықтармен Парламент Мәжілісінде атқарылған жұмыстар жөнінде қысқаша ақпарат берді. Олар 2025 жылы іске асырылатын заңнамалық бастамалар мен мемлекеттік бағдарламалардың негізгі бағыттарымен бөлісіп, Мәжіліс қабырғасында қаралып жатқан реформалар туралы баяндады.
Халық қалаулылары тұрғындармен жиі жүздесіп, әрбір ұсыныс пен мәселені Парламент деңгейінде көтеруге дайын екендерін атап өтті. Олар жергілікті билік өкілдерімен, мәслихат депутаттарымен бірлесе жұмыс істеу арқылы әлеуметтік мәселелердің оң шешім табуына ықпал ететіндерін жеткізді.

САЙРАМ: АУЫЛДА АРНАЙЫ КИІМ ӨНДІРІСІ ЖОЛҒА ҚОЙЫЛДЫ

Алдыңғы

«ҚАРЫЗСЫЗ ҚОҒАМ» ЖОБАСЫНА ҚАТЫСЫП, ҚАРЫЗЫ ТҮГЕЛ ЖАБЫЛДЫ

Келесі

Оқи отырыңыз

Comments

Leave a reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *