Бүгін «AMANAT» партиясы Сайрам аудандық филиалының атқарушы хатшысы, аудандық мәслихат депутаты Қуаныш Сыздықов, аудандық мәслихаттың депутаты, партия фракциясының мүшесі Дархан Айдарханов және Қарамұрт ауылдық округінің әкімі Мамуржан Нажиев Қарамұрт ауылдық округінде орналасқан «SMTextile» ЖШС-ның тігін фабрикасының еңбек ұжымымен кездесті.
Кездесу Жұмысшы мамандықтар жылы аясында ұйымдастырылып, өндіріс орнындағы жұмыс барысымен танысу, қызметкерлердің жағдайы мен кәсіпкерлік бағытындағы жоспарларды талқылауға арналды.
Бүгінде «SMTextile» ЖШС тігін фабрикасы 60 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Өндіріс орнында әскери қызметкерлерге, мұнай және теміржол саласының мамандарына арналған арнайы киімдер, сондай-ақ түрлі бағыттағы жұмыс киімдері тігіліп, дайын өнім ретінде Қазақстан, Ресей және өзге де көрші мемлекеттерге экспортталады.
Кәсіпкер Сарвар Тургунбаевтың айтуынша, алдағы уақытта ауылдық елді мекендерде қосымша тігін цехтарын ашу және жаңа жұмыс орындарын құру жоспарланып отыр. Бұл өз кезегінде ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтуға және өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосуға мүмкіндік береді.
Кездесу барысында ауыл әкімі мен халық қалаулылары кәсіпкерлік бастамаларға қолдау білдіретіндерін айтып, алдағы құрылыс жұмыстары үшін арнайы орындар қарастырылатынын жеткізді. Сонымен қатар, тігін фабрикасы ұжымына табыс тілеп, жұмысшы мамандықтардың беделін көтеру – ортақ міндет екенін атап өтті.
Comments