Арыс қаласын толықтай табиғи газға қосу бағытында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Жобаға сәйкес, жыл соңына дейін қала толық газдандырылып, тұрғындар көгілдір отын игілігін көреді деп жоспарлануда.
Осы орайда бүгін қала әкімі Қайсар Маңқараев қаланы кезекті аралау барысында атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен танысты. Алдымен, газдандыру жұмыстарын сенімгерлік басқаруға алып, жүзеге асырып жатқан «Otebay Gaz» мекемесіне барды. Қазіргі таңда бұл мекеме орталық көшелерде орналасқан газ құбырларындағы ақауларды жойып, қысымдау жұмыстарын жүргізуде.
Қала басшысы мердігер компания өкілдеріне жұмысты ширата түсіп, газдандыру ісін жыл соңына дейін толық аяқтау жөнінде нақты тапсырма берді.
Әрі қарай, қала әкімі М.Жұмабаев, М.Әуезов және Амангелді көшелеріндегі газ монтаждау жұмыстарының барысын бақылады. Қазіргі таңда 30-дан астам арнайы мамандандырылған бригада газ жүйелерін сығымдап, іске қосуға әзірлік жасауда. Жауапты мамандардың айтуынша, барлық жұмыстар күзге дейін толық аяқталады деп жоспарланып отыр. Дегенмен, тиісті сынақтан өтіп, сығымдау жұмыстары толық аяқталған көшелерде көгілдір отынды күзді күтпестен, ертерек қосыла бермек.
Сонымен қатар, әкім Самал (Парковый) тұрғын ауданында болып, мұндағы газ жүйелерін жүргізу жұмыстарын көріп шықты. Бұл аумақ та алдағы айларда толық табиғи газға қосылмақ.
Өз кезегінде газ жеткізуші мекеме өкілдері тұрғындар тарапынан жеке үйлерге газ монтаждау жұмыстарының тым баяу жүріп жатқанын айтып, алаңдаушылық білдіруде. Олардың айтуынша, күзге қарай қала толық газға қосылғанда, бір мезетте монтаждау жүргізуге ниеттілер саны артса, ұзын-сонар кезек пен техникалық кідірістер туындауы мүмкін.
Осыған байланысты қала әкімі тұрғындарды бүгіннен бастап өз үйлерінде газ тарту жұмыстарына дайын болуға және алдын ала әрекет етуге шақырды. Сондай-ақ, бұл бағытта түсіндіру жұмыстарын күшейтіп, әрбір тұрғынға жеткізу қажеттігін жауапты тұлғаларға тапсырды.
Айта кетейік, Арыс қаласы бойынша жалпы 9 мыңнан астам абонент табиғи газға қосылуы тиіс болса, соның ішінде 3 700-ден астам тұрғын қажетті монтаждау жұмыстарын дер кезінде атқарып, үйлерінде табиғи газды пайдаланып отыр. Ал қазіргі таңда қала орталығындағы 5 мыңнан астам тұрғын үйге көгілдір отынға қосылу мүмкіндігі толық бар. Өкінішке қарай, көпшілік тұрғындар монтаждау жұмыстарына әлі де бейқам қарап отыр.
Осы ретте барша азаматтарды бүгіннен бастап үй ішіне дейінгі газ тарту жұмыстарын ертерек жүргізіп, табиғи газға қосылуға дайын болуға шақырамыз. Бұл — сіздің де, отбасыңыздың да жайлы өмірі үшін маңызды қадам екені анық.
Comments