Мақтаарал ауданының әкімі Бақыт Асанов жұмыс сапарымен Атакент кентінде болып, Қазақстан мен Өзбекстан шекарасының маңындағы «Орталық Азия» халықаралық өндірістік кооперация орталығы құрылысының алдағы жоспарларымен танысты. Сапар барысында аудан басшысы аталған нысанға бөлінген жер телімінің аумағын аралап шығып, инфрақұрылыммен қамтамасыз етілу мәселелерін тиісті сала мамандарымен жан-жақты талқылады.
Аудан әкімі өз сөзінде аталған орталықтың екі ел арасындағы өндірістік, сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамытудағы рөліне ерекше тоқталып, бұл жобаның стратегиялық маңыздылығын атап өтті. Оның айтуынша, халықаралық кооперация орталығының іске қосылуы — шекаралық аймақтардағы экономикалық белсенділікті арттырып қана қоймай, жаңа жұмыс орындарының ашылуына, кәсіпкерліктің дамуына және экспорттық әлеуеттің өсуіне мүмкіндік береді.
Сонымен қатар өңір әкімі Мақтаарал ауылдық округіне қарасты Игілік елдімекенінде орналасқан «Агрогруз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жұмысымен танысты. Ауыл шаруашылығы саласында жүзеге асып жатқан бұл инвестициялық жоба бүгінде құрылыстың аяқталу кезеңінде. Нысан қажетті инфрақұрылыммен толық қамтамасыз етілген, заманауи технологиялармен жабдықталған. Бұл жоба шетел нарығына бақша өнімдерін экспорттауға бағытталған. Жоспар бойынша серіктестік жылына 6 мың тоннаға дейін қауын-қарбыз және өзге де бақша өнімдерін экспортқа шығаруға қауқарлы. Бұл – аймақ үшін ғана емес, республика үшін де маңызды көрсеткіш.
Comments