Жақсылық – жанның нұры. Осындай игі істердің жарқын үлгісін Түлкібас ауданының түлектері тағы бір мәрте көрсетті. Б.Момышұлы атындағы мектептің 2005 жылғы түлектері мектеп бітіргендеріне 20 жыл толуына орай, жалғыз басты, 3 баланың анасына Түлкібас кентінен жеке тұрғын үй сыйлады.
Жалғыз өзі үш бірдей баланы бағып-қағып отырған ананың қуанышы мен көзіндегі алғысы шараға жиналған жұртты толқытпай қоймады. Баспана кілтін тапсыру рәсімі салтанатты түрде ұйымдастырылып, аудан тұрғындарына үлгі боларлық қайырымдылық шараға айналды.
Ізгі шараға Түлкібас ауданы әкімінің орынбасары Ғани Құрманбай, аудандық мәслихаттың төрағасы Серғали Сәрсембаев, аудандық мәслихат депутаты Ерлік Құлжанбаев, сондай-ақ Түлкібас кентінің әкімі Ескендір Айтымбетов арнайы қатысты. Жергілікті билік өкілдері түлектердің ауызбіршілігін, туған жеріне деген сүйіспеншілігін жоғары бағалап, осындай азаматтық ұстаным әрбір жанға үлгі боларлық екенін атап өтті.
— Бүгін біз ізгіліктің, елжандылықтың, бауырмалдықтың керемет көрінісіне куә болып отырмыз. Қайырымдылық – жүректен шығып, жүрекке жететін үлкен күш. Осындай игі іс жасап отырған түлкібастық азаматтарға аудан басшылығының және бүкіл халықтың атынан алғысымды білдіремін. Бірлігіміз бекем, жүрегіміз жұмсақ, ниетіміз түзу болсын! – деді аудан әкімінің орынбасары Ғани Құрманбай өз сөзінде.
Қайырымдылық жиын барысында Қадырбай баба мешітінің имамы жаңа қоныс иелерінің және түлектердің дүниеден өткен ата-аналары мен туыстарына Құран бағыштап, дұға оқыды. Арнайы дастархан жайылып, ауыл ақсақалдары ақ баталарын беріп, игі тілектерін арнады.
— Біз бұл қайырымдылықты бір реттік емес, жалғасын табатын шара ретінде қабылдаймыз. Мектеп бізге білім ғана емес, достықты, бірлікті, адамгершілікті үйретті. Бүгінгі игі істің бастамашысы болған сыныптастарыма алғысым шексіз. Қиын күнде қамкөңіл жанға қуаныш сыйлау – нағыз азаматтық парыз, – дейді түлектердің бірі.
Жомарт жүректі түлкібастық түлектердің бұл ісі — шын мәнінде елдік пен ерлікке пара-пар қадам. Ел боламын деген жұрттың ертеңін осындай азаматтар қалыптастырады. Қайырымдылық жасау арқылы қоғамға үміт сыйлап жүрген осындай ізгі жандардың қатары көбейе берсін!
М.Оралбек.
Comments