Балалардың жазғы демалысын тиімді әрі мазмұнды ұйымдастыру Келес ауданында жыл сайынғы дәстүрге айналған игі шаралардың бірі. Осы мақсатта ағымдағы жылдың 11 маусымында ауданның алғашқы 170 оқушысы Төлеби ауданында орналасқан «Таң-Шолпан» оқу-сауықтыру лагеріне жол тартты.
Аталған лагерьде балалар үшін барлық қажетті жағдайлар қарастырылған. Табиғат аясында өткізілетін демалыс барысында оқушылар әртүрлі спорттық жарыстарға, ұлттық және заманауи би сайыстарына, танымдық викториналар мен мәдени-көпшілік іс-шараларға белсене қатысады. Сондай-ақ, балаларға дәруменге бай, сапалы тағамдар ұсынылып, олардың денсаулығы мен қауіпсіздігіне ерекше мән берілуде.
Жаңа ортаға бейімделу арқылы балалар жаңа достар тауып, жағымды эмоциялар мен қуанышты сәттерге толы демалыс күндерін өткізуде. Лагерь тәрбиешілері мен жетекшілері әр баланың уақытын қызықты әрі пайдалы өткізуіне жағдай жасап отыр.
Айта кетейік, биылғы жазғы маусымда Келес ауданы бойынша барлығы 1500 оқушыны сауықтыру лагерьлеріне жіберу жоспарланған. Олардың қатарында әлеуметтік осал санаттағы – жетім балалар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, аз қамтылған және көпбалалы отбасылардан шыққан балалар, сондай-ақ оқу озаттары мен белсенді оқушылар қамтылған.
Comments