Бүгін Отырар ауданында «Заң мен тәртіп – қоғам тірегі» тақырыбында кеңейтілген мәжіліс өтті. Жиынға Қаржылық мониторинг агенттігінің Түркістан облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің басшысы Балғабаев Ерболат Темірболатұлы, ауыл округ әкімдері, мекеме басшылары, ата-аналар комитеті, білім және мәдениет саласының қызметкерлері қатысты.
Жиынды аудан әкімі Қайрат Жолдыбайұлы ашып, құқық бұзушылыққа ықпал ететін негізгі себептер мен жағдайларды жою басты міндет екенін атап өтті.
Шара барысында Түркістан облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің аға жедел уәкілі Қарсыбай Гүлзия Нұрғалиқызы баяндама жасап, заң талаптарын сақтау, құқық бұзушылықтың алдын алу, және жасөспірімдердің жауапкершілігі жөнінде маңызды мәліметтермен бөлісті.
Жалпы ауданда құқық бұзушылықтардың алдын-алуға бағытталған іс-шаралар жоспары бектіліп, профилактикалық жұмыстар күнделікті бақылауға алынған. Сондай-ақ, жасөспірімдердің түнгі уақытта жүрмеуін бақылау мақсатында рейд жұмыстары тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді.
Келелі басқосуда Жамбыл атындағы мектеп-гимназиясының директоры Хадиша Қылышаева отбасы құндылықтары, мұғалім мен қоғам арасындағы ынтымақтастық жөнінде өз пікірін білдіріп, жиынға арнайы келіп түсіндіру жұмыстарын жүргізген департамент басшылығына алғысын айтты.
Жиынды департамент басшысы Ерболат Темірболатұлы қорытындылып, қоғамдағы тәртіп пен тыныштықтың кепілі заңға деген құрмет пен оны сақтау екендігін айтып, қоғамда өскелең ұрпақтың тәлім-тәрбиесі мен отбасы құндылықтарын сақтаудың маңыздылығын жеткізді.
Comments