Отырар ауданында әлеуметтік қолдауды цифрлық форматқа көшіру бағытында бірқатар іс-шаралар қолға алынды. Осыған орай, Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі жанынан құрылған «Отбасын қолдау орталықтарының қызметін жетілдіру жөніндегі жобалық кеңсе» өкілдері ауданға арнайы іс сапармен келді.
Жұмыс сапары барысында жобалық кеңсенің басшысы Фарида Сағындық пен Түркістан облысының «Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар» басқармасының басшысы Асия Құралқызы алдымен Отырар ауданының әкімі Жолдыбай Қайрат Жолдыбайұлының қабылдауында болды. Кездесуде аудандағы әлеуметтік қолдау қызметін жетілдіру, оның ішінде «Отбасын қолдау орталығы» жұмысын күшейту және орталыққа жаңа ғимарат қажеттілігі мәселелері талқыланды. Аудан басшысы бұл бағыттағы жұмыстарға қолдау көрсетілетінін айтып, әлеуметтік саланы дамытудың маңыздылығына ерекше тоқталды.
Аудан әкімінің қабылдауынан кейін жобалық топ мүшелері Отырар ауданындағы №1 жалпы білім беретін мектепке барып, сол жерде ұйымдастырылған оқыту семинарына қатысты.
Семинарға ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің бастамасымен енгізіліп жатқан FSM Social және Socium автоматтандырылған ақпараттық жүйелерін таныстыру және түсіндіру мақсатында жобалық кеңсе басшысы Фарида Сағындық, Түркістан облысының «Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар» басқармасының басшысы Асия Құралқызы, сондай-ақ салалық мамандар қатысты.
Жиынды аудан әкімінің орынбасары Айдос Құлмаханұлы ашып, қатысушыларға семинардың маңызы мен мақсаттарын түсіндірді. Семинар жұмысына аудандық полиция бөлімі, орталық аурухана мен емханалардың қызметкерлері, мектеп директорлары мен олардың тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары, әлеуметтік педагогтар, ауыл округтері әкімдері және әлеуметтік мамандары, аудандық «Отбасын қолдау орталығы» КММ мамандары белсенді қатысты.
FSM Social және Socium платформалары – әлеуметтік көмек көрсету үдерісін автоматтандырып, мемлекеттік мекемелер арасындағы байланыс тиімділігін арттыруға мүмкіндік беретін цифрлық жүйелер. Сонымен қатар, бұл платформалар шешім қабылдау сапасын жақсартуға, адами қатені азайтуға және әлеуметтік сала мамандарының жұмысын жеңілдетуге бағытталған.
Comments