Отырар ауданының әкімі Қайрат Жолдыбайұлы аудандағы ағын су мәселесі бойынша каналдарды аралап, шаруалармен жүздесті. Бұған дейін Қоғам, Қарғалы елдімекендерінің диқандары егістікке алғашқы су алу кезеңінде ағын су берілмей жатқанын айтып, осы мәселені шешіп беруін сұраған болатын. Аудан басшысы осы салаға жауапты мекемелер мен бөлімдердің мамандарымен кездесіп, Қоғам ауыл округіндегі «Қызыл-Ту» насос станциясында орналасқан 6 дана СНП насосы іске қосу туралы тапсырмалар берді.
Бүгін аудан әкімі аталған тапсырмалардың орындалу барысын көзбен көріп, ағын суды шаруаларға толық жеткізудің мүмкіндіктерін саралады. Бүгінде шаруалардың егістік жерлеріне ағын су жеткізу үшін Қоғам ауыл округіндегі «Қызыл-Ту» насос станциясынан 6 дана СНП насосы іске қосылған. Қазіргі таңда 6 дана насостың 5-еуі толық жұмыс істеп тұр. Ал, 1 дана насос құрылғысы жөнделіп, қайта іске қосу жұмыстары атқарылуда.
Аралау барысында аудан басшысы шаруаларға қажетті уақытта ағын судың тұрақты берілуі керектігін айтып, барлық су айдағыш насостың іске қосылуын қадағалауды жауапты сала орынбасарына жүктеді. Бұл мәселе аудандағы шаруалардың ғана емес, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына кері әсер ететіндігін айтқан аудан әкімі аталған жұмыстар күнделікті бақылауында болатындығын ескертті.
Comments