Келесте аудандық «Жастар ресурстық орталығының» ұйымдастыруымен ұлттық салт-дәстүр мен құндылықтарды насихаттауға бағытталған «Ауыл Fest – Бірлік пен Береке мекені» атты шара өтті.
Шараның басты мақсаты – ауыл жастарының белсенділігін арттыру, ұрпақтар сабақтастығын сақтау және ұлттық құндылықтарды дәріптеу. Шара барысында арқан тарту, ләңгі тебу, садақ ату, қошқар көтеру, қамыр ашыту, таба нан пісіруден жарыстар ұйымдастырылып, ауыл тұрғындарының қызу қолдауына ие болды.
Сондай-ақ, жиын барысында ән мен күй әуелеп, ұлттық тағамдардың дәмі мен спорттық ойындар көрермендерге ерекше әсер қалдырды. Жастар мен аға буынның бір арнада тоғысуы – ауылдағы ауызбіршіліктің айқын көрінісіне айналды. Іс-шара соңында жеңімпаздарды марапаттау рәсімі өтті. Жарыс нәтижесінде “Қошқарата” ауылының жастар командасы 1-орынды иемденсе, “Ошақты” ауылының өрендері 2-орынға жайғасты. Үздік үштікті “Жамбыл” ауылының жастары қорытындылады.
Comments