Қайтпас шағынауданында ойын және ашық спорт алаңшаларының құрылысына қажетті жер телімі анықталды. Бұл туралы Қаратау ауданы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Қаратау ауданы әкімінің аппараты мен «Мемлекеттік корпорация» КЕАҚ «Азаматтарға арналған үкімет» қызметкерлері Шымкент қаласы бойынша мемлекеттік жер кадастрының мамандарымен бірлесіп, Қайтпас шағын ауданында балаларға арналған ойын және ашық спорт алаңшасын салу мақсатында бос жер телімдеріне далалық зерттеу жұмыстарын жүргізген.
— Бүгінде аталған шағынаудандағы М.Оразалиев көшесінің бойынан бір бос жер телімі анықталып, Шымкент қалалық сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасына мемлекеттік акт алу бойынша комиссияға ұсынылды. Нәтижесінде комиссия оң қорытынды беріп, Қаулы шығару үшін нысанды орналастыру жобасы әзірленуде. Сонымен қатар, аталған бос жер телімін мемлекет теңгеріміне заңдастырылуына орай, ойын алаңшасын салу бойынша сметалық құжаттама әзірленді, енді бюджетке өтінім ұсынылмақ, — дейді Қаратау аудандық әлеуметтік қорғау, мәдени даму және мемлекеттік қызмет көрсету бөлімінің бас инспекторы Айнұр Қуатжанқызы.
Айта кетейік, жыл соңына дейін ауданда 41ойын алаңшасы, 10 спорт алаңшасын салу жоспарланған.
«Шымкент келбеті» — Замира АЛДАБЕРГЕНОВА
Comments