Жаңалықтар

АҚ ХАЛАТТЫЛАРДЫҢ ЕҢБЕГІ ЖӘНЕ ШАЛА ТУҒАН СӘБИЛЕР МЕРЕКЕСІ: ШЫМКЕНТТЕ 200-ГЕ ЖУЫҚ АТА-АНА БАС ҚОСТЫ

 Өмірге уақытынан ерте келген әрбір сәбидің амандығы мен денсаулығы – кәсіби шеберлік пен шексіз мейірімнің тоғысқан нәтижесі. Осы орайда 17 қараша – Дүниежүзілік шала туған нәрестелер күніне орай Шымкент қаласындағы перзентханаларда ерекше мерекелік іс-шаралар ұйымдастырылды. Мемлекеттік деңгейдегі «Еңбек адамы», «Адал азамат» және «Заң мен тәртіп» құндылықтарымен үйлескен бұл кездесу кішкентай батырлардың өмірге деген талпынысын дәріптеп, ата-аналарға рухани қолдау көрсетуге бағытталды.

Мерекелік шараның басты мақсаты – ерте туған сәбилердің әрбір жетістігін атап өту, отбасыларға демеу болу және балалардың өмірге құштарлығын айшықтау. Кездесуге 200-ге жуық ата-ана қатысты. Олардың арасында үшемдер мен егіздер, сондай-ақ жүктіліктің 24–27 аптасында, салмағы небәрі 650 грамм болып дүниеге келген сәбилер бар. Бүгінде ширап, қатарға қосылған балалардың жетістігі ата-аналар мен дәрігерлер үшін ерекше қуаныш сыйлады.

Іс-шара барысында ақ халатты абзал жандар ата-аналармен жүздесіп, сәбилердің жетістіктеріне ортақтасты. Салмағы төмен болып туған батыр бүлдіршіндерге арнайы марапат қағаздары мен естелік сыйлықтар табысталды. Сонымен қатар сәбилер мен ата-аналарға мерекелік дастархан жайылып, аниматорлардың қатысуымен түрлі ойындар мен қызықты бағдарламалар өтті. Жылы әңгіме, ақжарма тілектер мен шаттыққа толы сәттер отбасыларға көтеріңкі көңіл күй сыйлады.

Мамандардың айтуынша, шала туған нәрестелер ерекше медициналық күтім мен тұрақты бақылауды қажет етеді. Сәбилердің жағдайы тұрақтанып, салмағы қажетті деңгейге жеткенше орта есеппен 60–120 күнге дейін дәрігерлердің бақылауында болады. Әрбір сәбидің амандығы үшін тер төгіп, тәулік бойы еңбек ететін неонатологтер мен медбикелердің ісі – нағыз Еңбек адамының кәсібилігі мен жауапкершілігінің айқын үлгісі.

Мұндай кездесулер ата-аналардың дәрігерлерге деген сенімін арттырып, қиын кезеңде бірге еңсерген сынақтардың өмірге деген алғыс пен үмітке ұласатынын көрсетеді. Баланың әрбір граммы мен әрбір жетістігі үшін күресетін мамандардың қолдауы отбасыларға ертеңгі күнге сеніммен қарауға күш береді.

Сонымен қатар, ана мен бала денсаулығын сақтаудағы жүйелі бақылау мен медициналық талаптардың орындалуы заң мен тәртіп және Адал азамат қағидаттарымен тікелей үндеседі. Отбасының жауапкершілігі мен дәрігердің адал еңбегі біріккен жерде өмірге деген үміт нығайып, ел болашағы – сау ұрпақ өсіп жетіледі.

«АДАЛ ЕҢБЕК» СУРЕТ КӨРМЕСІ: №31 МЕКТЕП ОҚУШЫЛАРЫ ЕҢБЕК ПЕН МАМАНДЫҚ ҚҰНДЫЛЫҒЫН БЕЙНЕЛЕДІ

Алдыңғы

Оқи отырыңыз

Comments

Leave a reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *