— Бүгін- Шымкент жастар лигасында кезекті жарыс күні. Нақтырақ айтар болсақ, баскетболдан Қаратау ауданы бойынша іріктеу сындары өтіп жатыр. Оған 36 мектептің үмітін арқалаған командалар қатысуда. Олар өзара 4 топқа бөлініп бақ сынауда.
Сағадат Нұрмағамбетов атындағы №72 орта мектептің спорт залында А тобындағы 8 команданың тартысты ойындары өтіп жатыр. Мұндағы балалардың көңіл-күйі көтеріңкі, белсенділігі жоғары. Жас спортшылардың бойынан жеңіске деген зор құлшыныс пен мұқалмас ерік-жігерді байқауға болады. Әрбір ойын аса тартысты өтіп жатыр. Себебі, жарыстың ережесіне сәйкес, финалдық кезеңге әр топтан бір-бір команда ғана жолдама алады.
-Шымкент қаласының Абай және Әл-Фараби аудандарында баскетболдан іріктеу сындары аяқталған. Ол жерде финалдық кезеңге жолдама алған командалардың тізімі белгілі. Енді олар Қаратау мен Еңбекші аудандарынан іріктеліп шығатын командаларды күтіп отыр,- дейді жарыстың баскетбол бойынша бас төрешісі Марат Андақұлов.
Төрешінің айтуынша, Шымкент жастар лигасына баскетбол командаларының барлығы тыңғылықты дайындықпен келген екен. Жас ойыншылардың физикалық дайындығы, жылдамдығы, дәлдігі мен шеберлігіне мамандар сүйсіне қарап отыр. Болашақта бұл жігіттердің арасынан халықаралық ареналарда ел намысын қорғайтын саңлақ спортшылар шығарына сенім мол.
-Баскетболмен айналысқан бала ширақ, епті әрі жан-жақты жетілген болады. Бұл командалық спорт болғаннан кейін жас жеткіншектерді ұйымшылдық пен өзара тіл табысуға да үйретеді. Жалпы маман ретінде, Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтеновтің Шымкент жастар лигасы атты біріншілікті ұйымдастыру туралы идеясын толық қолдаймын. Бұл бір жағынан балалардың бұқаралық спортпен айналысып, денсаулығын жақсартуына ықпал етсе, екінші жағынан оқушылардың зиянды әдеттерден аулақ болуына әсер етеді. Сол арқылы қалада жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтың азаюына да сеп болады, — дейді Марат Хамидинұлы.
Айта кетейік, Қаратау ауданы бойынша баскетболдан іріктеу кезеңінің ойындары Б тобында – №135 мектепте, Д тобында – №58 мектепте, ал, С тобында – №59 мектепте өтіп жатыр.
Comments