ҚР Парламенті Сенатының депутаттары Нұрлан Бекназаров пен Айгүл Қапбарова Шымкент қаласына іс-сапармен келді. Жұмыс сапары барысында Асар-2 шағынауданында тұрғындармен кездесіп, коммуналдық мәселелер бойынша жиналған жұрттың өтініш-тілектерін тыңдады.
– Сенаторлар жылына өңірлерді 2-3 рет аралауы керек. Іс-сапардың тағы бір мақсаты–Мемлекет басшысының биылғы Жолдауын халыққа түсіндіру. «Жаңа Қазақстанды» құру бойынша жоспар президенттік мемлекет, мықты Парламент және халық үніне құлақ асатын Үкіметке негізделген. Сондықтан билік пен халық арасындағы байланысты қайта нығайту керек, — деді Нұрлан Құдиярұлы.
Асар-2 шағынауданының ауыл биі Тұрдалы Шынасилов егжей-тегжейлі жоспар өзгерген кезде мың үй коммуналдық жүйелерден тыс қалып кеткенін жеткізді. Соның салдарынан тұрғындар табиғи газға қол жеткізе алмай отыр. Энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының басшысы Боранбай Булатов биыл жыл соңында егжей-тегжейлі жоспардан қалып қойған үйлерге газ бен ауыз су жыл соңына дейін берілетінін мәлімдеді.
Шағынаудан тұрғыны Гүлфайру Қалдыбаева жекеменшік компанияның жарық бағасы қымбат екенін және емхана мәселесін көтерді.
Сенатор Н.Бекназаров «ҚазТрансГаз» компаниясына халықтың өкпе-назы көп екенін, сондықтан алдағы уақытта газ таратушы мекеменің мәселесін қарауға арнайы жиын ұйымдастыру қажеттігін баяндады.
Алтынтөбе елді мекенінде жалғасқан халықпен кездесуде де тұрғындар негізінен газ мәселесін алға тартты. Елді мекенге табиғи газ жүргізілген, бірақ жеке үйлерге қосуда «ҚазТрансгаз» компаниясы құжат мәселесіне байланысты кедергі жасауда. Тұрғындар уақыты мен қаржысын аямай газға қосылуға әрекет етсе де, газ таратушы компания созбалаңға салып отыр. Өз кезегінде сенатор Айгүл Қапбарова «ҚазТрансГаз» мекемесін жеңілдік жақтарын қарастырып, халықты «көгілдір отынмен» қамтамасыз етуге күш салуға шақырды.
Қорытындылай келгенде, газ таратушы компанияның өкілі Нұрбек Рахманов тұрғындардан техникалық шартты қабылдап, үйлерді жеке-жеке газға қосу жұмыстарын бастауға уәде берді. Сонымен бірге кездесуде халық жайылым, ағын су, зиратқа жер бөлу мәселесін де сөз етті.
«Шымкент келбеті» — Әнуар ЖҰМАШБАЕВ, фото: Серік ҚОСАЕВ
Comments