Жас буынның шығармашылық ойлауын дамытып, зерттеушілік дағдыларын ерте жастан қалыптастыру – сапалы білім берудің басты міндеттерінің бірі. Осы мақсатта 2026–2027 оқу жылында 2–8 сынып оқушылары арасында өтетін «Зерде» республикалық зерттеу жобалары мен шығармашылық жұмыстар конкурсына белсенді дайындық жүргізілуде. Т. Тәжібаев атындағы №47 мектеп-гимназияның 2 «Ә» сынып оқушысы Дініқұл Әмина Нұрланқызы ғылыми жетекшісі Ауелкулова Перизат Асылханқызымен бірге «Технология, өнер, дизайн және креативті индустриялар» секциясы бойынша «Балалар банк картасы» тақырыбында зерттеу жобасын әзірлеп жатыр. Мемлекеттік деңгейдегі «Еңбек адамы», «Адал азамат» және «Заң мен тәртіп» құндылықтарымен үйлескен бұл жұмыс жас зерттеушінің талпынысы мен ғылыми жетекшінің жүйелі еңбегінің айқын көрінісі.
Жоба аясында балаларға арналған банк картасының ерекше дизайны мен күнделікті қолдануға ыңғайлылығы жан-жақты зерттелуде. Сонымен қатар, бастауыш сынып оқушыларының қаржылық сауаттылығын арттыруға бағытталған креативті шешімдер ұсынылып, заманауи технология мен дизайн үйлесімі арқылы жаңашыл идеялар жүзеге асырылуда. Бастауыш сынып оқушысын зерттеуге баулып, жоба құрылымы мен идеясын үйлестіруде ғылыми жетекшісі Ауелкулова Перизат Асылханқызының кәсіби шеберлігі мен ізденімпаздығы ерекше рөл атқаруда. Педагогтің сабырлы жетекшілігі мен нақты бағыт-бағдары баланың зерттеуге деген қызығушылығын оятып, жауапкершілігін арттырады.
«Балалар банк картасы» жобасының тәрбиелік мәні – қаржылық сауаттылықты балаларға түсінікті әрі қызықты тілде меңгертуде жатыр. Қаражатты саналы бөлу, қажеттілік пен қалауды ажырату, өз еңбегімен жиналған қаржыны бағалау – нағыз Адал азаматқа тән қасиеттердің алғышарты. Бұл тәсіл балаларды масылдық немесе ойланбай шашу әдетінен сақтандырып, еңбек пен жауапкершілікке негізделген өмірлік дағды қалыптастырады.
Сонымен қатар, қаржылық тәртіп пен саналы таңдау мектептегі және қоғамдағы заң мен тәртіп құндылығымен тікелей үндеседі. Өз қаражаты мен іс-әрекетіне жауап беретін бала ереже мен тәртіпті құрметтеуге де бейім болады. «Зерде» конкурсына дайындық барысындағы ғылыми жетекшінің еңбегі – заманауи білім берудегі Еңбек адамының қажырлылығы мен кәсіби жауапкершілігінің жарқын үлгісі.
Т. Тәжібаев атындағы №47 мектеп-гимназия ұжымы жас зерттеуші Дініқұл Әмина Нұрланқызы мен ғылыми жетекшісі Ауелкулова Перизат Асылханқызына «Зерде» конкурсының алдағы кезеңдерінде шығармашылық шабыт, жаңа жетістіктер және толағай табыс тілейді.













Comments