Жаңалықтар

 «ШЫМКЕНТ КОНЦЕРТ»: ТЕХНИКАЛЫҚ БӨЛІМІНІҢ МАМАНДАРЫ МӘСКЕУДЕ КӘСІБИ БІЛІКТІЛІГІН АРТТЫРЫП ҚАЙТТЫ

Бүгінгі таңда кез келген ауқымды мәдени шараның, салтанатты концерттің немесе театрландырылған қойылымның жоғары деңгейде өтуі сахна сыртындағы қарапайым еңбек адамдарының кәсіби шеберлігіне тікелей байланысты. Көрерменге ерекше көңіл-күй сыйлайтын әсем жарық пен дыбыс режиссурасының артында техникалық мамандардың қажырлы еңбегі мен ұмтылысы жатыр. Осы орайда «Шымкент концерт» концерттік ұйымы өз қызметкерлерінің кәсіби біліктілігін арттыруға және заманауи халықаралық стандарттарды меңгеруге айрықша көңіл бөліп келеді.

Жуырда «Шымкент концерт» концерттік ұйымының техникалық бөлімінің қызметкерлері Мәскеу қаласында ресми «MA University» оқу бағдарламасы аясында ұйымдастырылған «GrandMA3 Basic User Training» біліктілікті арттыру шеберлік сағатына қатысып, арнайы сертификаттарға ие болып оралды.

Озық технологиялар мен заманауи сахналық жарық қою пульті жүйелерін терең меңгеру мақсатында өткізілген бұл арнайы оқу бағдарламасы өте ауқымды тақырыптарды қамтыды. Курс барысында қатысушылар аппараттық құралдардың мүмкіндіктерін зерттеу, баптау және бағдарламалау, пресеттермен, тізбектермен және фазерлермен жұмыс істеу жолдары, сондай-ақ заманауи рецепттермен танысып, оларды тәжірибеде тиімді қолданудың қыр-сырын үйренді.

Халықаралық деңгейдегі оқу курсына техникалық бөлімнің мамандары Данияр Оразбаков, Нұрсұлтан Оразбаков және Кирилл Колышко қатысып, өздерінің біліктіліктерін дәлелдеді және нәтижесінде халықаралық үлгідегі арнайы сертификаттарды иеленді.

Сахна сыртындағы мамандардың білімін үздіксіз жетілдіруі – бұл тек жеке кәсіби даму емес, сонымен бірге тұтас өнер саласының сапалық өрлеуіне қосылған елеулі үлес. Заманауи жарық пен дыбыс технологияларын шебер меңгерген кадрлардың арқасында Шымкенттің мәдени өмірі жаңа қарқын алып, көрерменге ұсынылатын сахналық жобалардың деңгейі заман талабына сай жаңғырып келеді.

Бұл сияқты халықаралық білім беру жобалары мен тәжірибе алмасу курстары «Шымкент концерт» ұйымының техникалық әлеуетін айтарлықтай арттырады. Алынған білім мен жаңа дағдылар алдағы уақытта Шымкент қаласында өтетін ауқымды мәдени шаралар мен концерттік бағдарламалардың жарық және сахналық безендірілуін жаңа сапалық деңгейге көтеруге кең мүмкіндік береді.

Сахна сапасын жаңғыртып, өз ісінің нағыз шебері атанып жүрген еңбек адамдарын кәсіби жетістіктерімен құттықтаймыз!

«БІЛІМ БЕРУ МАРАФОНЫ»: КӘСІПОДАҚ БЕЛСЕНДІЛЕРІ ЕҢБЕК ЗАҢНАМАСЫНДАҒЫ ЖАҢАШЫЛДЫҚТАРМЕН ТАНЫСТЫ

Алдыңғы

ӘР ЖҮРЕКТЕ ТҰРАҚТАСЫН МЕЙІРІМ

Келесі

Оқи отырыңыз

Comments

Leave a reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *